Өрт сөндірушілердің бір күні

24 Тамыз 2023, 15:08 3458

 El.kz ақпарат агенттігінде әр бейсенбі түрлі мамандық иелерінің бір күндік өмірі суреттеледі. Бұл жолы кезек өрт сөндірушілерге келді.

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Тілсіз жаумен күн сайын арпалысып, өлім мен өмірдің арасында қызметтік борышын атқаратын өрт сөндірушілердің бір күндік өмірі қалай өтеді? Шұғыл шақырту болмаған кезде немен айналысады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек. 

Өрт сөндіруші болуды армандамаған бала кемде-кем. Осындай бала арманын орындаған бақытты жан – біздің кейіпкеріміз – Ернар Жарылқап. Ол бір жарым жылдан бері Елордадағы №2 Өрт сөндіру бөлімшесінде қызмет етеді. Біз осы Ернар қызмет ететін бөлімге келдік.

Өрт сөндірушілер таңғы сағат 8-ден бастап бір тәулік бойы жұмыс істейді. 24 сағат бойы ұйқысыз қызмет ететін қызыл жалынмен күрескендер кезекшілігін атқарып болғаннан кейін 3 күн демалады. Жаңа күшпен жұмысымызға кірісеміз дейді кейіпкеріміз.

Кейде күніне 10-нан астам өртті сөндіреді

Оның айтуынша, бір күннің ішінде 10-нан астам өртті ауыздақтаған кездері де болған. Ең алғаш рет қызметке кіріскенде, өрт ошағына барардың алдында жүрексінген екен. Бірақ қысқа уақыттың ішінде үйренісіп кеткен. Біз одан өзі қатысқан ең үлкен өрт туралы сұрадық.

«Кристал» тұрғын үй кешенінде өрт шыққанда таңғы сегізден түнгі 3-ке дейін сөндірдік. Өрт сөндіріп жатқанда, ет қызуымен шаршағаныңды сезе қоймайсың. Қызыл жалынды ауыздықтап, үйге келіп, дамыл тапқанда ғана аяқ-қолымыздан әл кеткенін білеміз, - дейді ол.

Осы өрт кезінде Ернар әріптестерімен бірге 6 адамды құтқарып қалған.

Біз өрт сөндіру бөліміне кіргеннен жұмысқа құлшыныспен кіріскен, көздеріне от ойнар қызметкерлерді көрдік.

Ең алдымен Ернар кезекшілікті қабылдап алғанын жазып, тіркеу дәптерін толтырды.

Диспетчерлік бөлімнің қызу жұмысы

Бұдан кейін диспетчерлік бөлімге қарай бет алдық. Бізді Әсел Серкебаева есімді диспетчер қыз қарсы алды. Ол осы жерде жеті жылдан бері қызмет етіп келеді.

Күніне 3-4 өрт туралы хабарлама түседі. Кейде 15 шақырту келіп түседі. Мәселен, өткен аптада солай болды. Өрт сөндіру мамандығын оқып, білім алғаннан кейін осы жерге келіп, табан аудармай қызмет етіп келемін. Радиобайланысқа жауап береміз. Хабарлама түскен бетте уақытын жазып, тіркейміз. Кезекші бөлімді өрт ошағына жібереміз. Олар 1 минут ішінде өрт сөндіруге арналған киімді киіп, шақырту болған мекенжайға аттанады. Бара жатқанда бағдаршамға тоқтамайды. 5 минут ішінде оқиға орнына жетуі керек, - деді ол.

Әсел Серкебаева қыс айларында өрт саны артып кететін айтады. Бұл жылыту маусымымен байланысты екен.

Маған бұл жерден бір қадам алыстауға болмайды. Кез келген уақытта қоңырау түсуі мүмкін. Жұмысымыз өте жауапты. Бір минут орныңда болмауың бір адамның өмірін қиюы мүмкін, - дейді Әсел.

Әсел бізге жұмысын түсіндіріп жатқанда, оған шұғыл қоңырау келіп түсті.

№2 Өрт сөндіру бөлімшесі тыңдап тұр. Хабарламаңыз қабылданды. 09:13» деп тіркеу дәптеріне жазып, кезекші бөлімді оқиға орнына жіберіп жатты. Біз оның жұмысына кедергі келтірмейік деп шығып кеттік.

Бізге өрт сөндіруші Ернар диспетчерлік бөлімде шкаф ішінде қаз қатар тізіліп тұрған қалың дәптерлерді көрсетті. Қаладағы ғимараттардың карталары, есігі, баспалдақ қай жерде екені көрсетіледі. Сондай-ақ сол мекемелердің басшыларының нөмірлері де жазылған. Мұндай ғимараттардың қатарында сауда орталықтары, мектептер, балабақшалар, көп ұжымды орталықтар бар.

Бұдан кейін біз өрт сөндірушілерге дәріс оқитын залға қарай беттедік. Ернар қарауылдарға күн сайын қауіпсіздік техникалары мен өрт кезінде жұмыс істеу алгортимі туралы дәрістер жазады. Біз барғанда бұйрықты орындау тақырыбын өтіп жатты. Өрт сөндірушілердің тамақтанатын, спортпен шұғылданатын, демалатын орындарын да өз көзімізбен көрдік. 

40 этажға 7 минутта көтерілдім

Дәріс аяқталған бетте Ернармен бірге дайындық алаңына бардық. Бұл жерден өрт сөндірушілер киетін түрлі формаларды көруге болады. Өрт сөндіруші жұмысымен етене таныс болу үшін киімін киіп көрейік деп шештік.

Қызыл жалынға кірердің алдында бес қаруын сайлайтын өрт сөндірушілердің киімі біз ойлағаннан әлдақайда ауыр екен. Жабдығымен бірге – 18 кг. Менің терлеп, әбден әбігерге түскенімді көрген Ернар маған киінуге көмектесті. Олар әдетте форманы киюге 19-20 секунд қана жұмсайды екен. Ереже бойынша шақырту түскеннен кейін 40 секундтың ішінде бөлімнен шығып кетуі тиіс. Ал мұндай жылдамдыққа физикалық дайындық пен шеберлік керек екені анық. Өрт сөндірушілер жаттығу, дайындық залдарында шыңдалатынын айтты.

Біздің мамандықта ең маңызды – жылдамдық. Әр секунд маңызды. Сол себепті шеберлігімізді үнемі шыңдап тұрамыз. «Солтүстік жарқылы» тұрғын үй кешенінде оқу жаттығу өтті. 40-қабатқа кім жылдам көтеріледі деп, бақ сынастық. Мен 7 минут 50 секундта жеттім. Орташа көрсеткіш көрсеттім, - деді ол.

Дайындық алаңында кезекші топ нормативтік жаттығуларды орындады. Біздің көзіміз адам іспеттес мүсінге түсті. Оның салмағы – 60 кг. Өрт кезінде адамды арқалап шығуды үйренут үшін өрт сөндірушілер жаттығу кезінде осы мүсінді көтеріп шығады екен.

Біз өрт сөндірушілерге арналған көліктің ішіне кіріп көрдік. Іші құрал-жабдыққа толы екен. Ернар бізге әр жабдықтың не үшін керек екенін түсіндірді. 

Асқар Забикулин бұрышы: Ерліктің бағаланбайтыны өкінішті

Бұдан кейін Ернар бізді бөлімнің мұражайын алып келді. Мұражайға өрт сөндіру саласының ардагерлерінің өмірбаяны мен суреттері қойылған екен. Былтыр күзде өрт сөндіру кезінде күйік алып, жан сақтау бөлімінде көз жұмған Асқар Забикулинге арналған бұрыш та бар екен. Мұражай директоры Ләззат Тұяққызы біздің батырдың суретіне зер салып тұрғанымызды байқап, «өте елгезек жігіт еді» деді.

Асқардың Мәскеуде магистратура бітіргені туралы дипломы, Көкшетаудың жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломы, медальдары мұражай төрінен орын алған екен.

«Қандай білімді жігіт еді. Терезеден ішке кіру үшін жалын өткізбейтін формасын шешкен. Бүкіл денесі күйіп кетті. Естігенде қатты қиналдық, төбе құйқаң шымырлайды. Біздің жігіттер батыр ғой. Өз өмірлерін отқа да тосады. Кейде соның бағаланбай жататына өкінішті», - деді ол.

260 мың теңге жалақы аламын

Біз осы кезде Ернардан өрт сөндірушілерге жасалып жатқан жағдай туралы сұрадық. Шешілмей жатқан проблемалар бар ма деп әңгімеге тарттық.

- Баспана жағынан мәселе бар ма?

- Баспана мәселесі бар қазақтың проблемасы ғой. Үйім жоқ деп шағымдайнбаймын. Әрине, өз үйің болғанға ештеңе жетпейді. Өрт сөндірушілерді баспанамен қамтуға арналған арнайы бағдарлама жоқ. Сол жағы сәл қиындау. Жатақханада тұруға болады. Бірақ онда орын саны аз, әзірге бос орын жоқ екен. Досыммен бірге пәтер жалдап тұрамыз. 260 мың теңге жалақы аламын. Өзіме жетіп артылады», - деді ол.

Осылай өрт сөндірушілермен өткен бір күніміз өз мәресіне жетті.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: