18 қарашада төраға Нұрлан Әбдіров басшылығымен Орталық сайлау комиссиясының ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман бастаған Түркі мемлекеттері ұйымының делегациясымен кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ортсайлауком Төрағасы делегация мүшелеріне Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын, Президенттікке кандидаттарды тіркеу қорытындыларын ұсынды, сондай-ақ бүгін кандидаттар штабтарының сайлау алдындағы үгіті аяқталатынын, ал ертең тыныштық күні келетінін атап өтті.
Кездесу аясында Нұрлан Әбдіров ТМҰ өкілдерін сайлаушылар тізіміне енгізілген Қазақстан азаматтарының саны, елдегі сайлау учаскелерінің саны туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға халықаралық байқаушыларды аккредиттеу қорытындылары туралы хабардар етті.
Өз кезегінде ТМҰ өкілдері ұсынылған ақпарат үшін алғыстарын білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың өткізілген телевизиялық пікірсайыстары мен пікірталастарының ерекшеліктерін, сайлау алдындағы үгіт кезеңінің қорытындыларын, сайлау комиссиялары құрамындағы саяси партиялардың өкілдігін, сондай-ақ шетелдегі сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру жайлы сұрады.
Кездесу соңында тараптар дауыс беру күні бір-біріне өзара табыс тіледі.