Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығы нығайып келеді. Бұл туралы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қайрат Сарыбайдың сөзінше, бүгінде АӨСШК-ге 28 мемлекет мүше болып отыр, олар Азияның тілдік, мәдени, діни және саяси алуан түрлілігін көрсетеді.
Осы айырмашылықтарға қарамастан, өңір елдерін егемендік теңдігі мен инклюзивтілік қағидаттарына негізделген диалогқа, қауіпсіздік пен ортақ даму жолындағы ұмтылыс біріктіреді. Бұл ұмтылыс консенсус тетігі арқылы жүзеге асып келеді, – деді ол.
Бас хатшының айтуынша, Орталық Азия Азия құрлығының ортақ қауіпсіздігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл өңірдің географиялық орналасуымен байланысты. Сонымен қатар, өңір елдері өзекті күн тәртібін қалыптастырып қана қоймай, өзара іс-қимылдың тиімді форматын ұсынып отыр. Мұндай тәсілдер Азияның өзге мүшелері үшін де үлгі бола алады.
Мысалы, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшыларының Худжандтағы тарихи кездесуі – маңызды оқиға. Бұл кездесуде үш ел шекараларының түйісу нүктесі белгіленді. Бұған дейін көрші мемлекеттер арасында ұзаққа созылған, бірақ нәтижелі делимитация және демаркация үдерісі жүрген болатын, – деді Қайрат Сарыбай.