Орталық Азия елдері арасындағы сенім мен қарым-қатынас нығая түспек – сарапшы

8 Тамыз, 22:47 1295

Бүгін елімізге Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшылары келді. 9 тамызда Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуі өтетіні белгілі. Бұл көпжоспарлы ынтымақтастықтың одан әрі дамуын айқандайтын өңірдің дамуы үшін маңызды іс-шара болады деп күтілуде. Осы орайда Аманат партиясы қоғамдық саясат институтының сарапшысы Жансая Нұралиева аталмыш кездесудің аймақтық қарым-қатынасты нығайтуда қандай рөл атқаратынын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сарапшының айтуынша, халықаралық саясат аренасында алпауыт елдердің Орталық Азия елдеріне деген назары күшейген.

Консультативтік кездесулер өткізу Орталық Азия өңірінің кеңістігіндегі интеграциялық процестердің негізі. Соңғы кезде геосаяси шиеленіс күшейген сайын уақыт өте халықаралық қоғамдастық тарапынан Орталық Азия елдеріне деген қызығушылық артып келеді. Осыған байланысты біздің аймақ үшін өз мүдделерін қорғау және ортақ мәселелерді шешу маңыздылығы арта түседі. Өңір мемлекеттері басшыларының кездесулері Орталық Азия елдері арасындағы сенім мен достық қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі және оларды ажыратуға ұмтылатын бөгде күштерге қарсы тұруға ықпал етеді, - дейді Жансая Нұралиева.

Орталық Азия мемлекеттерінің сауда-экономикалық байланысы нығайып, гуманитарлық саладағы мәселелердің шешімін бірге іздеп, өзара іс-қимылды кеңейту жоспарланып отыр.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алдағы саммитінің маңызды аспектісі өңірдегі кооперацияны дамыту, тұрақтылық пен қауіпсіздік, оның ішінде сауда-экономикалық әріптестік, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылау секілді бірқатар мәселелерді қамтиды. Басқаша айтқанда, елдердің саяси ғана емес, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық, экологиялық, су-энергетикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылы да кеңейіп келеді. Тек соңғы 10 жылда өңіраралық ішкі сауда 2,5 есе өсіп, 11 миллиард долларға жетті. Мұның бәрі өңір елдерінің  ынтымақтастығы сапалы жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді, - дейді Жансая Нұралиева.

Айта кетейік, Орталық Азия елдері көшбасшыларының мұндай форматтағы кездесулері 2018 жылдан бастау алған. Кездесу жалпы сын-қатерлерді шешу үшін бірлескен іс-қимылдарды қабылдап, өңірлік ынтымақтастық пен дамудың сындарлы алаңы бола отырып, дәстүрге айналды. Ал алғашқы кездесу елордамызда өткен болатын. 

Зарина Арман
Бөлісу: