«Ордабасыға» обал болды. «Ақтөбе» мен «Тобыл қуантты

29 Шілде 2023, 16:30 1184

Шілде басталса, еурокубокқа алаңдаймыз. Отандық командалардың аяқ алысына қараймыз. Биыл «Астана» UEFA Чемпиондар лигасына қатысса, «Тобыл», «Ақтөбе», «Ордабасы» өз күштерін Конференция лигасында сынап жатыр. Бүгін осы соңғы үшеуіне тоқталамыз. Екінші іріктеудің алғашқы ойынында екі командамыз жеңіске жетіп, біреуі тең түсті, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

Офсайдтан соғылған гол, белгіленбеген пенальти

Тең аяқталған Шымкенттегі ойынға төрешілік еткен исландиялық қазыларға жергілікті жанкүйерлердің және футболшылардың өкпесі қара қазандай.

Иә, «Ордабасы» Польшаның 15 дүркін чемпионымен кездесті. Қарсыласы өз елінің 15 дүркін чемпионы. Бірнеше мәрте Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы топтық кезеңдерінде ойнаған.

Сондықтан бұл жұпта «Легия» фаворит екені түсінікті болатын. Бірақ биыл «Ордабасының» да қарқыны жаман емес. Ішкі чемпионатта бірінші орында келе жатыр. Польшамен клубымен кездесуге жанкүйерлердің де қарасы қалың болды. Стадионда ине шаншар орын қалған жоқ. Тіпті, матчтың 48-минутында  Александр Седнев шәкірттері 2:0 есебімен алда тұрған.

Өкінішке қарай, басымдықты ұзақ ұстай алмады. Қорғаныстағы қателікті тиімді пайдаланған қонақтар матч аяқталғанша таразы басын теңестіріп үлгерді. Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді. Матч соңына қарай өзбекстандық шабуылшы Бобур Абдихоликов қарсыластың айып алаңында құлаған еді. Алайда төреші пенальти белгілемеді. Жергілікті жанкүйерлер наразылықтарын білдірді. Оны тыңдаған төреші жоқ. Сонымен қатар Бекхан Шайзада қақпасына кірген екінші гол офсайдтан салынды. Мұны Польша мамандары да мойындап отыр.

86-минутта матчқа қосылған Блаж Крамер «Қаһарманына» айналды. Ол  шабуылшы Павел Вшолектен пас алып, оны бос қақпаға тоғыта салды. Сөйтіп, есепті 2:2-ге өзгертті. Соның арқасында командасын жеңілістен құтқарып қалды. Бірақ гол соққанда Крамер офсайдта болды. Дегенмен қапталдағы төреші мұны байқамады. Сондай-ақ бұл матчта VAR болған жоқ, –  деп жазды Польшаның PilkaNozna порталы.

Осындай бассыздықты көрген «Ордабасы» футболшылары да матчтан кейін өз реніштерін білдірді.

Біз 3:0 есебімен жеңуіміз де мүмкін еді немесе 2:3 есебімен ұтылып қалуға да болар еді. Өйткені төрешілер өрескел қателік жіберді. Офсайдтан салынған голды есептейді, пенальти бермейді. Дания, Исландиядан төрешілер келіп, клубты өлтіріп жатыр. 2019 жылы да «Ордабасыға» осылай істеген. Бір кездері «Қайраттан» төрешілердің қателігінен кейін «Маккабиден» өте алмаған. Бүгін біз сондайдың құрбаны болдық. Мұндай бассыздық қашан тоқтайды? Кім тоқтау бола алады?, – деді қорғаушы Сергей Малый.

«Легия» командасының бас бапкері Коста Руняич ойыннан кейін шәкірттері біраз қиындыққа тап болғанын атап өтті. Шымкенттегі ауа-райының аптапты ыстық болуы да әсер етіпті. Позитив ретінде 0:2 есебімен жеңіліп жатып, теңестіргенін жеткізді.

Жеңіліп жатып, таразы басын теңестіруімізді жоғары бағалаймын. Соңына дейін берілмедік. Өкініштісі, бірнеше мүмкіндігімізден айырылып қалдық. Бірінші матч нәтижесі әлі ештеңені шешкен жоқ. Келесі апта тағы бір қиын матч күтіп тұр, – беді Руняич.

Ол пенальти болды ма деген сұраққа көрмегенін айтты.

Абдихоликов құлаған сәтті байқамай қалдым. Пенальти болған-болмағанын білмеймін.Мен арбитрдің шешімін құрметтеймін. Екі команда да таза ойнады. Кім болмасын жеңіске жеткісі келеді. Маған трибунадағы атмосфера ұнады, –дейді «Легия» бапкері.

Ал «Ордабасы» бапкері Александр Седневқа бәрі ұнапты. Ол мұндай ойын күнде бола бермейді деп отыр. Есеп 2:0 болған кезде де тағы да соғу керек еді деген секілді өкініштерін де айтып қалды.

Әрине, ондай кезде ойнау жеңіл.  Өкінішке қарай, матч басқаша өрбіді. Қолда тұрған басымдықтан айырылып қалды. Матчтың соңында тіпті ұтылып қалуымыз да мүмкін еді. Бізге өте қиын қарсылас түсті. Шымкентке мұндай деңгейдегі команда үнемі келе бермейді. Сондықтан бей-жай қалған жоқ. Стадион толы болды. Қолдау керемет. Бұл біздің басты жеңісіміз. «Легиямен» тартысымыз әлі аяқталмады. Қарымта кездесуде польшалықтардың өз алаңында басымдығы болары сөзсіз. Дегенмен, бізде қарап қалмаспыз, – дейді Александр Седнев.

«Ордабасы» бапкері де қарсыластың екінші голы офсайдтан салынғанын және төреші пенальти белгілемегенін еске салып өтті.

Енді екі команда 3 тамызда Варшавада кездеседі.

«Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан) – «Легия» (Варшава, Польша) – 2:2

Голдар: Садовский, 13 (1:0). Мбодж, 48 (2:0). Пекгарт, 63 (2:1). Крамер, 86 (2:2).

«Ордабасы»: Бекхан Шайзада, Гафуржан Сүйімбаев (Сұлтанбек Астанов, 88), Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Мамаду Мбоджи (Бернардо Матич, 75), Ауро Жуниор, Асхат Тағыберген (К), Евгений Макаренко, Шохбоз Умаров (Бобур Абдухаликов, 72), Бауыржан Исламхан (Думан Нәрзілдаев, 72), Всеволод Садовский (Еркебұлан Тұңғышбаев, 46);

«Легия»: Кацпер Тобиаш, Патрик Кун (Макана Баку. 62), Артур Енджейчик, Рафал Аугустыняк, Радован Панков, Павел Вшолек, Юрген Чельхака (Юрген Элитим, 62), Бартош Слиш, Марк Гуаоль (Эрнест Мучи, 73), Жозуэ (Мацей Росолек, 82), Томаш Пекгарт (Блаж Крамер, 82);

Рефери: Хельги-Микаэль Йоханссон (Исландия).

Шымкент, Қ. Мұнайтпасов атындағы орталық стадион.

Басшылықтың біліксіздігі нәтижеге әсер етпеді

Еліміздің күміс жүлдегері «Ақтөбе» Грузияның Кутаиси қаласына барды. Қарсылас жергілікті «Торпедо» клубы болды. Бұған дейін Боснияның «Сараево» командасынан жолынан ығыстырған.

Айтпақшы,  «Ақтөбе» матчқа санаулы сағаттар қалғанда әзер жетті. Бұған клуб басшылығы кінәлі. Көктемде клубқа Сергей Куленко деген ресейлік азамат директор болған. Ол матчқа Тула қаласынан чартерлік рейс жалдаған. Мұны біліп қойған Грузия тарапы ұшақты қабылдаудан бас тартты. Әрине, санкция ұшыраған елдің ұшағын қалай қабылдасың?

Матчтың алдында клубтың директорлар кеңесінің төрағасы Болат Мажағұлов қызметінен кетті. Бірақ Сергей Куленко орнында. Жанкүйерлер директордың кетуін талап етіп жатыр. Әзірге тыңдар құлақ жоқ. Ал Мажағұловтың орнына Ақтөбе қаласының әкімі, бұрынғы боксшы Азамат Бекет тағайындалды.

Әйтеуір, осы жағдай команданың ойынына әсер етпеді. «Ақтөбе» Кутаисиде оңай жеңіске жетті.

Кездесудің 34-минутында қорғаушы Әлібек Қасым пенальтиден есеп ашқан. Ал 43-минутта Милош Раичкович екінші голды соқты.

Үзілістен кейін де Анрдрей Карпович шәкірттері қарқындарын бәсеңдеткен жоқ. Алдымен Максим Самородов көзге түсті. Сосын 89-минутта алаң иелері есеп айырмасын бір допқа қысқартқан. Дегенмен, «Ақтөбе» футболшылары төртінші голды да соғуға шамалар жетті. Оның авторы Андрия Филиппович. Қорытынды есеп – 1:4.

Екінші таймда ерекше көзге түскен хорватиялық футболшы Филипович матчтан кейін эмоциясын жасыра алмады. Ол біраз уақыт бас бапкер Андрей Карповичпен тіл табыса алмай, алаңға шыға алмай жүрген.

Қарсылас жақсы команда. Біз мінез таныттық. Команда ретінде өзімізді көрсете алдық. Сондықтан маңызды жеңіске қол жеткізді. Енді Ақтөбеде қарымта матч бар. Біраздан бері алаңға шықпай кеткенім рас. Соңғы бір ай қиынға соқты. Командадан кетіп қалды деген фейк ақпарат тарады. Мұның бәрі өтрік. Өз мүмкіндігімді күттім. Бапкер осы жолы алаңға шығарды. Бірден командаға үлесімді қосуға тырыстым. Нәтижелі ойын көрсеткеніме қуаныштымын. Енді әр матчта осылай үлес қосқым келеді, – деді футболшы матчтан кейін.

Айтпақшы, «Ақтөбе» клубының негізгі қорғаушыларының бірі Лука Гадрани осы матчта жарақат алып қалды. Бас бапкер Андрей Карпович те өкінішін білдірді.

Команданың көшбасшы ойыншыларының бірінің қатардан шығып қалуы қиын жағдай. Ол бірнеше апта бізге көмектесе алмайды. Матч нәтижесі көңілден шыққанымен, мына жағдай ауыр соқты. Сонымен қатар Арман Кеңесовтің де жарақаты бар. Шомко мен Раичкович сары қағаздарына байланысты алдағы матчқа қатыса алмайды. Енді жаңадан келген ойыншыларды алаңға шығарамыз. Оларды сынақтан өткізетін уақыт жоқ, – дейді Карпович.

Ал Торпедо» Кутаиси бапкер Стив Кин енді қарымта ойында қорықпай шабуылға шығамыз деп отыр. Алғашқы матчта жоспарлары жүзеге аспаған екен.

Біздің стратегия агрессиялық ойын көрсетіп, прессинг жасаймыз деп жоспарлап едік. Бірақ қолдан келмейді. Қапталдағы қорғаушыларға темп жетіспеді. Екінші таймда белсенді ойнадық. Көптеген қауіпті сәттеріміз болды. Алайда көбісін пайдалана алмадық. Сол себепті қателесіп, жазасын тарттық. Мұндай нәтиже қатты қапалымын. Енді қарымта шабуылда белсенді ойнау. Алғашқы минуттан гол соғуға тырысамыз. Бізде басқа жол жоқ. Әйтпесе, келесі кезеңге өту қиын, – дейді Стив Кин.

 «Торпедо» (Кутаиси, Грузия) – «Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан)  –1:4

Голдар: Қасым, пенальтиден 34 (0:1). Раикович, 43 (0:2). Самородов, 73 (0:3).Арабидзе, 89 (1:3). Филипович,90+3 (1:4).

«Торпедо» Кутаиси: Филип Кляич, Лаша Шергелашвили (Кайке Давид, 46), Цотне Надарая, Ника Сандохадзе, Педру Монтейру, Мераб Гигаури, Рахмат Акбари, Георгий Кобуладзе, Ираклий Бугридзе (Алдаир Нету, 78), Георгий Арабидзе, Георгий Панцулая (Мауро Кабальеро, 83);

«Ақтөбе»: Стас Покатилов, Дмитрий Шомко (К), Дмитрий Яшин, Лука Гадрани (Ескендір Қыбырай, 71),​ Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Леонел Струмия, Милош Раичкович.  Максим Самородов (Идрис Умаев, 80), Бауыржан Байтана (Андрия Филипович, 71)​, Элдер Сантана (Абылайхан Жұмабек, 80);

Рефери: Жонатан Лардо (Бельгия).

Грузия, Кутаиси, Рамаз Шенгелия атындағы стадион.

«Базельдің» мысы баса алмады

Ал Қостанайдың «Тобылы» тіпті сенсациялық нәтиже тіркеді. Шыны керек, Швейцарияда жеңіс тұрмақ, тең нәтиже бола ма деп күмәндағандар көп еді. Команда визаға байланысты көп қиындыққа тап болып, Базельге әзер жеткен. Дегенмен, «басы қатты болғанымен, арты тәтті болды».

UEFA Конференция лигасының былтыр жартылай финалына дейін жеткен «Базель» өз алаңында түк істей алмады. Жерлестеріміз 3:1 есебімен жеңіске жетті. Негізі бірінші таймда «Базель» 1:0 есебімен алда тұрған. Бірақ үзілістен кейін бәрі өзгеріп шыға келді. Матчтың 54-минутында Рамазан Оразов пенальти сала алмаған болатын. Бірақ арада үш минут өткенде төреші тағы пенальти белгіледі. Бұл жолы нүктеге Серж Дебле келіп таразы басын теңестірді. Одан кейін Рамазан қатесін түзетіп, «Тобылды» алға шығарды. Матчтың нүктесін Ислам Чесноков қойды. Қорытынды есеп – 1:3.

Келесі бейсенбіде қарымта матч Қостанайда өтеді.

Шабуылшы Серж Дебле (8,1) осы ойынның үздігі атанды. Оның еншісінде бір гол және нәтижелі пас бар. Екінші орынға «Базель» сапынан Дан Ндойе танылды (8,0). Үздік үштікте «Тобылдың» тағы бір футболшысы Ислам Чесноков (7,9), бар.

«Базель» футболшыларына бұл жеңіліс ауыр соғыпты. Команданың 32 жастағы қорғаушысы Михаэль Ланг бұрын мұндай жағдай басымнан өтпеген. Не айтарымды білмей қалдым. Мұндай жағдай жиі болмайтынын мені танитын адамдар біледі деп отыр.

Бұл «Базельдің» әрбір жанкүйері үшін күтпеген нәтиже болды. Екі қызыл қағаздан кейін, әрине, жаңа ойыншылармен қиын болды. Алаңнан қуу ешқашан әдейі болмайды. Бірақ қызыл қағаз қазір біздің елде тым жиі көрсетіледі, – дейді жартылай қорғаушы Ваутер Бюргер.

Ал «Тобыл» бапкері Милич Чурчич қарымта ойында Қостанайда футбол мерекесі болады деп күтеді.

Біріншіден, «Базель» сияқты командамен ойнаудың орны бөлек, мықты команда, тарихы тереңде, дәстүрге бай клуб. Команда жыл сайын еурокубоктарда өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар Швейцариядағы ең жақсы инфрақұрылымға ие. Сол үшін де «Базель» оңай берілетін қарсылас емес.Футболда мүмкін емес ештеңе жоқ. Әрқашан өзіңе, мүмкіндіктеріңе сенуің керек. Қазақстанның атынан шығатын жігіттеріміз осындай беделді турнирдің қарымта матчтында лайықты өзнер көрсетіп, барын салатынына сенімдімін, – дейді Чурич.

 «Базель» (Базель, Швейцария) – «Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) – 1:3

Голдар: Барри, 25 (1:0). Дебле, 57-пенальтиден (1:1). Оразов, 62 (1:2). Чесноков, 71 (1:3).

Пенальти сала алмады: Оразов, 54

Алаңнан қуылды: Барри 56, Калафьори 69.

«Базель»: Мирко Сальви, Риккардо Калафьори, Финн ван Бреемен, Арнау Комас, Михаэль Ланг (Нассер Джига 77) – Фабиан Фрай, Ваутер Бюргер (Таулант Джака, 39), Доминик Шмид (Жан-Кевин Огюстен, 68), Дан Ндой, Антон Каде (Серхио Лопес, 77), Тьерно Барри;

«Тобыл»: Иван Коновалов, Роман Асранкулов, ​Иван Рогач, Боян Младович, Бағдат Қайыров, Самат Жарынбетов (К) (Момчило Мркаич, 81), Йован Илич, Рамазан Оразов (Павел Забелин,  72), Милан Вукадинович (Альберт Габараев 90+1), Ислам Чесноков (Бейбіт Ғалым, 90+1), Серж Дебле (Жаслан Жұмашев. 81);

Рефери: Густаву Коррея (Португалия).

Швейцария, Базель, стадион Санкт-Якоб Парк.

Әзиз ӘБІШ
Бөлісу: