30 Маусым 2014, 04:16
Орбұлақ шайқасы – маңызы орасан шайқастардың бірі. Бұл – қазақ жасақтарының Жоңғар басқыншыларына ымыралықпен, бірлікпен байласа, біріге тосқауыл берген алғашқы нәтижелі ұрыстарының бірі. Сондықтан да шайқастың тарихымызда маңызы ерекше.
Шайқас ұзақ жылдар бойы Жоңғарларға өмірлік ұрысын арнаған, жоңғарларды жер бетінен құртуды армандаған хандардың бірі – Есім ханның ұлы хан Жәңгір мен Жоңғарлардың Батыр қоңтайшысы арасында өткен үлкен соғыс. Жазық жазирада тыныш, момақан ғана ғұмыр кешіп жатқан көшпелі халықты қанап, қасқыр тартқан қойша қырған Жоңғарлардың қарқынының белең алып бара жатқанын сезген Жәңгір хан қол астына жаужүрек батырларын жинап жауына қарсы ұмтылады. Небәрі 600 ғана адам қолымен жоңғардың 10 мың әскерінің қанын төккен шайқас бұл. Қазақтың ашынғандығы жеңістің басты себебі секілді.
Жәңгір хан жоңғар әскерлерінің тактикасын әбден жете зерттей білді. Күтпеген тосын тактиканы өзі де ойлап тапты. Хан Жәңгір ұрыс орнына Ор деп аталатын кішкене өзеншесі бар тау арасын қолайлы деп тауып, әскерін «ор қазу» әдісіне жаттықтырды. Оның ойлағаны іске асып Батыр қоңтайшының қалың қолын ортадан қоршап сасқан жау қолының он мың әскерін дем арасында қырып тастайды. Жәңгір ханға 20 мың қолды бастаған Жалаңтөс батыр көмекке келеді. Қазақтардан айласын асыра алмаған жоңғар ханы қалған қолын жинап, ойсыраған шығынмен кейін шегінуге мәжбүр болады. Аты дардай жоңғар ханына үлкен ұят саналған шайқастың соңы қазақ жасақтарының үлкен жеңісімен аяқталады.
Орбұлақ шайқасын ұйымдастырушы Жәңгір ханға тек Жалаңтөс батыр ғана емес қазақтың ержүрек, дарабоз батыр, жыраулары да түйіле қатынасты. Атап айтар болсақ, арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, Бөдес, шапырашты Қарасай, тана Жиембет жырау, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді, дулат Жақсығұл, қырғыз Көтен мен Табай, т.б. батырлардың үлесі шайқастың жеңіске жетуіне де өз септігін тигізді.
Орбұлақ шайқасының маңызы – қазақтарды жоңғарлардың ғана емес бүкіл әлемнің мойындауын туғызған шайқас болды. Сонымен қатар, қазақ даласындағы шайқастарды ұзақ жылдарға толастатып, жоңғарларды қайта қазақ сахарасына басып кіруіне жүректерін шайлықтырардай әсер де қалдырды. Қазақ даласы сәл де болса жау езгісі мен зәбірінен құтылып, жаймашуақ тіршілігін жасай білді.