Орта Азиядағы ең үлкен мұз сарайы Алматыда

9 Қаңтар 2017, 15:55 8324

Мұз айдыны

Қыс мезгілінде, достардың басы қосылған сәтте уақытты қызықты өткізу үшін қайда барған дұрыс? Әрине – мұз айдынына. Себебі сырғанау әрі пайдалы, әрі көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Мұнда ең бастысы – мұз айдынын таңдау: таудың етегінде, табиғат аясында ма, жоқ әлде жабық ғимаратта, жылы жерде орналасқан сырғанау алаңы ма? Таңдау өз еркіңде. Әсіресе алматылықтар үшін бұл қиынға түспек. Себебі бұл қалада мұз айдынының сан түрі бар. Енді міне солардың қатарына жақында ғана құрылысы біткен «Алматы-Арена» ғимараты қосылды. Жаңа нысан жалпы көлемі бойынша Орта Азиядағы ең үлкен мұз сарайы болып табылады. Оның негізгі сырғанау алаңы он екі мың, ал жаттығу айдыны үш мың көрерменге есептелген. Әзірге бұл – Азия құрлығындағы сыймдылығы ең жоғары мұз сарайы. Ғимараттың көпфункциялығы мен күрделі инженерлік құрылымы қараған жанды тамсандырмай қоймайды. Мұз сарайының жобасы шетелдік мамандармен бірлесе отырып жасалды. Ғимарат екі жылда салынып бітті. Сондай-ақ қолданысқа белгіленген уақытынан бұрын берілді.

Жоба авторларының ойластыруы бойынша, «Алматы-Арена» тек стадион ғана емес, біртұтас спорттық кешен болып саналады. Мұнда мәнерлеп сырғанауға, шорт-трек және керлингке арналған мұз айдыны, жаттығу жүргізетін алаңы, техникалық бөлімшелері, тіпті баспасөз орталығы да бар. Айтпақшы, бұл сарайда жарыс тек қысқы спорт түрлерінен ғана өтпейді. Заманауи механизмнің арқасында мұз айдыны баскетбол, волейбол, минифутбол алаңы болып өзгере алады.  Шамамен бір айдан кейін бұл алаңға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін мәнерлеп сырғанау мен шорт-тректің шеберлері шығады. Орта Азиядағы ең үлкен мұз сарайы Алматыда өтетін жиырма сегізінші қысқы универсиаданың негізгі спорттық нысаны болмақ.

Жарыстан бөлек «Алматы-Аренада» универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты өтеді. Дүбірлі доданың алдында сақадай сай болып тұрған мұз айдынын бүгінде Алматы жұртшылығы сырғанау арқылы тексерістен өткізуде. 

Жазира Берғалиева
Бөлісу: