«Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамыту стратегиясы қабылданады – сарапшы

9 Тамыз, 17:35 501

Бүгін ел астанасында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі өтіп жатыр. Бұл басқосуға Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікістан, Түркіменстан мемлекеттерінің басшылары келді. Мемлекет басшылары Орталық Азия елдері арасындағы сауда-логистикалық қарым-қатынасты нығайтып, экология мен қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелердің шешу жолын қарастырады. Сыртқы саяси зерттеулер институты Талдау және болжамдау тобының басшысы Әмір Башбаев кездесудің негізгі мақсатын түсіндіріп, қандай мәселелерге басымдық берілетінін айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда Орталық Азия маңызды геостратегиялық орын ала отырып, көптеген табиғи ресурстарды, перспективалы экономикалық әлеуетті және жоғары адами капиталды иеленіп әлемнің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жылдан астам уақыт ішінде ОА мемлекеттерінде болашақ өңірлік трансформацияның негізін қалаған түбегейлі саяси және экономикалық оқиғалар орын алды. Осы ретте жоғары деңгейдегі бесжақты кездесулердің тетігі өңір елдерінің саяси әріптестігінің жаңа деңгейге шығуының айқын көрінісі болып табылады. Қазіргі геосаяси жағдайда өңірді дамытуда жаңа тарау ашуға арналған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуін өткізудің маңызды қорытындысы «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамыту стратегиясын қабылдау болады. Алдағы онжылдықтардағы дамудың негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын бұл тұжырымдамалық құжат Орталық Азия бестігінің ынтымақтастығы мен ықпалдастығын тереңдетуге, ОА-ның халықаралық субъективтілігі мен ерекше өңірлік бірегейлігін қалыптастыруға, сондай-ақ берік бейбітшілік пен тұрақтылық, өзара қолдау, мәңгілік достық және бірлескен өркениеттік даму жағдайында өңірдің қауіпсіздігі мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған, - дейді Талдау және болжамдау тобының басшысы.

Әмір Башбаевтың айтуынша, консультативтік кездесулер форматының табысты қызметі үшін «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы» шарттың күшіне енуі бастапқы негіз болады. Осыған орай Астана саммитінің қорытындысы бойынша ОА-ның барлық елдері үшін осы тарихи шартқа қол қою рәсімі аяқталып, оның күшіне енуі күтілуде.

Мемлекет басшыларының VI Консультативтік кездесуі барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға үлкен мән берілмек. Өңірлік экономикалық кооперация Орталық Азияның бес елінің ұлттық экономикаларының өсуінің негізгі көздерінің біріне айналуы мүмкін. Аймақ көшбасшылары - Қазақстан мен Өзбекстан - экономикалық күн тәртібін ілгерілетуде. Бұны Өзбекстан президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары, сондай-ақ екі мемлекет басшыларының жеке кездесу барысында неге назар аударғандары да айғақтайды: барлық құжаттардың 95% - ы экономикалық байланыстар мен өңір ішіндегі сауданы дамытуға арналған. Осылайша, Қазақстан мен Өзбекстан 4,4 млрд долл. сомасына 34 инвестициялық жобаны және 2,6 млрд долларлық 7 сауда келісімшартын іске асыруды ұйғарды. Шекара маңындағы ынтымақтастық – екі елдің шекарасындағы индустриялық аймақты дамыту да талқыланды. Бұл тәсілді Орталық Азияның басқа көршілес елдеріне де тарату көзделіп отыр. Атап айтқанда, Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада осындай аймақты құру талқылануда, болашақта өзбек-тәжік шекарасында да осындай аймақтың қалыптасуы жоққа шығарылмайды, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін, атап айтқанда, бұл үшін қандай үйлестірілген шаралар қабылдау қажеттігін талқылайтын болады. Орталық Азия елдерінің көшбасшылары бес мемлекет арасында талдау және деректер алмасу жөніндегі бірыңғай ақпараттық платформаны қалыптастыра отырып, 2030 жылға дейін Орталық Азияда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен стратегиялық жоспарды әзірлеу туралы қазақстандық ұсынысты қарастырады.

Кездесудің басты назарында өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көліктік-логистикалық дәліздерді дамыту, су-энергетикалық проблемаларды реттеу және тағы басқа мәселелер болады.

Бұл ретте Қазақстан Орталық Азияда «бейбітшілік бәрінен жоғары» қағидатына негізделген бірыңғай қауіпсіздік жүйесін құруды ұсынады. Әңгіме халықаралық жағдайдың турбуленттігін ескере отырып, аймақтағы ішкі тұрақтылықты, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту туралы болып отыр. Осы мақсатта Өңірдің қауіпсіздік тәуекелдері мен олардың алдын алу шараларының каталогын әзірлеу ұсынылады, - дейді Әмір Башбаев.

Айта кету керек, соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық деңгейі едәуір өсті, өңір ішінде де, "С5+1" форматында да өзара іс-қимыл динамикасы артты.

Өңірлік қарым-қатынастардың басымдығы артып, әріптестіктің жаңа белестеріне қол жеткізілді. Осылайша, Қазақстан Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттар жасап, кеңейтті. 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Орталық Азия елдері көшбасшыларының Консультативтік кездесулері тұрақты сипатқа ие болды. Бүгінгі таңда бұл формат ортақ сын-қатерлерді шешу үшін бірлескен іс-қимылдар қабылдау арқылы өңірлік ынтымақтастық пен дамудың сындарлы алаңына айналды. Орталық Азия бестігінің өзара іс-қимылының үдемелі дамуымен жоғары деңгейдегі жыл сайынғы кездесулердің жұмыс органын ұйымдастыру мәселесіне кез келді. Бұл табиғи-климаттық өзгерістер, су ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, атмосфераға зиянды шығарындыларды қысқарту, экологияны сақтау, жаңартылатын энергия көздеріне көшу, халықаралық көлік дәліздерін дамыту және тағы сондай сияқты жаһандық мәселелердің өңірге ықпалын күшейту жағдайында әсіресе өзекті болып отыр, - дейді Сыртқы саяси зерттеулер институты Талдау және болжамдау тобының басшысы Әмір Башбаев.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: