Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оразаны кейінге қалдыруға рұқсат етілетін жағдайларды түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, жолаушылар, денсаулығында ақауы бар жандар немесе сырқаты асқынып кетуінен қауіптенетін адамдар, сондай-ақ жүкті және емізулі баласы бар әйелдер оразаны кейінге шегере алады. Бұл – шариғатта рұқсат етілген жағдайлар.
Ислам діні адамдарға жеңілдіктер жасап, ауыз бекіту, зекет және садақа беру сияқты діни міндеттерді орындауға шамасы жетпейтіндерді ауыртпалықтан босатқан. Егер біреудің ораза ұстауға немесе садақа беруге мүлде мүмкіндігі болмаса, ол Алланы мадақтап, пайғамбарға салауат айтып, әрдайым дұға-тілекте болуы керек, – дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен бірлесіп, биылғы Рамазан айының басталу күнін бекіткен болатын.