Өрт басталғанда Ильин Дубайда жүрді. Министрлік түсініктеме берді

14 Маусым 2023, 11:15 6344

Төтенше жағдайлар минитрлігі бұрынғы басшылары Юрий Ильин Абай облысында өрт басталған кезде БАӘ-де болған деген ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство бұл ақпаратты растамады. Олар 8-9 маусымда Юрий Ильин жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барған деп отыр.

Жұмыс сапарының бірінші күні ол облыс орталығының жанында салынып жатқан ТЖД өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағының кешеніне, Петропавлдың Береке шағын ауданындағы өрт депосы кешенінің құрылыс аумағына барды. Келесі күні ТЖМ басшысы облыс тұрғындарымен кездесу өткізіп, БАҚ үшін брифинг өткізіп, ҮЕҰ өкілдерімен кездесті. Министр Абай облысындағы өртке және өртті сөндіруге тартылған күштер мен құралдарды үйлестіру қажеттілігіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын тоқтатты, – деп түсіндірді министрлік.

Айта кетейік, Юрий Ильин 2020 жылдың қыркүйегінен бері ведомствоны басқарған. Абай облысындағы орман өрті басталғанда, Қасым-Жомарт Тоқаев министрді орнынан алып тастады. Жаңа министр болып, Сырым Шәріпханов тағайындалды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов өртті дер кезінде ауыздықтай алмаған экс-министр Юрий Ильиннің әрекеті тексерілетінін айтты. 

Алмас Абылай
Бөлісу: