Орбұлақ шайқасы

31 Тамыз 2017, 10:59 61029

Тарих тұнған мекен

Өткен тарихымызда ауыр әрі қасіретті кезеңдер көп. Ел үшін, жер үшін талай ғасыр күресіп келген ата-бабаларымыз шайқастың небір түрін көрді. Ел есінде қалып, қазақ батырларының ерлігі аңызға айналған айқастың бірі — Орбұлақ шайқасы. Жоңғарларды ойсырата жеңген бұл соғыстың халқымыз үшін маңызы зор. Осы орайда, Орбұлақ шайқасы болған мекеннің тарихын зерттеумен айналысып жүрген жас тарихшы — Азат Бақытұлымен сұхбаттасып, бұл тарихи оқиға жайында сұрап білген едік.

—  Орбұлақ шайқасы туралы мағлұматтарда нақтылық жоқ әрі қарама-қайшылықтар көп. Мұның себебі неде?

—  Жалпы, 16-18 ғасырдың тарихына қатысты нақты деректерді табу өте қиын. Сондықтан да тарихымызда сыры ашылмаған, беймәлім жайттар көп. Шайқастағы кейбір оқиғалар шындыққа жанаспай, тарихи тұрғыдан шешімін таппағанымен, Орбұлақ шайқасының болғаны анық. Кейбіреулер бұл соғыстың болғанын аңыз деп жүр ғой. Бірақ олай емес. Шайқас 1643 жылдың жазында қазақ хандығы мен жаңа пайда болған жоңғар хандығының арасында болды. Қақтығыстың басты себебі, жаңағы жаңа пайда болған жоңғар мемлекетіне территория керек болды. Жоңғар да, қазақ та - көшпелі халық. Яғни, бұл елдер үшін жер аумағының үлкен болуы өте маңызды. Сөйтіп, жоңғар хандығының негізін қалаған Батыр қонтайшы елу мың әскерімен қазақ шекарасына басып кірді. Бұны дер кезінде естіген қазақ хандығының сол замандағы басшысы Жәңгір хан бар жоғы 600 жасағымен тойтарыс береді. Шайқастың географиялық орнына тоқталар болсақ, бұл оқиға Жоңғар Алатауының етегінде Орбұлақ өзенінің бойында болған. Яғни қазіргі Алматы облысы, Алтынемел асуында. Бүгінде ол жерде осы шайқастың құрметіне орнатылған ескерткіш бар. Мұндағы екі таудың ортасында қазақтар жоңғардың қалың қолына небәрі 600 әскермен 3 күндей төтеп береді. Айқастың үшінші күні Жалаңтөс батыр 20 мың қолмен көмекке келеді. Сөйтіп жоңғарлар бұл соғыста жеңіліс табады.

— Орбұлақ шайқасындағы жоңғарлардың санына байланысты сан түрлі дерек бар. Осылардың қайсысы дұрыс, болмаса шындыққа жақын?

— Жалпы былай қарасақ, 600 әскердің 50 мың қолды жеңуі ақылға қонбайтын жағдай сияқты көрінеді. Кейбір деректерде жоңғарлар саны 20 мың, кейбірінде 50 мың деп көрсетіледі. Бірақ  мән беріп қарайтын болсақ, 50 мың деген дерек шындыққа жақын. Себебі, шайқастағы жоңғарлардың шығыны 10 мың әскер болды. Ал Батыр қонтайшының әскерінің тең жартысынан айрылуы мүмкін емес. Себебі, көптеген деректер бойынша жеңіліс тапса да, ол өзімен бірге 10 мыңнан астам тұтқын алып кеткен екен. Яғни қайтар жолда қарапайым ауылдарды шауып, қызын күң, ұлын құл ғып ертіп кетіп отырған. Соған қарап оның әскер санының да біршама болғанын байқауға болады. Яғни Орбұлақ шайқасына жоңғарлар 50 мың қолды бастап келді деген дерек шындыққа жанасады.

— Бар-жоғы 600 әскер 50 мың қолға қалайша төтеп бере алды?

— Бұл жерде айқас болған жердің географиялық ерекшеліктері маңызды рөл атқарып тұр. Мұндағы соғыс тактикасы ежелгі Грекиядағы 300 спартандықтардың жауды жеңу техникасына сай келеді. Бірақ біздің жасаған ерлігіміз спартандықтардікінен де асып түседі. Бұған кейін тоқталармын. Географиялық ерекшеліктерге келер болсақ, Жәңгір хан екі таудың ортасындағы терең сайға өз әскерін орналастырады. Кейбір деректер бойынша, екі таудың биіктігі 200метр, теңіз деңгейінен қарайтын болсақ 2000 метрге дейін барады. Бұл енді біршама биік. Сол себепті жоңғар әскері қос таудың ортасынан өтуі тиіс. Жәңгір хан бұл жерде қазақ тарихында тұңғыш рет орын алған, бұрын мүлдем қолданбаған әдісті қолданады. Ол яғни — ор, окоп қазу. Көшпелі қазақ тарихында окоп қазып соғысу деген ешуақытта болмаған. Міне осы тактиканы алғаш болып 1643 жылы Жәңгір хан енгізеді. Сол жерлерді қазып, садақ емес, кәдімгі орыстардан сатып алған тапанша сынды қаруларымен қазақ әскерлері ор ішінде, ал екі таудың шыңында мерген садақшылар мен тасатқыш жауынгерлер отырады. Сөйтіп, жоңғар қонтайшысы еш алаңсыз екі таудың ортасына кіре бастаған сәтте таудың биік тұсынан тастар лақтырылады. Нәтижесінде жоңғар әскері екіге жарылады. Бір бөлігі қуыстың ішінде, бірі сыртында қалады. Осы тұста қазақтар ес жинауға мүмкіндік бермей, бірден оқ жаудыра кетеді. Бұндайды күтпеген жоңғарлар зор шығынға ұшырайды. Мұндағы мыңдаған қолы бар жоңғар жеңілісінің негізгі себебі — соғыстың күтпеген жерден басталып кетуі. Сөйтіп, Жәңгір хан екі күндей жоңғар әскерін сол қуыста ұстап отырады. Соғыстың тағы да тың әдістерін қолданды деген дерктер бар. Бірақ жалпы шайқас барысы осылай болған.

Енді бағана айтқан әлемге әйгілі 300 спартандықтың ерлігінен Орбұлақ шайқасындағы қазақтардың ерлігі несімен артық деген сұраққа келсек. Бұл - біздің заманымызға дейін 408 жылы болған оқиға.  Атақты Леонидтің 300 әскермен парсының 120 мың қолын жеңгені жайлы тарихта дерек бар. Аталмыш шайқаста да біздің Жәңгір ханның тәсілі бойынша жауды тау ортасындағы сайға тығып ойсырату әдісін пайдаланған. Енді қазіргі таңда бұл шайқастағы ерлік аңызға айналып, бүкіл әлемге әйгілі болып отыр ғой. Голливуд бұл жөнінде 3 циклді фильм түсірген. Міне, бұл ерлікті жас та, кәрі де біледі. Ең өкініштісі, осы 300 спартандықты көріп өскен біздің қазақтың жастары орбұлақ шайқасындағы ерліктен хабары жоқ. Шындап келген кезде, жауға шапқан адам саны емес, Спартадан шыққандардың саны 300 болды. Сол заманда гректер кішігірім полюстерге бөлінді. Солардың әрбірінен жиналған әскер санын қосқанда 5 мыңға дейін барған. Ал біздің Жәңгір хан шынымен де небәрі 600 әскерімен жауға қарсы тұрды. Бұл соғыста қазақтар жеңіске жеткенімен, одан кейінгі шайқастарда, өкінішке орай, үлкен шығынға ұшыраймыз. Дегенмен бұл айқастағы ерлігі үшін Жәңгір ханды халық Салқам Жәңгір яғни, айбатты хан деп атап кеткен. Бұл тұлға тарихта осындай атпен қалады.

— Дәл осы шайқастың біздің тарихта алатын орны қандай?

— Енді бұл шайқас қазақтардың көзсіз батырылығының көрінісі болды. Әрине бұдан өзге шайқастарда да қазақ әскері үлкен ерлікпен соғысқан. Бірақ дәл осы шайқас ашынған халықтың ашу-ыза, кегі шегіне жетіп, арнасынан асып түскен шағы еді. Себебі, жоңғарлар көшпелі қазақтың бейбіт күн кешіп отырған момын ауылдарына аш қасқырдай түсіп, қырып-жоюмен келді. Бұл шайқас арқылы қазақ халқының қандай ел екенін тек жоңғар ғана емес, бүкіл әлем білді. Себебі, біз мәселе санда емес, сапада, намыста екендігін бүкіл әлемге дәлелдедік. Әрине, Бұланты шайқасы болсын, кейінгі Аңырақай шайқасы болсын бәрі де жеңіспен аяқталды. Барлығының тарихи маңызы зор.  Бірақ бұл соғыс аздың көпке төтеп бере алатындығын көрсетті. Оның маңыздылығы да сонда.

— Орбұлақ шайқасы жайлы тарихи мағлұматтар жинастырып, тереңірек зерттеген ғалымдар бар ма?

— Енді шыны керек Орбұлақ шайқасы жайлы деректер өте аз. Орыстың Левшин деген тарихшысы біраз зерттеулер жүргізген. Бұл жерде қазақ тарихшыларын кінәлау да орынсыз болар. Себебі бізде дерек көзі жоқтың қасы. Егерде сол заманда қазақтарға қарсы шапқан 50 мың жоңғар емес, қытай болса, онда біршама деректерге қол жеткізер ме едік?! Себебі олар жазу-сызуы ерте дамыған ел ғой. Қалай болған күнде де Орбұлақ шайқасы - әлі де көптеген зерттеулерді қажет ететін тарихи оқиға.

— Әңгімеңізге рахмет!

Жазира Берғалиева
Бөлісу: