Ортағасырлық Қойлық шаһары

28 Тамыз 2017, 09:41 16869

Қазақстанның киелі орындары: Қойлық шаһары

Қойлық — Х ғасырда Қарлұқ қағандығының астанасы болған, мыңжылдық тарихы бар көне шаһар. Өз заманында мәдениеті озық, сауданың орталығына айналған ескі қаланың орнын бүгін Қойлық ауылы басты. Алматы-Өскемен трассасының бойында орналасқан осы бір кішігірім ауылға арнайы келіп, көне шаһардың тарихымен танысқан едік. Бір байқағаным, Қойлық тұрғындарының басым көпшілігі өз өлкелерінің тарихын жетік біледі әрі мақтан тұтады екен. Сондай жандардың бірі —  осы ауылдағы Ортағасырлық Қойлық мұражайының меңгерушісі, тарихшы Әдемі Болатбекқызымен ежелгі қаланың қалыптасуы жөнінде аз-кем әңгіме құрған едік.

 —  Жалпы, Қойлық елді-мекені жайлы тарихи деректер қашан пайда болды?

 —  Қойлық қаласының тарихта белгілі болған кезі ол Арыслан ханның тұсында, Қарлұқ мемлекетінің астанасы болған шағында деуге болады. Тарихта Людовик ІХ Вильгельм Рубрукты саяхатшы ретінде Орта Азия елдеріне елшілікке жібереді. Осы кезеңде Вильгельм Рубрук Қойлық қаласына тоқтап, мұнда қонақ ретінде қабылданып, жергілікті халықтың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысады. Оның „Шығыс еліне саяхат„ деген еңбегінің арқасында осы Қойлық қаласы жайлы бүкіл Еуропа жұртшылығы білді. Ол негізі тарихта будда храмы туралы, сонымен қатар хамам моншасы жайлы жазып қалдырды. Қойлықтың Қаялық деген екінші атауы бар. Негізі осы 21-ғасырда Қаялық қаласын ашып, оны бүкіл елге паш еткен, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, «осы жерде Қойлық қаласы бар» деген өзіміздің ғалымдар. 1998 жылы Дмитрий Воякин мен Карл Молдахметов Байпақов атты біздің тарихшы археологтарымыз келіп, Ащыбұлақтың бойында зерттеу жүргізеді. Бұл кісілер осы жерден жаңа аталған хамам монша мен будда ғибадатханасын және христиан шіркеуін табады. Бұл сол дәуірдің өзінде Қойлық үш діннің, сан түрлі мәдениеттің тоғысқан жері болғандығын білдіреді. Міне осылай 2013 жылдан бастап Қойлық дүниежүзілік тарих және мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, ЮНЕСКО қамқорлығына алынады.

— Бұл көне жәдігерлер бүгінгі Қойлық ауылының маңынан табылды ма жоқ әлде қазба жұмыстары ауыл ішінде жүргізілді ме?

Жаңағы мен айтқан ғибадатханалар ауылымыздан 2-3 шақырым жерден табылды. ЮНЕСКО өз қамқорлығына алғаннан кейін ол жердің үстіне шатыр жабылды. Ал ішіндегі құнды заттардың барлығы біздің орталық мұражайымызға тапсырылды.  Ол құнды қыш ыдыстар, құбырлар мен кірпіштерден тұратын 150-ден астам экспонат түрі.

— Сол табылған қазба байлықтарға тоқталып өтіңізші. Қай ғасырдан қалған бұйымдар және қандай мәдениеттен көрініс береді?

1986 жылдары бұрынғы Ленин  атындағы колхоздың құрылысшылары  Лепсі мен Ащыбұлақ аралығындағы тау бөктерінен құрылысқа сары топырақ алу кезінде Лепсіден Қойлық қаласына дейін тартылған, қыштан күйдіріліп жасалған су құбырларын табады. Осыдан кейін ауылдық кеңес төрағасының  өтінішімен облыстық, республикалық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемелеріне хабарланып, құбырлар қайта жабылған. Бір көңіл аударарлық жайт, Қойлық құбырларының материалдары  негізінен Тараз, Отырар қалаларынан табылған материалдармен ұқсас еді. Мұнын өзі сол кезде қала халқын  ауыз сумен қамтамасыз етуге  зор мән берілгенін көрсетеді. Ежелгі қала орнында салынған қазіргі тұрғын үйлердің  бірінің иесі Сәмет Наушабаевтың айтуына қарағанда, көктемде қар еріген кезде, жер астынан біраз уақыт бұрқырап су шығып жататын көрінеді. Сонымен қатар, ауылға келетін бас арықтың суы тоқтағанда құм қайнар арасынан қыш-құмыра, су құбырларының сынықтарының кездесетінін айтты. Сол кезде зертеушілер жер астынан шыққан сулар жер асты құбырарынан келіп жатыр деп болжады. Осы құбырлар арқылы Лепсі өзенінен келетін су сол заманда халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, салтанатты  керуен сарайлардың жолындағы гүлзарларды, егістік  алқаптарын суаруға, кірпіш, қыш құмыра күйдіретін қол өнер шеберханларын сумен жабдықтауға қызмет еткен. Жергілікті халық  Қызылтөбе деп атап кеткен Ащыбұлақ бойымен  қазіргі ауылдың шығыс шетіндегі үйінді төбелер әлі күнге дейін сақталған. Сосын мына 1970 жылдары  Қойлық ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырларын қазу барысында  бұзылмаған қолөнер шеберханасының пеші табылды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары  ежелгі қала орнынан құрылыс жүргізу барысында сыйымдылығы әр түрлі қыш құмыралар тауып, оны Қойлықтағы мұражайға өткізіп тұрды. Сол құмыралардың пішіні қазақ даласындағы басқа да ежелгі қоныстардан табылған  құмыраларға ұқсас болып шықты. Бұл дегеніміз Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан  қалалар арасында сауда–экономикалық байланыспен қатар, мәдениеттің, салт–дәстүрдің қалыптасқандығын көрсетеді.

— Ауыл тұрғындары жер қазып, шаруашылықпен айналысу барысында осындай көне бұйымдарды жиі тауып алып жатты дейсіз. Сол табылып жатқан көне тұрмыстық заттардың қандай да бір ерекшелігі болды ма?

— Иә, әрине. Көне жәдігерлер өзінің сапасымен, жасалу жолымен ерекшеленеді. Ауылымыздың қариялары 7-8 ғасыр бойы жер  астында аман сақталған қыш құмыраға құйылған сусынның төменгі температураны сақтап,  тамақтың ұзақ уақыт сапасы бұзылмайтынын таңдана айтады. Бұл дегеніміз, қыш-құмыраларды сұйық тағамды ұзақ сақтауға бейімдеп жасайтын хас шеберлердің ежелгі Қойлық қаласында көп болғанын дәлелдейді. 

—  Қойлық өз дәуірінде гүлденіп тұрған шаһар болды. Демек, сол тұста бұл қалаға небір белгілі тұлғалардың, әйгілі саяхатшылардың  келуі - заңдылық. Осы жөнінде не айтар едіңіз.

—  Жаңа айтып өткенімдей, белгілі саяхатшы Вильгельм Рубрук келген. Сондай-ақ өзіміздің атақты географ-зерттеушіміз, қазақтан шыққан ағартушы ғалым Шоқан Уәлиханов 1953 жылы Сырдарияға жасаған сапарында осы Қойлық қаласына соғыпты. Өзінің жазған естелік күнделігінде ол Қойлық қаласының кірпіштеріне ерекше тоқталған. Бүгінде біз канализация деп жүрген су құбыры сонау 11-12 ғасырда Қойлықта болған екен. Ол кезде Еуропа оның не екенін де білмеді. Ойлаңызшы, ортағасырлық қала су құбырларын пайдаланып қала ішіне су жеткізіп, онымен егінді де суарып отырған. Осыдан-ақ, қаланың сол кездегі даму деңгейін көруге болады.

— Қала тұрғындары қандай еңбек түрімен айналысты?

— Біздің қазақ халқы ежелден көшпелі мал шаруашылығымен айналысып келді ғой. Бұл елді-мекенде де дәл солай мал бағып күн көрген. Жалпы, Ұлы Жібек жолының Қазақстан бойынша сегіз тармағы бар. Сол сегіздің бірі — біздің Қойлық қаласы. Демек, бұл жер сауда-саттықтың да мекені болды. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған көптеген бұйымдар мен  түрлі пішіндегі қыш құмыралар бұл өлкеде қолөнердің де қарқынды дамығанын көрсетеді. Су құбырларының жүйесіне және өзге де табылған еңбек құралдарына қарап, суармалы егіншіліктің де қала өміріндегі маңызы зор болғандығын көреміз.

— Ал ортағасырлық тұрғындардың салт-дәстүрі, наным-сенімі жайлы не айтар едіңіз?

— Қазба жұмыстары кезінде 3 адамның мүрдесі табылған болатын. Екеуі әйел, біреуі ер адам. Мәйітпен бірге олардың әшекей бұйымдары да табылды. Оларды Алматы қаласындағы орталық мұражайға жібердік. Мына мәйітті жерлеу дәстүріне тоқталатын болсақ, адамның басы қола дәуірінен бастап  көбінесе оңтүстік-батыс жаққа қаратылып жерленеді ғой. Мұнда да солай, басын оңтүстік-батысқа қаратып, әшекей бұйымдарын кигізіп, тұрмыста қолданған қыш ыдыстарымен бірге жерлеген. Бұл сол кездегі адамдардың о дүниеге деген сенімінің болғанын көрсетеді.

— Бүгінде ортағасырлық қаланың орнын көріп, танысу мақсатында келіп жататын саяхатшылардың қарасы көп пе?

— Иә, әрине келушілер көп. Әсіресе ЮНЕСКО қарамағына кіргеннен кейін мұнда келушілер саны артып кетті. Өткен жылы осы аталмыш ұйымның басшысы сонау Франциядан келген еді. Осы тұста іс-сапармен Мәскеудің археология директоры да келді. Бұл кісілерге тарихи өлкені таныстыру жұмыстарын өзім жүргіздім. Кетерінде қонақтарымыз "ЮНЕСКО қорғауындағы мұражай" деген сертификатын да табыстап кеткен еді. Қазір ол осында тұр. Ал жалпы Текелі, Талдықорған сынды жақын орналасқан аймақтардан келуші саяхатшылардың саны көп.

—  Бүгінгі Қойлық ауылының іргесі қашан қаланды?

—  Ауылымыз кеңес одағының тұсында Антоновка деген атпен 1896 жылы құрылған еді. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы қайтадан Қойлық атауы берілді.  Бүгінде 10 мыңға жуық халқы бар. Ауылымызда екі тілде оқытатын 4 мектеп, өзге де мәдени ошақтарымыз бар. Жергілікті халықтың басым бөлігі сол мал шаруашылығымен айналысады. Маңызды жол бөлігінде орналасқандықтан, ауылымыздың әлеуметтік жағдайы жақсы, инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді.

 — Әңгімеңізге рахмет! Ауылдарыңыз гүлденіп, көркейе берсін!

Жазира Берғалиева
Бөлісу: