Орман шаруашылықтары үшін өртке қарсы техникаларды сатып алуға 52 млрд теңге бөлінді

8 Қазан, 11:48 418

Үкімет отырысында Қазақстандағы орман аумақтарын сақтау және ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда соңғы 5 жылда орман алқаптарының ауданы 267 мың гектарға ұлғайтылды. Жалпы, бұл көрсеткіш 5% өсімді көрсетті. Орман қорғау мекемелерін техникалық жарақтандыруды қаржыландыруды ұлғайту және орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша шаралар қабылдануда.

Мәселен, өткен жылы техника мен жабдықтарды сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 15,9 млрд теңге бөлініп, 526 бірлік өртке қарсы және патрульдік техника сатып алынды. Биыл еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 1384 бірлік өртке қарсы техника мен 921 бірлік тіркеме және аспа жабдықтарын сатып алуға 52 млрд теңге, оның ішінде лизинг есебінен – 40 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралар еліміздің өртке аса бейім өңірлеріндегі орман қорғау мекемелерінің жарақтандырылуын 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Бұдан басқа, 900 мың га мемлекеттік орман қоры орман өрттерін ерте анықтау жүйелерімен қамтылған. Нәтижесінде орман өрттерінің аумағын едәуір қысқартуға қол жеткізілді. Келесі жылы 3,1 млрд теңге сомасына осындай жүйе «Семей орманы» резерватында енгізілетін болады. Министрліктер мен әкімдіктердің 12 мекемесі ондай жүйемен 24 млрд теңге мөлшерінде лизингтік қаржыландыру есебінен жарақтандырылатын болады.

Орман алқабын кеңейту бойынша жұмыс 651 мың га алаңда, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанында 413 мың га алаңда жүзеге асырылды. Соңғы төрт жылда елді мекендерді көгалдандыру жұмысы аясында шамамен 12 млн түп көшет отырғызылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: