ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ 10 КИЕЛІ ОРНЫ

22 Желтоқсан 2018, 12:37 6465

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық бірлік нышаны ретінде қоғамдық өмірде ерекше маңызға ие киелі орындар бар. Олар – халық арасында ерекше құрметке ие мәдени мұра ескерткіштері. Атап айтсақ, зайырлы және діни сәулет өнері нысандары, табиғи ландшафт ескерткіштері, сонымен қатар, маңызды тарихи оқиғалармен тығыз байланысқан тарихи құндылыққа айналған нысандар бар. Барлығын тізіп шығу мүмкін емес шығар, сірә. Себебі, елімізде тұратын әр ұлыс үшін, тіпті, әр адам үшін аса құнды, ерекше ілтипатпенен қабылданатын нысандар мен орындар баршылық.

«Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы осындай бірегей орындардың оншақтысын жіктеп алыпты. Орталық сарапшыларының пайымынша, олардың барлығы ерекше қасиетті орындар.

 

ҰЛЫТАУ, ӘУЛИЕТАУ ШЫҢЫ (АҚМЕШІТ)

Әулиетау (Ақмешіт) - Ұлытаудың ең биік шыңы. «Ұлытау» дегеннің өзі «Ұлы», «Биік» деген мағынаны білдіреді. Алайда, бұл таулардың өзі, ғылыми тұрғыдан алып қарағанда, іс жүзінде соншалықты биік емес. Сондықтан «Ұлытау» атауы киелі, қасиетті деген мағынада. Қазақ мемлекеттілігі үшін бұл өлке шынымен де үлкен маңызға ие. Мемлекеттілігіміздің кіндігі десек те артық айтқандық емес. Осы өлкеде ежелден бері көшпенділердің көптеген қасиетті нысандары сақталған. Әулиетауда бірсыпыра көне қорымдар бар. Аңыз бойынша ежелдегі Заратустра пайғамдар осы өлкеде дүниеге келген деседі. Орта ғасырларда бұл өңірде Жошы хан, Алаша хан, Тоқтамыс хан, Едіге би және басқа да есімі жер жарып, жаһанға тараған бабаларымыз жерленгені ғылыми ізденістермен дәлелденіп отыр. Тарих халықтың жадында, ал, көшпелі халықтың өскелең ұрпағы сол тарихты үнемі естен кетірмейді. Осы қасиетті таулар – еліміздің тарихын өз қойнауында сақтап келеді. Ұлытау – этникалық ескерткіш. Жер де, халық та ешқашан қартаймайды. Қазақ халқының тарихында, тіпті, көне түріктердің мемлекеттілігінің тарихында бұл өлкенің орны бөлек. Айрықша. Алты алаштың басын қосқан Ұлытау. Бүгінгі елдігіміздің негізі осы жерде қаланып, мемлекетіміздің кіндігіне айналды.

Елдігіміздің қалыптасу тарихын, мемлекетіміздің құрылу тарихын Ұлытаудан ажырату мүмкін емес. Бұл таулар қазақ мемлекеттілігіндегі барлық тарихи маңызды кезеңдерге куә болған. Сондықтан болар, «Ұлытау» деп аталып кеткен. Шынымен де «Ұлы» өлке. Әулиетау шыңынан 40-60 шақырым айланасында тоғыз бірдей хан ордасы тігілген деседі. Айрықша өлкені айналып, сызып қойғанындай. Халықтың ауыз әдебиетінде Ұлытау Сарыарқаның ең биік нүктесі, арқаның нағыз кіндігі дәл осы жерде деген аңыздар жетіп артылады. Кейбір аңыздарға сүйенсек, Әулиетау шыңы аспанға тіреледі. Оның шоқтығы Жер мен Көк түйісетін орын. Ежелден осы тау киелі жер, Құдай мен аруақтардың мекені саналатын. Бұл тауды перілер жақсы көреді деседі. Сондықтан болар, осы аймақ Жаратушыға тағзым ету өлкесі, Табиғат ана адам баласын алақанына салып, аялайтын, мәпелейтін жері деген ұғым қалыптасқан. Ежелде бұл өңірді мекен еткен халық, көнеден санасында қалыптасқан, болмысына сіңіп кеткен себептермен киелі жер етіп таңдаған болар. Ерте заманнан-ақ Ұлытауда өзіндік бір ерекше қасиетті заңдары орнап, осы талаптар бойынша өмір бірқалыпты жалғасып келеді. Бағзы заманнан бұл өңірді Жаратушыға тағзым ету орны деп белгілеп, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз Әулиетауға түрлі рәсімдерді өткізуге келетін болған. Бұл дәстүр осы күнге дейін жалғасып келеді.

 

ЕДІГЕ ШЫҢЫ

Едіге шыңы Ұлытау ауылынан батысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның төбесінде Алтын Орданың атақты билеушісі Тоқтамыс хан жерленген. Сонымен қатар Едіге шыңында орта ғасырларда аса зор беделге ие болып, әділ, әрі шешен би Едігенің моласы да бар. Сондықтан да тауды Едіге шыңы деп атап кеткен халық. Едіге Тоқтамыс ханның замандасы болған. Хан кеңесшісі болыпты деседі. Ал, Тоқтамыс 1380-1395 жылдар аралығында Алтын Орданы билеген. Ол кезде Ұлы даланың ең ірі, әрі үлкен саяси маңызға ие қалалары Сауран мен Сығанақ болыпты. Тоқтамыс ханның күшейіп, Еділ мен Жайық арасындағы аумақты басып алған кездері. Сол өлкеде Тоқтамыс хан мен Едіге би Ноғай Ордасын құрған. Алтын Орданы ішкі жанжалдар жан-жаққа бытыратып, әр ұлыстың көсемі жеке өзі билеуші болғысы кеп, хан билігіне бағынбай, сес көрсетіп жүрген заман. Сол кезде Едіге би Ноғай Ордасын нығайтып, халқын жұмылдыра біліп, үлкен саяси күшке айналдырған. Елдіктің, мемлекеттің қуаты халық бірлігінде екенін жақсы түсінген. Қазақ, қарақалпақ және башқұрт халықтарының ауыз әдебиетінде дәл осы Едіге би Ноғай Ордасының негізін қалаушысы әрі билеушісі болып суреттеледі.

Алтын Орда саяси дағдарысқа ұшыраған жылдары (1410-1412 ж.ж.) Едіге билігінен айырылады. 1419-шы жылы Сарайшық қаласының түбінде болған шайқаста Едігені Тоқтамыс ханның ұлы Қадырберді өлтіріпті. Содан бидің денесі Ұлытауға жеткізіліп, осы шыңның төбесінде жерленген деген деректер бар. Тіпті, моласына тас қойылған екен. Содан бері осы тау «Едіге шыңы», «Едіге моласы» деп аталады. Едігенің кіндік қаны тамған жері де Ұлытау. Нақтырақ айтқанда, Кішітау деген жер. Бала кезінен зерек, алғыр, қайсар болып өскен екен. Ауыз әдебиетінде сақталған аңыздарға сүйенсек, оның өжеттілігін, табандылығын, даналығын және көрегенділігін аңғаруға болады. Оны әрдайым нағыз батыр ретінде сипаттаған. Шынымен де көсем, шешен, әділ де дана би болған екен. Халықтың ауыз әдебиетінде мынадай өлең жолдары бар:  

«Едіге деген ер екен, Елдің қамын жер екен.
Ел шетіне жау келсе, мен барайын дер екен»

Ғасырлар бойы Ұлы даланың тарихында, халқымыздың тағдырында шешуші роль атқарған аса маңызды тарихи оқиғалар осы Ұлытауда болған. Осы өңірде ақ киізге отырғызып, хандарды сайлады. Хан ордасының өзі осы Ұлытауда тігілген. Аңыз бойынша Асан Қайғы бабамыз да Жерұйығын дәл осы Ұлытауда тапқан деседі. Алтын Орданы билеп, жаһанды дүрліктірген Тоқтамыс хан мен оның замандасы Едіге бидің жандары осы жерде тыныштық тапты. Айта кету керек, олардың есімдері Алтай, Орал, Кавказ, Қырым, Өзбекстан халықтарының ауыз әдебиетінде, эпостарында көптеп кездеседі. Таяуда да ғана, 1954 жылы дүние салған қазақ даласының танымал ақын-жыршысы Мұрын-жыраудың «Қырымның қырық батыры» циклындағы «Тоқтамыс» пен «Едіге» эпикалық поэмалары да әдебиеттанушыларға жақсы таныс. Орыстың этнограф-ғалымы Григорий Потанин де Едіге би туралы тарихи деректер жинаған. Оның тұсында Ноғай Ордасының дәурені жүріп, халықтың әл-ауқаты арта түскен деген мәлімет жинапты. Әлкей Марғұлан ағамыз да араб жазушысы Ибн Арабшахтың еңбектерінде Едіге би туралы көп мағлұмат тауыпты. Бидің ұрпақтары Құмкентте тұрады деген деректерді Әлкей Марғұлан тапқан еді.

 

АЛТЫН ШОҚЫ

Алтын шоқы – Қарағанды облысындағы Ұлытаудағы таулардың бірі. Бұл тауды әйгілі Ақсақ Темірдің (1336-1405) есімімен байланыстырады. Аңыз бойынша, Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шыққан Ақсақ Темір осы Ұлытауға дейін келіп, Алтын шоқы шыңында тастан қашалған үлкен ескерткіш орнатуды тапсырыпты. Кейбір деректерге сүйенсек, 1391-ші жылдың тамыз айында Ақсақ Темір 200 мың сарбазы бар әскерімен Сарыарқаның қақ ортасына дейін, Ұлытауға жеткен. Мәуереннахр әмірі Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа шығып, Бетпақдала шөлінен өткен. Сол шөл даладан кейін арқа төсіне жетіп, Жошы ханға тиесілі ұлыстың табиғатына тәнті болған Ақсақ Темір, самал жел соққан, жанға да, малға да жайлы өлкеде бірнеше күн тынығып алуды жөн көреді. Ұлытаудың жайлығына тәнті болған билеуші бір төбенің басына тастан қашап, ескерткіш орнатуды тапсырады. Сол тасқа арнайы жазу қалдыртыпты. Бұл тарихи оқиға туралы деректер алғаш рет алты ғасыр өткен соң ғана анықталды. 1935-ші жылы, танымал қазақ ғалымы, геолог, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ғылым Академиясының ең бірінші академигі Қаныш Сәтпаев ағамыз Орталық Қазақстанға жасаған экспедиция кезінде осы ескерткішті тауып алған. Үлкен тастан жасалған ескерткішті Ұлытау ауданының Ақшоқы деген жерінен тапқан. 1941-ші жылы Қаныш Сәтпаев «Жезқазған ауданындағы тарихи ескерткіштер» атты мақаласын жариялады. Бұл мақала 1989-шы жылы «Ғылым» баспасының «Ғылым және мәдениет туралы таңдаулы мақалалар» жинағына енген. Сол мақалада былай деп жазылған: «Езді мәліметінше, Ақсақ Темір Ұлытаудың төбесіне шығып, айналадағы, қалың көк шөбі теңіздей жайқалған даланың көркіне көзі тоймай, ұзақ қарап отырыпты. Ақсақ Темір бұл жерде бір күн бойы тынығып, кейін өзі бастап келген әскерге тапсырма береді. Әрбір сарбаз бір тастан әкеліп, таудың басына үйюге тиіс болады. Сөйтіп, үлкен пирамида пайда болды. Тасқа шебер ұсталар сол бақытты күнді қашап жазған екен. Бұл күн тарихта мәңгі қалсын деген ниетпен». Ескерткіш Ұлытау тауларының солтүстік-батыс жағында, Жезқазған-Арқалық автомобиль жолынан батысқа қарай 90 шақырым жерде, Саят ауылынан 80 шақырым батысқа қарай қашықтықта орналасқан. Оның биіктігі – 50 метр. Алтын шоқының басты ерекшелігі – оның төбесінде пирамида тәріздес жиналған тастар үйіндісі.

Ақсақ Темір 200 мың сарбаздың әрқайсысына Алтын шоқы басына бір-бір тастан көтеруді бұйырған. Түбінде балқыту пешін салғызып, жақын маңдағы өзен бойынан шіңгіл шауып, сол жиналған тастарды балқытқызған деседі. Ал, сол тасқа қашалған жазу қазіргі қазақ тіліне ұқсас көрінеді: «Тарихтан жеті жүз тоқсаныншы Қой жылы. Жазғы шілде айы. Тұран сұлтаны Темірбек, 200 мың әскерменен Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа шықты. Осы жерден өтіп бара жатып, осы жазбаны қалдырды. Жаратушы, қолдаушысы болсын! Бұйырса, барлық адамдар оның істеген істерін, естерінде сақтап жүрсін!» деген тілек жазылған екен.

Осы тарихи жәдігердің табылуына бірсыпыра уақыт болса да, әлі күнге дейін сол материалдың құрылымы белгілі болған жоқ. Кейбір деректер бойынша, жазу метеорит тасына қашалған көрінеді. Жәдігердің өзі Санкт-Петербордың мұражайында сақталған. Бұған дейін тас плитасы үлкен үңгірді жауып тұрған, ал, сол үңгірде кірпіш күйдіретін пеш орнатылған екен. Қазір Алтын шоқы төбесінде сол тастың толық нұсқадағы көшірмесі орнатылған. Оған да Ақсақ Темір қалдырған жазба қашалып жазылған.

 

ТЕРЕКТІ ӘУЛИЕ ПЕТРОГЛИФТЕРІ

Қарағанды қаласынан 445 шақырым жерде Теректі ескерткіші бар. Жезқазған қаласы жағынан барсаңыз, шамамен 90 шақырым жүру керек. Теректі әулие – тарихи-археологиялық кешен. Ол тасқа қашалған суреттер «петроглифтер» галереясынан тұрады. Бұл суреттер неолит дәуіріне жатады. Бірақ, бұл жердің тарихи-мәдени құндылығы тек суреттерде ғана емес. Бұл жерді ежелгі адамдар мекен еткенін дәлелдейтін жәдігерлер жеткілікті. Неолит дәуіріне жататын тұрақтардан бөлек, қола дәуіріне жатанын қорымдар да баршылық. Ерте темір дәуіріне жататын қорғандар, тік және көлденең шахталардың қалдықтары да бар. Яғни, бұл өңірде кен және түрлі минералдар өндірілгенін дәлелдейтін тарихи айғақтар шоғырланған.

Сол айғақтардың бірегейі – ол, әрине, тасқа қашалған суреттер, «петроглифтер». Тастарда екі өркешті түйелер, бұқалар, ешкілер, бұғы, жылан және жыртқыш аңдардың суреттері бейнеленген. Бірақ, көбінесе мұнда жылқы суреттелген. Демек, ерте заманда жылқы, қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін тағы бір айғақтаса керек. Сонымен қатар, екі ат жегілген арбалардың суреттері де бар.

Суреттердің ерекше санатына түрлі геометрикалық фигуралардың бейнесін жатқызуға болады. Кейбір оюлардың өзіндік мағынасы болғанға ұқсайды. Мәселен, тастарға кесе тәрізде ойықтар қашалған. Олар майшам жағуға пайдаланылуы ықтимал. Яғни, Теректі әулие құдайға құлшылық ету немесе құрбандық шалу орны болуы бек мүмкін. Негізі Теректі әулие туралы көптеген аңыздар бар. Мәселен, бірінде былай делінген: «Ерте заманда бір данагөй кісі, осы жерге келіп, тыным тапқан екен. Бір-біріне жапсарлас жатқан тастар оны сүйектен өтетін желден, ал, олардан түсетін көлеңке аптап ыстықтан қорғайды. Жақын маңдағы бұлақтың суы шөлін қандырады». Содан бері халық бұл жерді киелі жер деп санайтын болыпты. Ал, осындағы бұлақтың суы емдік қасиетке ие деген сенім пайда болады.

Теректі әулие – бұл аса үлкен археологиялық кешен. Көне суреттердің, ежелгі адамның сурет өнері жәдігерлерінің баға жетпес қазынасы. Бір қызығы, осы жердегі тастарға қашалған петроглифтер үш төбенің басында бір ізбен, бір сұлбамен салынғандай. Неолит және энеолит дәуіріне жататын тұрақтар Ұлы даладағы адамзат тарихынан көптеген мағлұмат береді. ХХ ғасырдың 40-шы жылдары жүргізілген Орталық-Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі, академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан Теректі әулиенің алғашқы ғылыми сипаттамасын жасаған болатын. Шамамен он жылдан кейін, елуінші жылдары академик аталған петроглифтерді зерттеуді қайта жалғастырады. Алайда, Теректі әулие жерінде әлі талай тарихи құпия сақталғаны хақ.

1990-шы жылдары З.С. Самашев жетекшілік еткен экспедиция атақты археологиялық ескерткіштерге кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал, 2000-2004-ші жылдары Қазақстанның танымал археолог ғалымдары Канада және Италия мамандарымен бірлесіп, Теректі әулие петроглифтерінің кешенді зерттеуін қолға алды. Сонымен қатар Талдысай тұрағы мен Айбас-Дарасы мәдениетіне жататын қола дәуірінің бірнеше қорымдарына да зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы зертеулердің арқасында Теректі әулие жерінде орналасқан тарихи жәдігерлер әлемдік деңгейде танылып, адамзат тарихындағы тағы бір ақтаңдақ бетін ашуға мүмкіндік берді.

 

КИЕЛІ ДОМБАУЫЛ ЕСКЕРТКІШІ

Домбауыл кесенесі, көптеген ғалымдардың ортақ пікірінше, Орталық Қазақстандағы ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі. Сонымен де ерекшеленеді. Бірқатар деректерге сүйенсек, бұл кесене, тіпті, ғұндар заманында тұрғызылған. Сонау ерте заманда ғибадатхана ретінде пайдаланылған көрінеді. Кесене Қаракеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ғимараты биіктігі бес метрден асатын шошақ пішінді төртбұрышты негізге қойылған, тас плиталарынан құрылған. Астыңғы қабаты шаршы пішіндес, үстіне киіз үй тәріздес күмбез салынған. Есігі сопақшалау етіліп, оңтүстік-шығыс жақтан шығарылған. Бұған жалпы биіктігі 1,2 метр болатын төрт баспалдақ арқылы кірелі. Кешеннің еденіне тас аралас тапырық жайып, оның үстіне жалпақ тақта тастар төселген. Қабырғалары 3 метрге көтеріліп барып, көлденең бөренелермен жабылған. Бұлардың барлығы тас қалаудың қола дәуірінен бергі ежелгі дәстүрінен алынған. Осы дәстүрді кешеннің төбесін жабу кезінде де қолданған. Кешен ұзақ уақыт жақсы сақталып, бертін келе біршама қираған. Ескерткіштің дәл мерзімін анықтайтын дерек әзірге жоқ. Қазақстан жеріне тән сыртқы тұрқына қарап, ғалымдар оны ислам діні дендеп ене қоймаған кезеңге жатқызады. Аңыз бойынша бұл кесене ұлы сазгер және жауынгер Домбауыл құрметіне салынған екен, ал ол кісінің өзінің болғаны тарих пен мифпен (ертегі-аңызбен) ұштасады. Мәселен, ауыз әдебиетте Сыпыра жырау туралы мағлұмат бар. Кейбір деректерге сүйенсек, Сыпыра жырау 120 жас, немесе 180 жас жасапты. Оның Тоқтамыс ханға айтқан толғауын, қазақтың ауыз әдебиетінде былай деп жеткізген:

Мен қартыңмын, қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын.
Бастыққа бастық, Бастық хан
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Кедей хан,
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Ала хан,
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Қара хан,
Оны көрген кәріңмін.
Құлағы шұнақ Хазар хан
Оны көрген кәріңмін.
Он екі тұтам оқ атқан, 
Одан соңғы ер Шыңғыс
Оны көрген кәріңмін.
Мұнарасы қырық құлаш
Өзден сұлтан Жәнібек
Оны көрген кәріңмін.
Ұлы бабам Домбауыл
Соны көрген кәріңмін.
Жүз сексенге келгенде, 
Сонша хандар өткенде
Жас та болсаң, Тоқым хан,
Сені көрген кәріңмін.

Осы толғауды зерттеген мамандар Домбауыл негізінен фольклорлық кейіпкер деген жорамал жасайды. Алайда, кейбір ғалымдар оны Жошы ханның серігі болған деген пікірде. Бұл нұсқаны Жошы хан кесенесінің жақын маңда орналасқаны да айғақтаса керек. Дегенмен, сондай кейіпкер тарихта болғанына күмән келтіруге болмас. Себебі, мұндай сәулет өнері ескерткішінің адамның атымен аталуы да кездейсоқтық емес шығар...

 

ЖОШЫ ХАН КЕСЕНЕСІ

Моңғол дәуіріне жатқызылатын Жошы хан кесенесі ХІІ-ХІІІ ғасырларда тұрғызылған. Бұл сол дәуірді сипаттайтын ең құнды әрі танымал ескерткіштердің бірі. Кесене Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан. Тұрған жері Жезқазған қаласынан солтүстк-шығысқа қарай 50 шақырымда. Қаракеңгір өзенінің сағасында, оң жағалауынан 2 шақырым жерде. Қарағанды облысы Малшыбай аулының маңайында. Кесене 1227-ші жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының бейітінде тұрғызылған деген деректер бар. Сонымен қатар, бірқатар мәліметтер бойынша, оны XIV немесе XV ғасырда Жошы хан ұрпақтарының бірі салғызған деген әңгімелер айтылады.

Кесене жобасы тік бұрышты. Көзге айрықша түсетін нәрсе – салтанатты порталы. Оның маңдай алдын сүйір арка түрінде шығарып, екі жақ босағасын үстіңгі салмақты еркін көтеріп тұру үшін мейлінше берік етіп тұрғызған. Кесененің күмбезі де ерекше салынған. Ол екі қабатты. Биіктігі 7 метрді құрайтын ішкі күмбездің салмағын «жалған еңсе» шығару тәсілімен белдеулерге жайса, сегіз метрлік сыртқы күмбезді он жеті қырлы барабанға отырғызған. Ішкі күмбезден шығарылған түндік сыртқы күмбезді орнатқан кезде жабылып қалған. Күмбездің сырты көк бояумен боялған. Ғасырлар өтсе де сол бояу жоғалған жоқ. Жарық кесененің екі жақ бүйірінен, барабанның астынан шығарылған терезелерден түседі. Күмбез бедерлі қалақ кірпіштермен әшекейленген. Күмбезді көп қырлы барабанға орнату – оғыз, қыпшақ тайпаларына тән тәсіл. Ішкі қабырғаларында таңбадан басқа ешбір әшекей жоқ. Еденіне қалақ кірпіштер төселген.

Кесененің тұрғызылу тарихы тек ауыз әдебиетіндегі аңыздарға негізделеді. Ұлытауда Жошы ханның ордасы тігілген деседі. Хан Сарыарқа төсінде аңға шыққанды жақсы көріпті. Тарихтан білетініміз – Шыңғыс хан Еуразия құрлығының жартысын басып алғанда, жаулап алған шексіз жерлерді төрт ұлысқа бөліп, төрт ұлын, әрбір ұлысқа хан қылып қойған. Дешті-Қыпшақ даласын еншілеген Жошы хан әкесіне бағынбай кетіп, бұйрықтарын орындамады деген аңыз бар. Дүниежүзін бір сілкіндірген хан бұған дес бермей, Жошы ханға тыңшыларды жіберіпті дейді. Олар ханның өліміне әкеліп соққан оқиғаны ұйымдастырыпты. Аңыз бойынша, Жошы хан аңға шыққанда қаза тапқан. Жабайы құландардың бір үйірін қуып, сол үйірді басқарған айғырды оғымен жаралапты. Алайда, құландар қаша жөнеледі. Жошы хан артынан қуып барғанда сол үйірдің айғыры, ақсақ құлан бір сәтте кері бұрылып, ханның өзіне бас салады. Аттың үстінен жұлып алып, оң қолын шайнап тастаған екен. Дәл осы аңыз бұл кесенеде Жошы хан жерленгенін растайды. Кеңестік археологтар 1946-шы жылы кесенедегі қабірде жерленген екі мәйіттің бірін қазып алған. Оның оң қолы жоқ, ал бас сүйегі жарылған болып шықты.

Дәл осы аңыз бойынша атақты «Ақсақ құлан» күйі, тіпті, қазақ домбырасының бүгінгі нұсқасы пайда болыпты деседі. Аңыздың өзіне келетін болсақ, дүниежүзіне аты шыққан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы Дешті-Қыпшақ жерін еншіледі. Бұл қазіргі Қазақстан және бізбен шектесетін бірқатар өңірлердің аумағы. Өз ордасын Жошы хан Ұлытауда тіккен. Себебі дәл осы өлкенің жайлы табиғаты ханға майдай жаққан деседі. Сарыарқа төсінде аңға шыққанды жақсы көретін Жошы хан, саят құрып жүріп, қаза табады. Алайда, қаралы хабарды ұлы қаған Шыңғыстың өзіне жеткізуге ешкімнің батылы жетпейді. Себебі, Шыңғыс хан бір сұмдықтың болғанын сезіп, тұңғыш баласы туралы жаман хабар әкелген адамның көмейіне қорғасын құямын деп уәде етіпті. Сонда, кейбір деректер бойынша, біз жоғарыда әңгіме қылған Домбауыл ақын, ал, басқа деректерге сүйенсек, Кетбұға ақын, қайың ағашынан домбыра пішіндес аспап жасап, оған екі ішек тартып, Шыңғыс ханның алдына барыпты. Тізерлеп отыра кетіп, тіл қатпастан азалы да қайғылы әуенді тарта бастайды.

Домбыраның сиқырлы дыбыстарынан Ұлы ханның көз алдына жас ханзада Жошының аңға шыққаны, оған көктемгі көк майсада жайылып жүрген құлан үйірінің кездескені һәм ханзаданың аң аулап еліккені елестеп, тізіліп өткендей болады. Оның жабайы құлан аулап, өзін қаумалаған нөкер серіктерінен тым ұзап кеткенін сезбей қалғанын елестеткізеді. Ханзада жүйткіген құландарды өткір жебемен дәл көздеп құлата береді, оның жүрегінде бейшара жануарларға деген аяушылық болмайды. Жабайы құландар үйірінің өжет әрі күшті айғыры кенет жалт бұрылып, аңшыға қарсы ұмтылады. «Ақсақ құлан» атымен мәшһүр ол, тіпті қасқырдан да тайсалмайтын. Оның бір аяғы нақ осы сұр жыртқыштармен шайқаста зақымданған екен. Ақсақ құлан шабуылының жойқын да тегеурінді болғаны сондай, Жошы атынан ұшып түсіп, сол бойда мойыны үзіліп, жан тәсілім етеді. Қуғыннан құтылған құлан үйірі қыр асып, еркін құйғыта жөнеледі. Күйді тыңдап отырған Шыңғыс хан дәл осы оқиғаны көз алдына елестетеді.

Зарлы күйді шертіп аяқтап, жыршы үнсіз отыра береді. Бірақ Ұлы хан да, басқалар да күй тілінен болған окиғаның бәрін түсінеді: домбыра шапқан аттардың дүбірін де, әлжуаз жас құлындарды аяған құландардың беймаза үрейін де, өз үйірін қорғаған ақсақ құланның кайратын да жеткізіп айтты. Әсіресе, ақсақ құланның ханзадаға қарсы шапқан тұсын зарлата қайырды.

Ақыры, Шыңғыс хан былай деп тіл қатты: «Сен маған ұлымның қазасы жайында қаралы хабар әкелдің. Домбыраңның күйін тыңдап, бәрін ұқтым. Мұндай хабар үшін өлім жазасына лайықтысың. Бірақ өзің бір ауыз тіл қатпағандықтан, жазаны домбыраң тартсын. Оның сағағына қорғасын құйылсын!»

Осылайша Ұлы жыраудың арқасында моңғолдардың қаһарлы әміршісіне жас ханзаданың өлімі естіртіліпті. Бірақ сұмдық ғұрыпқа қарамастан, ешбір адам зардап шекпепті. Тек қаралы хабарды жеткізген домбыраның көмейіне балқыған ыстық қорғасын құйылады. Сол кезден бері домбыраның шанағында тілік тесік пайда болыпты.

Жошы хан кесенесін алғашқылардың бірі болып Шоқан Уәлиханов ғылыми тұрғыдан зерттеген. 1855 жылы жарық көрген «Қырғыз-қайсақ бейіттері және жалпы ежелгі жәдігерлер туралы» мақаласында осы кесене туралы жазады. 1868 жылы Красовский деген подполковник «Сібір қырғыздарының өлкесі» деген еңбегінде осы кесене туралы көп мағлұмат берген.

 

АЛАША ХАННЫҢ КЕСЕНЕСІ

Бұл мазарды ұсталар ХІ-ХІІ ғасырларда Алаша ханға арнап тұрғызыпты-мыс. Оның есімі қазақ халқының үш жүзінің пайда болуымен тікелей байланысты. Қазақстандағы ең атақты мазарларының бірі Қаракеңгір өзенінің сағасында, Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Малшыбай ауылының жақын маңында орналасқан.

Қазақ халқының этногенезін зерттесек, ІХ ғасырдың бірінші жартысы мен Х ғасыр көлемінде бүгінгі Қазақстан аумағын мекендеген көшпелі халық өздерін Алаш деп атаған. Алаша хан, аңыз бойынша, Ұлы далада көшіп жүрген алты негізгі рулардың басын қосып, Сарыарқада мемлекеттіліктің негізін қалаушы болған. Қазақтың ауыз әдебиетінде оны дана билеуші, қайсар батыр, әділ би, көреген саясаткер ретінде сипаттайды. Ұлттық санада Алаша хан бейнесі ерекше рольге ие. Көшпенділер оны ортақ бабамыз деп есептейді.

Рашид әд-Дин және Әбілғазы Алаша ханның тұрған өлкесі – Дешті-Қыпшақтың орталық бөлігі деп жазған. Шоқан Уәлиханов жазып алған ауыз әдебиетінің эпостарында Тұран даласының ханы Арыстан ұлды болыпты-мыс. Бірақ, туған сәбидің денесі алапесті болыпты. Хан өз ұлын жақтырмаған көрінеді. Сөйтіп, қасына бірнеше нөкерін ертіп, далаға, алысқа жөнелтеді. Денесі түгелдей алапес болғасын, баланы да Алаша деп атап кетіпті. Сыртта жүрген Алаша, есейген кезінде алғырлығымен, табандылығымен елдің көзіне түседі. Аз уақыт ішінде Алашаның жанына көптеген көшпелі тайпалар біріге бастапты. Олардың арасында үлкен беделге ие болған Алашаны хан сайлап, ақ киізге отырғызыпты деген деректер бар. Көшпенді түркілердің басын қосып, Ұлы даладағы алғашқы мемлекет – «Алашты» құрған сол данагөй алапес бала еді деген әңгімелер айтылады. «Алты алаш» - Оғыздың алты ұлынан тараған алты рулардың ортақ атауы. Алтын Орда ыдырағаннан кейін «Алаш!» көшпелі қазақтарды біріктіретін ұранына айналған.

Белгілі тарихшы Ж. Артықбаев «Қазақтардың билік басындағы үйдің» тарихына жинақталған материалдар» кітабында Алаша хан туралы көптеген аңыздарды топтастырып, ең толық әрі шындыққа жанасатын нұсқасы М. Көпеевтікі дейді. Ол «Алаша ханға дейін Қазақстан тұтас ел ретінде, мемлекет ретінде қабылданбаған. Өзге мемлекеттер көшпенділерді мойындаған жоқ. Ал, алапес баланы өзінің көсемі еткен халық жорыққа шыққанда оның есімін ұран етіп алған. Жауға шапқанда «Алаш» деп айқайлаған. Ал, шайқас даласында бұл ұранды айтпағандар жауға теңеліп, өлтірілген деседі. Көне заманнан бері біздің ата-бабаларымыз: «Алаш – алаш болғанда, Ала тай ат болғанда, Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда, үйіміз шаңырақ болып көтеріліп, Алаштың атын ұран қылып, үш жүздің баласы Қазақ атандық», - деген аңыз жазып алған. Поэтикалық киял ортасында Алаша хан бейнесі тұтас ұлт үшін аса маңызды оқиғалар ортасында жүрген ұлы тұлға ретінде есте қалған. Киелі Ұлытау жері де қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын, алғашқы мемлекеттігіміздің тарихын зерттеу үшін баға жетпес құнды жәдігерлерге бай. Алаша ханның кесенесі одан да көне қорымның үстінен салынған деседі. Бірқатар деректерге сүйенсек, бұл кесенеде Хақназар хан да жерленген көрінеді. Тіпті, Тәуекел, Едіге, Тоқтамыстың сүйектері осында жатыр деген әңгімелер бар. Ал, кесенеге жақын маңда Жошы хан, Домбауыл, Дүзен мен Ерден кесенелері тұрғызылған.

Алаша хан кесенесі Ұлы даладағы ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткішіне айналған. Орталық Қазақстандағы архитектуралық дәстүрдің қалыптасуына сеп болған. ХІХ-ХХ ғасырдың басында қазақтың ақсүйектеріне арналып салынған мазарлардың барлығы соның үлгісімен тұрғызылған. Тіпті, ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары салынған Дүзен Сандыбаев кесенесі – осы Алаша хан моласының тікелей көшірмесі деген мәлеметтер бар. Оны тұрғызған құрылысшы Серәлі Еламанұлы күн сайын салт атпен Алаша хан кесенесіне барып тұрған деседі. Сөйтіп, оның құрылымы мен ішкі қаңқасының орналасуын, салыну әдетін толық зерттеген, есіне сақтап барып, өзі де сол құрылысты қайталаған деген әңгімелер бар.

 

ЖҰБАН АНА КЕСЕНЕСІ

Жұбан ана (Жуан әулие) кесенесі – ХІ ғасырда тұрғызылған тағы бір бірегей сәулет өнерінің ескерткіші. Ол Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында, Сарысу өзенінің оң жағалауында орналасқан. Кесененің ерекшелігі оның салыну әдісінде. Шебер нақты инженерлік жаттығуларды орындап, аса күрделі құрылыс әдістерін қолданып, осы нысанды тұрғызған. Құрылыстың сыртқы әсемділігін, оған қоса беріктігін күмбездік-цилиндрлік жобасы қамтамасыз етеді. Қолданылған кірпіштердің барлығы біркелкі. Пішіні де, көлемі де бірдей. Демек, сол кездегі құрылыс материалдарын өндіру мәдениеті өте жоғары болғандығын дәлелдейді. Сол кірпіштерді қалау үшін қолданылған арнайы қоспаның да қасиеті ерекше. Өкінішке орай, оны дайындау құпиясы осы күнге дейін жеткен жоқ. Бірақ, материал өте берік екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Арқаның үскірген аязына, аптап ыстығына қарамастан, жаңбыр мен желге де төзген мазардың сыртқы көрінісі әлі күнге дейін жақсы сақталып келген.

Кесененің кіреберісі ұшқыр арка тәріздес, құбылаға қаратып салынған. Сәулет ескерткішінің қаңқасы күйдірілген кірпіштен қаланып, үшқабатты жүйемен нығайтылған. Осының арқасында қабылғалары берік, әрі жақсы сақталған. Ежелден бері бұл кесенені халық «Әулие мола» деп, бұл жерге зиярат етіп келген. Ауыз әдебиетінде жеткен аңыз бойынша Алтын Орда дәуірінде Сарысу өзенінің бойымен Талмас ата көшіп жүрген. Оның Желмая деген атан түйесі болыпты-мыс. Сол батыр бір түнде Жұбан ана шаңырағында қонып, кейін Сарысудың бойымен Болған ана үйіне соғып, ары қарай Белген ана шаңырағында тоқтаған деседі. Желмая Жетіқоңыр шөлейтінде желмен жарыса жүйткіп жүріп, киелі орындарға тоқтап отырған екен. Ол тоқтаған орындарда ұзақ жолға шыққандар түнеп, әйелдер ғибадат жасаған деседі. Сөйтіп, Сарысу өзенінің бойында төрт бірдей аса құнды кесене салыныпты.

Жұбан ана ескерткіші туралы жазбаша деректер П. Рычковтың «Орынбор топографиясы» деп аталатын еңбегінде жария етілген. Бұл туынды 1762 жылы жарық көрді. Атақты Шоқан Уәлиханов та 1863 жылы осы ескерткішті зерттеп, кескіндемесін қағазға түсірген деген мәлімет те бар. Қазақ Кеңес Социалистік республикасы Ғылым академиясының археологиялық экспедициясы бұл кесенені толық зерттеу жұмыстарын 1946-шы жылы жүргізеді. Ал, 1974-ші жылы мазар жан-жағынан өлшеніп, сүретке түсірілген.

Қазіргі таңда Жұбан ана кесенесі республикалық маңызға ие тарихи-мәдени ескерткіштер санатына жатқызылған.

 

АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ

Айша бибі кесенесі – ХІІ ғасырға жататын сәулет өнерінің бірегей әрі аса құнды ескерткіші. Оның Қазақстан мен Орталық Азиядағы сәулет-құрылыс мәдениетінде теңдесі жоқ. Кесене 60 түрлі ою-өрнек салынған терракот тақтайшаларымен сыртынан қапталып, соның арқасында өте әдемі әрленген нысанға айналады. Бұл ескерткіш Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Айша Бибі ауылында орналасқан. Қараханидтер дәуірінің ортағасырлық сәулет өнерінің баға жетпес туындысы. Ақыртастан оңтүстікке қарай жатқан керуен жолында бой көтерген. Мазардың құрылысы туралы нақты деректер жоқтың қасы. Бірақ, ол – қайғы мен махаббат ескерткішіне айналғаны сөзсіз. Шығыстың хас сұлуы Айша бибі мен қайсар Қараханның бір-біріне ғашық болуы туралы аңыздың кемінде 28 нұсқасы бар екен.

Айша бибі ХІ ғасырда Тұран даласына аты машһүр ғалым әрі ақын Хәкім Сүлеймен Бақырғанидің қызы болған. Әкесі қаза тапқан соң оны Айқожа шаһ тәрбиелепті. Айша көне Тараз қаласының билеушісі Қарахан Мұхаммедке ғашық болған екен. (Оның құрметіне Тараздағы Қарахан кесенесі салынған). Сол Қарахан Мұхаммед Айшаға үйленбек болып, өгей әкесінен бата сұраған, алайда, Айқожа шаһ келісім бермепті. Жас қыз өз тәрбиешісін алдап, өз еркімен Таразға, сүйіктісіне кетіп қалады. Бірақ, Таразға жете бергенде жолдан демалып, жігіттің көзіне сұлу болып көрінуім керек деп Аса өзенінің бойында тынығып алмақшы болады. Сол кезде бас киімінде жасырынып қалған жылан Айшаны шағып, оның уынан сұлу көз жұмыпты. Оның дүниеден озған жерінде кейін осындай кесене тұрғызылған деседі. Басқа бір аңызға жүгінсек, Айша сұлу Қараханның әйелі болған екен. Мезгілінен бұрын аурудан көз жұмыпты. Қайғыдан қан жұтқан Қарахан үздік ұста-шеберлерді жинап алып, әйелінің қабіріне Айшадай сұлу мазар салуды бұйырған екен.

Бүгінгі таңда Айша бибі кесенесі – бала сүюді армандайтын әйелдердің, іскер нәзік жандардың ғибадат ету орнына айналған. Олар осында аруақтардан қолдау іздеп келеді. Құран бағыштап, тағзым етіп, тілектерінің орындалуын сұрайды.

Жазбаша дереккөздерде Айша бибі туралы нақты мәліметтер сақталмаған. Мазардағы қабірді археолог ғалымдар зерттемеген. ХІХ ғасырдың өзінде кесенеге біраз зақым келген екен. Қабырғалары мен бұрыштама колонналары сақталыпты. Солардың өзінде көптеген оюмен өрнектелген әрлеу материалдары сақталған. Алайда, жартылай қираған болса да бұл ескерткіш терең әрі мағыналы сипатқа ие. Тамаша үйлесімділік пен сұлулықтың үлгісі ретінде көптеген аса құнды сәулет өнері туындыларының арасында нағыз шедевр десек артық емес. Бүгінгі таңда Айша бибі кесенесі толық қалпына келтіріліп, мемлекет қорғауына алынған.

 

БАБАДЖА ХАТУН КЕСЕНЕСІ

Бабаджа хатун кесенесі де Х-ХІ ғасырларға жатады. Бұл да дала сәулетшілерінің бірегей туындысы. Ескерткіштің пайда болуы Айша бибі кесенесінің тұрғызылуымен тығыз байланысты. Аңыз бойынша Бабаджа хатун Айша бибінің күтушісі болған. Сұлу қайтыс болғаннан кейін Бабаджа хатун оның кесенесінде шырақшы қызметін атқарады. Кейін, өзі дүние салғанда, хатунды Айша бибі кесенесінен 20 қадам қашықтықта жерлейді. Қызметіне адал болғаны үшін Бабаджа хатунға да арнап, сұлу мазар тұрғызылады. Оны кейін халық Бабаджа хатун кесенесі деп атап кеткен. Қазір осы екі тарихи-мәдени ескерткіш, әсіресе, әйелдер үшін зиярат орнына айналған. Қажылыққа жол тартқан мұсылман қауымы да осы жерлерді құрметтейді. Қазіргі таңда осы кесенелерге нәзік жандылар көп ағылады. Әйел бақытын тілеп, ұрпақ өсіруді армандайтындар осында келеді.

Ал, оның сәулеттік құндылығына келетін болсақ, Бабаджа хатун кесенесінің ең айрықша белгісі – он алты қанатты шатыр тәріздес күмбезі. Ол да он алты қанатты жұлдызша пішіндес барабанға отырғызылған. Ғалым Э. М. Бәйтеновтың пікірінше, Бабаджа хатун кесенесі Ұлы далада кездесетін шатырлы күмбезді нысандардың ең алғашқысы болуы ықтимал. Тіпті, сәулет өнерінің тарихындағы он алты қанатты күмбезі бар ең бірінші кесене болуы да ғажап емес. Он алты қанатты кұмбезі бар екінші мұндай кесене – «Манас күмбезі». Оның құрылысын мамандар моңғол дәуіріне жатқызады. Яғни, XV ғасырда салынуы мүмкін. Ол да Талас өзенінің сағасында орналасқан. Бірақ, қазіргі Қырғызстан аумағында.

«Жұмақтың кілті ананың аяқ астында», «Анаңды құрметте, анаңа жақсылық» жаса дейді дана халқымыз. Демек, ежелден бері Ұлы дала елінде ананың, әйел адамның дәрежесі өте биік болған. Әйелді сыйлау ежелден келе жатқан қасиет. Осы екі сәулет өнерінің туындылары да әйелдерге арналып салынғаны соны айғақтаса керек. 

         Асан Ахметжан

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: