Өрт сөндірушілердің бір күндік өмірі

24 Желтоқсан 2016, 18:11 11951

Тілсіз жау терезеңнен телмірген кезде ғана еске алатын бұл маман иелерінің күнделікті тіршілігі қалай өтеді?

Бала күнінде өрт сөндіруші болуды армандамаған бала кемде-кем шығар. Әдетте бұл арман  ғарышкер болу секілді бала қиялдың жетегінде қалып қояды. Дегенмен сол бала күнгі арманына жетіп, бүгінде өрт сөндіруші болып қызмет атқарып жүрген азаматтар бар. Тілсіз жау терезеңнен телмірген кезде ғана еске алатын бұл маман иелерінің күнделікті тіршілігі қалай өтеді? Жалпы өрт сөндірушілер шұғыл шақырту болмаған кезде немен айналысады?  

Біз Астана қалалық №2-ші арнайы мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндеміз. Бұл бөлімнің қызметкерлері ең қиын өрт сөндіру шараларына шығатынымен ерекшеленеді. «Ең қиын» дегеніміз — халық көп жиналған ойын-сауық орталықтары, мектеп, балабақша, ауырухана секілді үлкен ғимараттар.

Өрт сөндірушілердің жұмыс уақыты таңғы 8:30 да басталып, бір тәулікке созылады. Есесіне бір тәулік жұмыс істеген қызметкерге келесі үш күнде тынығып, жаңа күшпен жұмысқа келуіне рұқсат беріледі.

Алайда өрт сөндірушілер бір тәулік бойы ұйқысыз қызмет ету адамның ұйқы режимін бұзып, дел-сал күйге ұшырататынын айтады.       

Өз басым өрт сөндіру бөлімінен дел-сал болып жүрген қызметкерді байқаған жоқпын. Барлығының көңіл-күйлері көтеріңкі, онсыз да көп елене бермейтін маман иелері олардың кәсібіне қызығушылық танытқанымызға мәз-мейрам болып қалды.

Осы тұста бөлімнен бірнеше шақырым алыстап, Астана қаласының жедел басқару орталығына ауыса тұрайық.

Қаланың екі көзі болса — бұл соның бірі. Барлық төтенше жағдайларды осы мекеме анықтап, келген қоңырауларға жауап беріп, ең жақын орналасқан құтқару бөлімін жіберіп отырады. Өрт болған жағдайда да ең алғаш болып осы орталық естиді. Құтқару экипажын жіберіп қана қоймай, оның оқиға орнына дейін кептеліссіз жетуін спутник арқылы бақылап, үнемі байланыста болады.

Астана қаласы бойынша тәулігіне төтенше жағдай болғандығы жайлы 200-300 қоңырау шалынады. Олардың ішінде өрт болып жатқандығы туралы орта есеппен 8 қоңырау келіп түседі. Жазғы мезгілге қарағанда, қыста өрт шығу фактілері жиі орын алады. Бұл «жылыту» науқанының басталуымен түсіндіріледі.

Жедел басқару орталығынан түскен қоңырауды да өрт сөндірушінің өзі қабылдамайды. Дәл сіздің өміріңіздің қауіпсіздігі үшін тәулік бойы рацияның қасынан ажырамайтын арнайы маман бар. Бүгін бұл қызметте Дәрия Байзулова.  Дәрия жас болғанымен осы қызметтің арнайы оқуын бітірген білікті маман. Айтпақшы, ол бүгін осы бөлімде қызмет атқаратын жалғыз қыз. Сондықтан, өрт сөндірушілер оның жұмысын барынша жеңілдетіп, алақандарына салып ұстайды екен.

Дәрия Байзулова, радиотелефонист:

— Жұмысқа орналасқаныма бір ай ғана болды. Қызметім өзіме ұнайды. Алайда жауапкершілік өте үлкен екенін сезінемін. Маған бұл жерден алыстауға рұқсат жоқ. Өйткені, өрт болып жатқандығы жайлы қоңырау келіп түсіп, радиотелефонист болмай қалса, қаншама адам зардап шегуі мүмкін. 

Дәрия сөзін аяқтап болмай оған шұғыл қоңырау келіп түсті. Әрине, сұхбаттан қарағанда адам өмірі маңыздырақ екенін түсініп, біз өрт сөндірушілердің дайындық алаңына беттедік.

Өрт сақшыларының дайындығы қалай өтетінін сезіну үшін мен арнайы өрт сөндіру киімін киюді ұйғардым. Жай ғана киіп қана қоймай өзіммен қатар жас өрт сөндірушімен жарыспақ болып шештім. Сонымен кім жылдам болар екен?

Өрт сөндірушілер киетін жабдықтың салмағы — 18 килограмм. Оның қайсысы қай жерде тұруы керектігін түсініп болғанша 10 минут зымырап өтті. Менің әуре-сарсаңға түскенімді көріп бөлім командирі Серік Құмарұлы қол ұшын беріп, айналдырған 20 минуттың ішінде-ақ сақадай сай болдым!

Ал енді менің қарсыласым іске кірісті.

Неткен жылдамдық! Бұл жігіт 19 секунда барлық киімін киіп, адам өмірін құтқаруға дайын тұр! 

Менің жиырма минут киген киіміме, бұл жігіт 19 секунд ғана жұмсады. «Жарайды, келесі жарыста жолым болар» - деп, мен де еңсемді тіктеп, жолға әзірлендім. 

Жалпы ереже бойынша өрт сөндірушілер бұйрық түскеннен кейін 30 секундтың ішінде толық құраммен дайын болулары қажет. Ал мұндай шеберлікке — тынымсыз жаттығулар ғана жеткізеді.


Жаттығу демекші, өрт сөндіру бөлімі заманауи жаттығу залымен жабдықталған. Мұнда үнемі ауысып отыратын тор бөлмелер де, құбырлар да, автоматтандырылған тепкішектер де бар.

Өрт болып жатқан ғимаратқа кірген құтқарушы жалғыз шықпасы анық. Мұндай жағдайға да ысылсын деген мақсатпен, кедергілерден өткен кезде олар өздерімен адамға ұқсатып жасалған мүсінді көтеріп жүреді.

Жансыз дегені болмаса, бұл адам іспеттес мүсіннің салмағы — 70 килограмм. 

Дайындық алаңындағы ауыр жаттығулардан кейін, құтқарушыларға әлденіп, түскі ас ішіп алуға уақыт берілді. Шынымды айтсам, өрт сөндірушілермен бірге түскі ас ішем деп ойламаған едім... Алайда мұндай мүмкіндік өмірде бір рет ғана берілетін болғандықтан, екі жеңді түріп, ауқаттануға кірістік. 

18 килограмм тартатын ауыр киіммен жүргендіктен бе, қарнымыз ашып, ішіміз шұрқырады. Қызметкерлердің басым көпшілігі тамақты өздері дайындайды екен. Қарнымыз ашқандықтан ба, жоқ әлде тағам шын мәнінде дәмді болған ба, әріптесім екеуміз таласа жеп, бір қазан тамақты лезде тауысып қойдық.

Түскі үзілісті пайдаланып өзінің 25 жыл ғұмырын осы өрт сөндіру бөліміне арнаған, бөлім командирі Серік Құмарұлын әңгімеге тарттық.

— Өрт сөндіруші болып неше жыл қызмет атқарып келесіз? Бұл мамандықты таңдауға не итермеледі? 

— Мен бұл бөлімге орналасқан уақытта әскерден енді келген жас жігіт едім. Қасымдағы әріптестерім жалындаған отқа қарамастан ғимараттарға кіріп кетеді. Қол қусырып қарап тұруды намыс көріп соңдарынан мен де кіремін. Өстіп жүргенде 25 жыл зымырап өте шықты. Енді қазір ұлым менің жолымды қуып, өрт сөндірушінің оқуын оқып жатыр. Ол маған «Әке, мен өскенде сізден де көп медальдар аламын» - дейді. Мен оның басынан сыйпап, «әрине, балам, аласың» деп қоямын. Өйткені мен де бала күнімде дәл осылай армандаған болатынмын. 

— Тәжірибеңізде болған ең қиын өрт сөндіру шараны есіңізге түсіре аласыз ба? 

— Әрине, біздің жұмыста «оңай» деген болмайды. Бір күні үлкен бір ғимараттың жанып жатқандығы жайлы хабар келіп түсті. Далада -45 градус аяз. Аяқ киіміңе кірген су лезде мұз болып қатып қалады. Сол күні өрт сөндіріп болғанан кейін қатты сырқаттанып қалдым. Қолымды бір-ақ сілтеп кетіп қалғым келді. Алайда бір нәрсе мені тоқтатқандай болды. Сол бір жағдайдан кейін мамандық ауыстыру туралы ой қайта келмеді. Жұмысты қалай осы бөлімде бастадым, әлі күнге осы жерде қызмет атқарып келемін. Бүгінде қызметім лайықты бағаланып, бөлім командирі болып жұмыс атқарамын. 

Шақырту болмаған жағдайда өрт сөндіру бөлімі жаттығулар жасап, теориялық әдістер алып, оқу-жаттығу жиындарына барады. Бір сөзбен айтқанда, «өрт жоқ болса — жұмыс жоқ» деген түсініктен ада. Жиырма төрт сағат бойы қала қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан тіршілік. 

Айтпақшы, ескерткіште айтылған батыр — бөлім командирі Серік Құмарұлының ұстазы. 

Өрт сөндірушілер үшін бесінші қабатқа өрмелеп шығу — қас-қағым сәттің жұмысы. 

Сондай-ақ, өз өміріне қауіп төңген сәтте олар арнайы осындай жағдайға арналып жасалған арқан жіппен секіріп кетеді. 

Осымен біздің өрт сөндірушілермен өткен бір күніміз соңына жетті. Бүгін қалада өрт болмағанына, оқырмандарға біздің кейіпкерлерімізді нағыз істің үстінде көрсетпегеніме еңсем түсіп қоштасып жаттым. Мұны байқаған бөлім командирі Серік Құмарұлы қолымды алып жатып «Балам, өрт болмады деп көңіл-күйің түспесін. Тыныштықта өткен әрбір күн — сыңғырлаған күлкі, бақытты балалық шақ, шаттыққа толы отбасы» - деп, бізді шығарып салды. Әріптесім екеуміз терең ойға шомып, үйімізге қайттық... 

Рүстем Әлпи
Бөлісу: