Орталық Азиядағы ең ірі блокчейн хакатоны Decentrathon жеңімпаздары марапатталды

20 Маусым 2023, 05:30 642

Astana Hub халықаралық технопаркінде Decentral Asia блокчейн индустриясы саласындағы ауқымды іс-шара аясында еліміздің 22 университетінің оқытушыларына блокчейн инженерия және комплаенс курстары бойынша сертификат табыс етілді. Сондай-ақ 26-28 мамырда өткен Орталық Азиядағы ең ірі блокчейн хакатоны Decentrathon жеңімпаздары марапатталды.

«Былтыр желтоқсан айында  қазақстандық жоғары оқу орындарында блокчейн технологиялары бойынша білім беру бағдарламасын енгізу туралы меморандумға қол қойдық. Бүгінде оқытушылар дайын, университеттерде курс қыркүйек айында басталады. ҚР ЦДИАӨМ және ҚР ҒЖБМ, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамына, университет басшылығына және Binance компаниясына осы бастаманы қолдағаны үшін алғыс айтамын», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

University Outreach Program блокчейн саласындағы академиялық бастама аясында еліміздің 22 жоғары оқу орнының 350-ден астам оқытушысы сертификатқа ие болды. Олар екі бағдарлама бойынша 14 апта бойы кешенді оқытудан өтті: engineering және compliance. Мұндай академиялық курс ұлттық деңгейде әлем бойынша алғаш рет өтуде. 2024 жылға қарай бүкіл ел бойынша 40 мыңнан астам студентті қамту жоспарланып отыр.

«Осы уақыт ішінде біз тек білім мен тәжірибелік дағдыларды игеріп қана қоймай, командаларға бірігіп, кейс жасап, жобалар қорғадық, басқа университеттердің оқытушыларымен достастық. Бакалавриат және магистратура деңгейіндегі білім беру бағдарламаларымызда блокчейндік инженерия пәндерін әзірледік, қазір бағдарлама жаңартылуда. Біз осы бағыттар бойынша жас мамандар дайындауға әзірміз», - деді Мәдина Мансұрова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жасанды интеллект кафедрасының меңгерушісі.

Ел бойынша дарынды Web3 энтузиастары үш күн бойы блокчейн шешіміне арналған өнімдердің прототиптерін әзірлеген ең ірі көп локациялы Decentrathon хакатонының нәтижелері бойынша алматылық Арман Серғазин жеңімпаз деп танылды, ол $5000 алды. Екінші орын және $3500 Астана қаласының Kumys-coin командасына бұйырса, үшінші орын мен $1500 Павлодар қаласының Undefined командасы алды.

Жалпы, хакатонға қатысқан 250 команданың 40-ы өз жұмысын тапсырды. Бұл өте жоғары көрсеткіш, өйткені, ұйымдастырушылардың айтуынша, тапсырмалардың күрделі болғаны сонша, 10 жұмыс тапсырылса да, өте жақсы болар еді.

Decentral Asia барысында әртүрлі тақырыптар талқыланды - цифрлық валюта, орталықтандырылмаған қаржы, крипто қылмыстарымен күрес және блокчейн бизнес үлгілерін сақтау.

«Қазақстандықтардың блокчейн саласындағы әлеуеті зор. Мемлекет басшысы мен үкімет бұл саланы қолдап отыр. Қазақстан - аймақтағы крипто ойыншылары үшін лицензиялау режимін орнатқан бірінші мемлекет. Цифрлық даму министрлігі цифрлық активтер туралы заңды әзірледі, ал АХҚО ағылшын құқығын белсенді түрде дамытуда. Және осы факторлардың барлығы адами капиталды дамытады, елімізге инвестицияларды, компанияларды, кәсіпорындарды тартады. Сондықтан Қазақстанның аймақтағы көшбасшылығын сақтайтынына сенімдімін, өйткені адами капитал – мықты бәсекелестік артықшылық», - деді Жаслан Мәдиев, Binance Қазақстан басшысы.

Еске салайық, Decentral Asia блокчейн индустриясы саласындағы ауқымды шараның ұйымдастырушылары – Astana Hub халықаралық технопаркі, Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы және Blockchain Center.

Перизат Саденова
Бөлісу: