Орталық сайлау комиссияның төрағасы Павлодар және Ақмола облыстарында болды

6 Қараша 2022, 14:20 1432

Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесулер өткізді

Ағымдағы жылдың 5 қарашасында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша Павлодар және Ақмола облыстарының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына инспекциялық сапармен барды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР ОСК мәлімдеді. 

Атап айтқанда, ол Павлодар облысының Бесқауға және Шідерті ауылдарындағы, сондай-ақ Ақмола облысының Малтабар және Ерейментау қалаларындағы бес сайлау учаскесінде болды. Сапар барысында Орталық сайлау комиссиясының басшысы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен жалпыхалықтық дауыс беруді дайындау және өткізу мәселелері бойынша кездесулер өткізді. Кездесулерге барлығы 80-нен астам адам қатысты. 

Уәкілетті мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының мүшелері ОСК төрағасына өңірлерде сайлаушылар тізімдері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедек азаматтар үшін сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігі үшін қажетті жағдайлар жасау, сайлау бюллетеньдерін күзету және уақтылы жеткізу туралы баяндады. 

Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына учаскелерді ақпараттық-техникалық жарақтандыру, олардың азаматтар үшін, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігі мен ыңғайлылығы, дауыс беру күні тиімді байқау үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осы мәселелердің барлығы Орталық сайлау комиссиясының алдағы отырыстарында талқыланатын болады.

EL.KZ
Бөлісу: