Ормандарды өртеп, ағаштарын Қытайға сатып жатыр. Сарапшының сөзі қаншалықты рас?

21 Шілде 2023, 13:20 4995

Қазақстанда былтырғы жылы 5 мыңнан аса орман өртіне қатысты дабыл дерегі тіркелсе, биыл 395 орман және 15 дала өрті болған.  Сондықтан экологтар еліміздегі орман шаруашылығы саласына бақылау орнату керектігін айтып отыр. Жалпы әлемдік тәжірибеде орман шаруашлығы мамандары қалай жұмыс істейді? Бұл сала бізде қалай қалыптасқан? Елімізде қайталанып жатқан орман өртінен неге әлі күнге дейін сабақ ала алмай отырмыз? Орман шаруашылығындағы олқылықтар мен бақылау туралы El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі саралап көрді.

Соңғы жылдары Қазақстан орман өртінен көз ашпай тұр. Бір ғана Абай облысында екі айда үш мәрте орман өрті тіркелді. Артынша тұтанған Ертіс орманындағы өрт те аз шығын әкелген жоқ. Былтыр да Аманқарағайдағы өрттен  бір де бір қарағай аман қалмады. Бұл жағдайдың барлығы еліміздегі орман шаруашылығының былыққа батқан бейнесін айқын ашып бергендей.

Қазақстандағы орман шаруашылығы неліктен кенде қалған?

Сарапшылар саланың дамымауына қатысты бірнеше фактор бар екенін айтады. Яғни маман жетіспеушілігі, техниканың жоқытығы секілді болып кете береді. Осыдан кейін, салада шоғыларнып қалған кемшіліктерді көре тұрып неге шешімін таппайды? деген заңды сұрақ туындайды. Бұған қатысты эколог Азаматхан Әміртайдың пікірін білген едік.

Өңірлердегі орман шаруашылығы Экология және табиғи ресурстар министрілігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне бағынады. Дегенмен комитеттің ауқымы кең болғандықтан, кейде сол орман шаруашылығы дүниесін де реттей алмай жатады. Бұл салада жауапкершілік төмендігін аңғаруға болады. Мысалы, облыстың әкімдері: «орманның бізге қатысы жоқ, ол Экология министрлігінікі» дейді. Өңір әкімдіктері де белгілі бір деңгейде орманның жұмысына назар салуы маңызды. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, осындай жағдай қалыптасып отыр, - дейді сарапшы.

Елімізде әр орман өрті дерегі тіркелген сайын желі қолданушылары мұның саяси астары бар нышандарға да балап жатты. Бұл мәселеге қатысты да эколог өз пікірін айтты.

Расымен, елімізде орман өрті көбейіп кетті. Былтыр Қостанайдағы, биыл Абай облысы мен Ертіс орманы өртке оранды. Өрттердің көбейген себебі, өртке қарсы техникалардың ескіргені, жетіспеушілігі және орман шаруашылығының бақылаусыздығын анық ашып берді. Жайдан жай сәйкестік бола бермейді, бір мезгілде мемлекеттің табиғатының бір бөлігін жоғалта беру, бұл – дұрыс емес. Бұл жағдайлардың саяси ықпалы болуы мүмкін деген ойға да келіспеуіміз керек, - дейді Азаматхан Әміртай.

Неліктен елде ормандар жиі өртенеді?

Биыл Семейдегі орман резервінде 3 рет өрт шықты. Ең үлкен шығын әкелген орман өрті 8 маусымда басталып, 14 маусымда оқшауланған болатын. 60 мың гектардан астам алқап жанып кетті. 15 адам қаза тапты.

Әлі күнге дейін өңірдегі ахуал бойынша нақты қылмыстық шешімнің жай-жапсары айтылмады.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев қылмыстық іске қатысты үш нұсқа қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын. «Біріншісі – орман қорын сату үшін қасақана өртеу, екіншісі – отты абайсыз қолдану, яғни адами фактор, үшінші нұсқа – табиғи сипаттағы себептер (мысалы найзағай)».

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі орманды қайта қалпына келтіруге 20 жыл уақыт керегін айтып отыр. Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылдың өзінде тек «Семей орманы» резерватына 6 миллиард теңге қаржы бөлінгені туралы да хабарлаған еді. Алайда қаржының қайда және қалай игерілгені жөнінде нақты ақпарат жоқ.

Түсінгеніміздей, жыл сайын орман шаруашылығына жеткілікті деңгейде бюджеттен қаржы бөлініп отырған. Бұл жөнінде нақтырақ біру мақсатында Абай облысы әкімдігіне арнайы сауал жолдағанбыз. Бірақ сұрағымызға тұшымды жауап ала алмадық.

Осы тұста еліміздегі ең көп өрт дерегі Абай облысындағы орман шаруашылығында тіркелетініне назар салған жөн. Былтыр бір жылдың ішінде өңірдегі орманнан 263 өрт дерегі тіркелген.  Сондай-ақ жалпы өрттен келген шығынға 18 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.   

Орман шаруашылығында жемқорлық пен ұрлық өршіп тұр

Эколог Азаматхан Әміртай орман шаруашылығында жемқорлық пен ұрлық өршіп тұрғанын айтып отыр. Жылда бір жағдайдың қайталануы браконьерлер арасындағы кәсіпке айналғанының көрінісі.

Орман шаруашылығындағы өрттің 70-80 пайызы браконьерлердің қолдан өрт қою салдарынан болып жатады. Браконьерлер ормандарды өртеп, ағаш  сатқандарының салдарынан еліміздегі қаншама табиғи орманымыздан айырылып жатырмыз. Бұл үлкен мәселе. Табиғатты қорғау мамандары және полиция бұл мәселемен жүйелі түрде айналысуы керек. Дегенмен осы уақытқа дейін істелмеген дүниелер алдағы уақытта жасала салады дегенге өз басым сене бермеймін, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, өртенген ормандарды кесіп, браконьерлер ағаштарды Қытайға сатып жатыр. Бұл жағдай былтырғы жылы Қостанайдағы орманда болған. Биыл Семейдегі орманда да болатыны белгілі деп отыр.


© Дәурен ЖҰМАҒАЛИЕВ

Эколог өткен жылы Қостанайда болған өрттен кейін ол жақтағы ахуалдың қалай шешілгенін анықтау үшін өңірге барып, өз көзімен біраз былықтың куәгері болғанын айтып отыр.

Орман өртенген кезде көп жағдайда ағаштардың дінгегі өртенбей қалады. Қостанайдағы орманда өрт болғаннан кейін браконьерлер көлікпен келіп, жүздеген ағашты кесіп алып кетіп жатты. Мен сол кезде осының барлығын өз көзіммен көрген болатынмын. Мұндай жағдай Семейде де болады. Ағаштарды тиеп алып Қытайға өткізеді, отынға пайдаланады немесе құрылыс салаларына да пайдаланып жатады. Бұл жерде браконьерлер жақсы пайда көріп, біршама ақша тауып отыр. Сыртқа кетіп жатқан қаражат бюджетке түсетіндей қылып жасаса, оған ағаш отырғызса әлдеқайда тиімді болар еді, - дейді Азаматхан Әміртай.

Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде де Семейде ағаш тиелген жүк көлігінің белгісіз бағытқа кетіп бара жатқан видеосы тараған болатын. Бұл жөнінде экология министрлігі «ағаш кесу және орманды тазалау жұмыстары аяқталды» деп түсіндірген еді.

Ағаш кесу мәселесіне қатысты Абай облысының әкімдігіне сұрап көрдік. Олардың айтуынша: «орман өртінен бүлінген ағашты құрылыс және өзге де мақсаттарда пайдалануға болады» екен.

Дегенмен браконьерлерге қатысты ақпаратқа жауап бермеді.  

Азаматхан Әміртай да бұл жағдайды Экология министрлігі толық бақылауда ұстап отырмағанын айтады.  Сондықтан ол осы мәселеге қатысты «Байтақ» партиясының өкілі ретінде министрлікке ресми ұсыныстар жолдаған.

Орман шаруашылығы саласында әлі де шикілік пен салғырттық көп. Әлі де байыбына жете алмай жатырмыз. Зерттеу аз. Семейдегі өрт жайлы деректер аз. Бұл жерде ұйымдасқан қылмыстық топ бар деп есептеймін. Олар осы орман шаруашылығын дұрыс қорғауға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан бұл жерде жауапты күшейтіп, барлығын бақылауға алуымыз керек. Президентіміз де енді әр түп ағаш кесілсе қылмыстық жазаға тартылатынын айтты. Ендігі таңда орманды жалпы табиғатты қорғау аясындағы жауапкершілік күшейеді, - деді ол.

Өртенген орманды қалай қалыпқа келтіреміз?

Жоғары да атап өткеніміздей, Семей орманын қайта қалпына келтіруге 20 жыл уақыт керек. Дегенмен мамандар өртенген орманды қалыпқа келтіруге одан да көп уақыт кетуі мүмкін екенін айтып отыр.

Өртенген орманды қалыпқа келтірудің екі жолы бар екен. Бірі – техникалық жолмен, яғни дайын ағаштарды отырғызып, оны өсіру. Екіншісі – табиғи жолмен, яғни егін екпей ағаштың өзі өсетініне мүмкіндік жасау.


© Дәурен ЖҰМАҒАЛИЕВ

Бірінші процес жоғалған орманды тез қалыпқа келтіруге мүмкіндік жасайды. Дайын ағаштарды әкеліп, оны отырғызып баптау керек. Ал екінші әдісте табиғи жолмен. Бірақ ол өте ұзақ уақытты және ерекше баптауды талап етеді. Сондықтан басқа да жаңа технологияларды пайдаланып, соны қарастыру керек. Ормандағы ағаштардың ең негізгі қорегі ол – су. Су болса  ағаш кез келген кезде өсе береді. Ағаштың тез өсетін жаңа түрлері де бар. Ағаштың қай түрін отырғызуға болады, оның қай түрі ормандағы климатқа бейім келеді осының барлығын бақылау керек. Солардың барлығын шаруашылықта қамтуымыз керек, - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, орманды қайта қалпына келтіру Қазақстан үшін аса қиын шаруа емес.

«Алапат өрттен кейін  Семейдегі орманның жағдайы не болмақ?» деген сұрақ көптің көкейінде жүрген болар.

Абай облысының әкімдігі «ҚР ормандарындағы санитариялық қағидаларға» сәйкес қазіргі таңда өңірде орман-потологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Семей орманы резерватында жыл сайын шамамен 4 мың гектарға жуық көлемінде орман дақылдарын отырғызу бойынша орманды қалпына келтіру іс-шараларын жүргізеді. Орман өртінің ауданын және орман дақылдарын отырғызудың жылдық көлемін ескере отырып, өрт кезінде өртеніп кеткен қарағайлы орманды қалпына келтіру үшін кемінде 20 жыл қажет болады. Қазіргі уақытта орман өртін жойғаннан кейін экология және табиғи ресурстар министірлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті комиссиясы орман өртінің ауданы мен залалын айқындайтын болады. Осыдан кейін орманды қалпына келтіруге бөлінген қаражат мөлшерін анықтауға болады. Орман өртінің туындау себебіне қатысты қазіргі уақытта уәкілетті орган мен анықтау органдары тергеу жүргізуде, оның нәтижелері бойынша орман өртінің туындау себебі анықталады, - дейді Абай облысының әкімдігі.

Шетелдегі орман шаруашылығы қалай дамыған?

Әлемде 400 мыңнан астам орман бар. Қазіргідей технология дамыған заманда ормандағы әрбір ағаш цифрландырылған және ол спутниктен бақыланып отырады. Бірақ біздің елімізде мұндай цифрлық есеп пен бақылау жүргізілмейді.

Әлем елдеріндегі орман шаруашылығында ормандағы әрбір ағаш цифрландырылған. Ағаштардың барлығы есепке алынып, цифрлы камера арқылы үнемі бақылауда тұрады. Біздің елімізде дәл осындай тәжірибе жетіспейді, - дейді Азаматхан Әміртай.

Экологтың сөзінше, бұндай бақылау мен есепті еліміздегі ең үлкен Шығыс Қазақстандағы орманнан бастау керек.


© Дәурен ЖҰМАҒАЛИЕВ

Иә, Ертіс орманы, Семей орманы, Қостанайдағы орман өрттен жапа шегіп отыр. Ең соңғы қалғаны еліміздегі ең үлкен ормандардың бірі Шығыс Қазақстандағы орманымыз. Оны қазірдің өзінде үлкен бақылауға алу керек. Биыл Қостанай облысында болдым. Өрт болған ормандағы жағдаймен таныстым. Орманда ағаш отырғызу процесінде салғырттық көп екен. Бұл –өткеннен сабақ алмадық деген сөз. Бұған Орман шаруашылығы комитеті жауапты ғой. Бұл салада ғылымның, мамандардың жоқтығы анық байқалады.  Әрі барлық мәселені мемлекеттілікке сілтеп қойып, қарапайым халықпен жұмыс істемеуінен де болып отыр, - деді ол.

Әрине, бұл жобаға үлкен қаржы керегі түсінікті. Егер мамандардың қолынан ештеңе келмей, жұмыстар орта жолдан тоқтаса, ормансыз қалғанымыз аздай бөлінген қаржының ізін таппай қалуымыз да бек мүмкін.

Бұл саланы тұтастай жемқорлық, ұрлық, браконьерлер жайлап кетті. Сондықтан олардың барлығын тоқтатпай, алдағы уақытта нақты бір өсім болады деп айту қиын. Осы тұста, саланы дұрыс басқарудың тиімді жолдарын қарастырып, табиғи жолмен де, техникамен де ағаш отырғызып, саланы цифрландыруды мықтап қолға алуды бастау керек, - деді Азаматхан Әміртай.  

Миражан Махан
Бөлісу: