Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері “Ертіс орманы” ерекше қорғалатын аумағынан орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Мәселен, 18 қыркүйекте облыстық прокуратураның үйлестіруімен “Ертіс орманы” резерваты бойынша ауқымды операция жүргізілді.
Полиция қызметкерлері “Ертіс орманы” РММ-де, Шалдай және Бесқарағай орманшылығында, сондай-ақ бірқатар басшылардың тұрғылықты жері бойынша 20-ға жуық санкцияланған тінту іс-шараларын жүргізді. Тінту кезінде құжаттамадан басқа атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болжамды мәліметтер бойынша орманды заңсыз кесуге “Ертіс орманы” РММ-нің лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.