29 Тамыз 2014, 12:45
Ерте орта ғ-ларда отырықшы халықтардың тұрғын-жайларын жоспарлау құрылымы өзгерді. Ежелгі бекініс-қалалардың орнына нығайтылған бекініс-үйлер пайда болды, кейіннен олар қамалдарға айналды. Қамалдардың айналасына немесе бір жағына Орта Азияда шахристан деп аталатын қалалар салынды. Олар бірнеше қорғаныс дуалдарымен қоршалды. Шахристанда негізінен діни ғимараттар, базарлар, ақсүйектердің, әкімдердің, ірі қолөнершілер мен саудагерлердің тұрғын үйлері тұрғызылды. Қалалардың экон. маңызы онан әрі артқан сайын оларға іргелес ұсақ қолөнершілер, саудагерлер, кедейлер тұратын рабаттар пайда болды. Үйлер мен қорғаныс құрылыстары, қорғаныс дуалдары мен мұнаралары шикі кірпіштен (51–5223 – 247–8 см) және саз балшық соқпаларынан (13016070 см) салынды. Тараз қазбаларынан ірі діни ғимараттарды әшекейлеуге арналған пішімі алуан түрлі көптеген күйдірілген саз тақталары табылды. Тараз тақталары 5 – 7 ғ-ларда Ақ-Тепедегі (Ташкент түбінде), Пенжикенттегі, Барахшадағы бекініс-үйлерінен табылған архит. нақыштың осындай түрлерімен біртекті. Қалалар сауда-экон. маңызының онан әрі артуы шахристанға шығыс, оңт. және батыс жағынан келіп тірелетін қала іргесіндегі рабаттардың дамуына жағдай туғызды. 11 – 12 ғ-лар қарсаңында қирап қалған бұрынғы бекіністердің орнына қаланы билеушілердің кеңейтілген, қайта жөнделген қорғаныс жүйелері бар жаңа бекіністері (сарайлар) тұрғызылды. Қаланың жоспарлау құрылымы мен бекіністері үш кезең бойында қалыптасты. Негізгі құрылыс материалдары саз балшық соқпалар (1007065 см) мен шикі кірпіш (40 – 4121 – 229 – 10 см) болды. Бірінші кезеңдегі бекініс ғимараты шикі кірпіштен (аум. 1615 м) екі қабатты монументті етіп салынды. Оның тұғырлы қабатының ортасына биікт. 2 қабат, диам. 5,8 м жартылай өрісті күмбезбен көмкерілген және де бекіністің жоғ. қабаттағы басқа да бөлмелерінен бөлек сегіз қырлы зал орналасты. Залдың ортасында тас тақталармен шегенделген құдық қазылды. Ғимараттың батыс беті жағындағы залдың кіре берісі үстіңгі қабаттағы тұрғын жайлармен, күмбезбен көмкерілген баспалдақтар галереялары арқылы байланысады. Қабырғалардың түрлі биіктігінен ойылған ойықтардан (303558 см) галереяларға жарық түсірілді. Күмбезді зал ерекше құралымды құрылымымен көзге түседі. Шаршы пішінді сегіз бұрышқа айналдыру үшін оның бұрыштары кірпіш бағаналармен 2,88 м биіктікке дейін көтеріліп, содан кейін сегіз қырдың бұрыштарынан, айналдыра қалау әдісімен тұрғызылған жартылай өрісті күмбездің іргетасынан сатылы аркалар тұрғызылған. Қалыңд. бір кірпіш (40 см) күмбездің сыртқы 4 жағы айқас тартылған бедерлермен нығайтылған. Барлық бөлмелер мен баспалдақты галереялардың өтпе жолдары сыналап қаланған жебе тәрізді аркалармен жабылған. Осындай бекініс үйі Шардара бөгенінің аймағындағы Ақтөбе-І ежелгі елді мекенінен табылды. Бұл шикі кірпіштен тұрғызылған екі қабатты бекініс-үйдің бөлмелері жоғарыда айтылған тәсілмен жоспарланған, ортасында құдықты залы бар. Луговой т. ж. ст. (Жамбыл обл.) аймағындағы ежелгі Құлан қ. өзінің жоспарлану құрылымы, құрылыс материалдары және құралымдық тәсілдерінің ерекшеліктері жөнінен ерте орта ғ-ларға тән қалалардың қатарына жатады. Қазақстанның ерте орта ғ-лық ескерткіштерінің ішінде Ақыртас деп аталатын салынып бітпеген құрылыс керуен-сарайға арналған.
9 – 10 ғ-ларда Қ. а-нда бүкіл Орт. Азиядағы сияқты, зор сапалық өзгерістер болды. 11 – 12 ғ-ларда ол гүлдену шегіне жетті. Бұл кезеңнің қалалары 3 жеке құрылымнан тұрды: қамал, шахристан және рабат. Құрылысқа күйдірілген кірпішті қолдана бастау – сәулет өнерін дамыту ісіндегі ілгері дамуға жол ашты. Ғаныш ерітіндісін қосып күйдірілген кірпіштің өте берік болуы ғимарат төбесі құралымын жетілдіруге, үйлердің аумағын ұлғайтуға жағдай туғызды. Ғаныш ерітіндісінің тез қататын қасиеті күмбездерді шегендеусіз қалауға қол жеткізді, мұның орманы жоқ аймақтар үшін зор маңызы болды. Ерте орта ғ-лар құрылыстарындағы шаршы пішінді күмбездердің іргесі дөңгелек пішінді күмбездерге ауысуы сатылы-аркалы белдеулер арқылы жүзеге асырылды. Ғимараттардың құрылымында сегіз қырлы барабандар пайда болды. Олар ғимараттың шаршы пішінді төм. аумағының күмбездерге ауысуын оңайлатты. Желкендер сегіз бұрыштың қырларына орнатылды. Күйдірілген кірпіш бастапқыда негізгі конструкциялардың, шикі кірпіштен тұрғызылған монументті құрылыстардың (Қызылорда обл-ндағы бүгінгі күнге дейін біршама жақсы сақталған Сараман-Қосы мұнарасы және Бегім ана мұнарасы) алдыңғы жақ бетін қаптау үшін қолданылды. Сыртқы аумағы мұнара секілді қабір үстіне шатырлы құрылыстарды салудың ең ежелгі жергілікті дәстүрін сақтап қалған екі ескерткіштің маңызы зор (Тегіскен мазарларының солт-тегі тобы, б.з.б. 9 – 6 ғ.; Баланды күмбезі б.з.б. 4 – 2 ғ-лар).
Қарахан әулеті билігі кезінде сәулет өнері барынша гүлденіп өсті. Қазақстан жерінде бұл кезеңнен Жамбыл обл-ндағы Бабажы қатын кесенесі (10 – 11 ғ.), Қарахан күмбезі (11 ғ.), Айша бибі кесенесі (11 – 12 ғ.), Жезқазған обл-ндағы Жұбан ана күмбезі (11 – 12 ғ.), Тараз қ-ндағы моншалар, т.б. ескерткіштер біршама жақсы сақталған, кейбіреулерінің қалдықтары бар. Айша бибі мазары мемориалдық құрылыстардың орт. білікті түріне жатады. Егер Бабажы қатын кесенесі және Қарахан мазарының тек алдыңғы беттері кірпішпен өрнектелген болса, Айша бибі кесенесі түгел әсем және сан алуан геом. және көгеріс нақышына құрылған әшекей тақталармен қапталған. Күн түскен кезде ғимарат қабырғалары алуан түспен құлпырып тұрады. Ескерткіш қабырғаларының құралымы ерекше.
Қарағанды обл-ның Ұлытау ауд-нда орналасқан Аяққамыр күмбезі Орт. Қазақстанның аса көрнекті ескерткіштерінің қатарына жатады. Кейбір зерттеушілер оны оғыз-қыпшақ дәуіріне (11 – 12 ғ-лар) жатқызады. 11 – 12 ғ-лардағы ғимараттардың күмбездеп жабылу құралымдары, архит. аумақты композициямен салынуы және архит. сәндік құралдары мен пішіндері Қазақстан жеріндегі сәулет өнерінің озық үлгімен ілгері дамуына негіз болды.
Орт. Қазақстан ескерткіштерінің арасында Алаша хан күмбезі (10 – 11 ғ-лар) өзінің архит. келбетімен ерекше көзге түседі.
Түркістан қ-ндағы Қожа Ахмет Иасауи ханақасы 14 ғ-дың аяғы мен 15 ғ-дың басындағы сирек кездесетін бірден бір архит. ескерткіш болып табылады. Ғимаратты әсемдеуге ғанышқа, ағашқа, сүйекке ою-өрнек салу, тас пен металды көркемдеп өңдеу тәсілдері, халықтық бейнелеу өнерімен етене байланысты өрнектер үлгісі кеңінен қолданылды. Бұл тамаша ескерткіште Қазақстан мен Орта Азия халықтарының көп ғасырлық құрылыс өнерінің жетістіктері пайдаланылған. Қазақтың халықтық сәулет өнерін дамытуда ескерткіштің маңызы орасан зор болды.
13 – 14 ғ-ларда Қ. а-ның онан әрі дамуы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының сәулет өнерін өркендетудің жалпы бағыт-бағдарын бейнеледі. Күмбез астындағы құралымдар жетілдірілді, құрылыстардың композ. құрылымын өзгерткен қос қабатты сымбатты барабандар, ғимараттарға әсемдік және архит. өзіндік түр беретін алуан түсті жылтыр кірпіштер, қаптағыш тақталар пайда болды.
15 – 18 ғ-ларда Қазақстанның далалық аймақтарында салынған діни және мемориалдық ескерткіштер 3 негізгі топқа бөлінеді: 1) күмбезді мазарлық; 2) қоршаулар (сағана там, төртқұлақ там); 3) қабір үстіндегі ескерткіштер және қабір үстіндегі ұстындар (сыпа, үштас, бестас, қойтас, құлпытас, т.б.). Мазарлар композициясына қарай: мұнаралы, порталды-күмбезді, орт. білікті; жабу түріне қарай: сфералық немесе барабаны бар яки барабаны жоқ, шатырлы (сопақша), күмбезді болып бөлінеді. 15 – 18 ғ-лардағы мұнаралы құрылыстарға Қызылорда обл-ның Шахнияз, Қармақшы ата мазарлары, Оңт. Қазақстан обл-ның Созақ ауд-ндағы мазарлар, т.б. бірқатар ескерткіштер жатады. Олар тік бұрышты немесе көп қырлы іргетасқа қойылған биік көп қырлы барабан арқылы сопақша немесе ұя тәрізді күмбезбен жабылған. Іші еңселі, 2-қабаты күмбезбен көмкерілген, босаға табалдырығы аласа. Мұндай құрылыстардың шығуы көшпелі баспананың (күйменің) тууына себеп болды. Дөңес жерлерге салынған бұдан ертеректегі мұнаралы құрылыстардың – Қызылорда обл-ндағы Ақсақ қыз, Сараман-Қосы, Бегім ана (10 – 12 ғ-лар) секілді бірсыпыра ескерткіштер пішіндерінің композициясы мен құрылымы ежелгі қорған құрылыстарынан алынғаны дәлелденді. Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары, Домбауыл кешені, Діңгек ғимараттарының құрылыс ерекшелігінде қола дәуіріндегі Дың ескерткіштері белгілері айқын көрінеді (8 – 10 ғ-лар). Космол. үлгілер діни құрылыстар архитектурасының ертедегі түрлерінің бірі және әр түрлі этн. бірлестіктердің орт-тары болды. Оңт. облыстардағы күмбезді мазарларды салу ісіндегі құралымдық тәсілдер мен пішіндер композициясы Орта Азия архитектурасы ықпалымен дамыды. Оқша ата мазарын (15 – 16 ғ-лар) салған сәулетшілер тік бұрышты қабырғалардан бұрыштардағы аркалар арқылы бірте-бірте күмбездерге көшу тәсілін қолданды. Жүніс ата мазарын салу үстінде өңделген кірпіштен жасалған күрделі сталактиттер жүйесі пайдаланылды.
Орт. білікті күмбезді мазарлар (Айқожа ишан күмбезі, 17 ғ., Қызылорда) кеңінен тарады. Оңт. және шығыс аймақтарда 4 шағын күмбезі бар мазарлар өріс алды. Орт. және Бат. Қазақстанда бұрышты күмбездердің орнына ұшы сүйір шағын мұнаралар немесе үшбұрышты құймалар (төрт құлақ) орнатылды. Күмбездердің пішіндерінде қабат жасау дәстүрі сақталған. Бат. Қазақстан мазарларында мұқият қаланған және беті өңделген қабырғаларға керісінше, өңделмеген әктастардан күмбез тұрғызу әдісі тарады. Бұл архит. дәстүр ертедегі темір дәуіріндегі мемориалдық және діни ескерткіштерден басталған үш қабатты қорған және неғұрлым кейінгі дәуірдегі мұнаралы құрылыстардың пішіндерімен сабақтас. Сатылы қорғандар түрлерінің дәстүрлері қабір үстіндегі құрылыстар архитектурасында Қазақстанның барлық жерінде үштас, бестас, сыпа, сандықша түрінде сақталып қалды. 20 ғ-дың қарсаңында тастан немесе шикі кірпіштен 3 – 5 – 7 қабатты, биікт. 8 м-ге дейін жететін шағын сатылы-үшбұрышты қабір үсті ескерткіштері жасалды (Шығ. Қазақстан).
15 – 18 ғ-ларда Үстіртте, Маңғыстауда, Орал маңында салынған мазарлар Еуразияның көптеген көшпелі халықтарында кең тараған баспана – күймені еске түсіреді. Іргетасы жоқ бұл мазарлардың босағасы берік бекітіледі, олардың ойықтары перделерді немесе шымылдықтарды еске түсіреді. Күмбездерінің ұшы оймышты сүмбі орнатылған цилиндр немесе шар тәрізді болып келеді. Барабандарға күмбездер орнату жиі кездесті. Ішкі безендіруі де баспана-күймемен сабақтастықты байқатады. Бірақ кейбір бөлшектерден сағаналы қорған астындағы құрылыстар (күмбездердің пішіні, тұрмыс заттарының, қару-жарақтың бейнесін салу, жоғ. ойық, т.б.) дәстүрлерінің ықпалы көрінеді. Қазақстан халықтарының көшіп-қону дәстүрінің біраз өзгеруіне байланысты, күймелер бірте-бірте жойылып, оның орнына бұрын халық арасына онша тарамаған, орын ауыстыруға, қайта құруға неғұрлым қолайлы жиналмалы, алмалы-салмалы киіз үй қолданылды (қ. Киіз үй). Дәулетті адамдардың киіз үйлері тікпе немесе жапсырма әшекейлермен өрнектелген ақ киізбен (ақ түс бұрын шарапатты болып есептелді; ру, ауыл, тайпа басының белгісі болды) жабылды. Киіз үй өрнегінің құрылымы, сондай-ақ, оның барлық композициясы белгілі бір жүйеге негізделді (шеңберлі шаңырақ – күн, уықтар – күн сәулесінің тарам-тарам шапағы, аспалы желбаулар немесе бақандар – “өмір ағашы”). Киіз үйдің ортасына ошақ орнатылды. Оның есікке қарама-қарсы түпкі бөлігі – төр (құрметті) деп аталып, есіктің оң жағы әйелдердің орны (мұнда үй жиһаздары – жүк аяқ, абдыра, т.б. қойылды) деп есептелді. Есік (сықырлауық) әшекей, нақыш салынған тақтайлардан жасалды, ал киіз есік ши тоқымасының үстіне жабылды.
"Қазақ энциклопедиясы"