Ораза кезінде қалай тамақтану керек? Нутрициолог кеңесі

Кеше, 11:04 478

Ораза — мұсылмандар үшін діни және рухани маңызы бар ғибадаттардың бірі. Бұл айда мұсылмандар таңнан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, жаман әрекеттерден, теріс сөздер мен артық ойлардан ада болып, өздерін рухани тазартып, Аллаға жақындауға тырысады. Ораза ұстау — мұсылмандар үшін Алланың әміріне мойынсұнып, сабырлық пен төзімділікті арттыратын маңызды амал. Осыған орай, El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі нутрициолог мамандармен тілдесіп, Рамазан айында ораза тұтатын жандарды дұрыс тамақтануға шақырды.

Оразаның басты мақсаты — адамның рухани дүниесін тазарту, жаман әдеттерден арылту, сабырлық пен шыдамдылықты дамыту. Сондай-ақ, Аллаға деген құлшылықты тереңдету. Бұл уақытта мұсылмандар ішіп-жеуден ғана емес, теріс мінез-құлықтан, арам ойлардан да аулақ болуға тырысады. Ораза арқылы адам Құдайға деген сенім мен сүйіспеншілікті нығайтып, Алланың рахметіне, оның берер нығметіне қол жеткізуге ұмтылады.

 Төрегелді Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айгүл Қожахметова оразаға қалай дұрыс дайындалу керектігін және аштыққа ағзаны алдын ала қалай бейімдеуге болатынын айтты. 

Оразаға алдын ала 1-2 апта бұрын күнделікті тұтынатын тағамдар көлемін азайтып, аптасына 1-2 рет жеңілдетілген (разгрузочный день) күндер жасап, яғни 1 күн бойына әр қабылдағанда 200-300 грамнан көкөніс салатын 3-4 рет, 1 кг тек алма не тәттілігі төмен басқа жемістер, сүзбе, айран сияқты өнім түрлерінің бір түрін ғана тұтынып, ас қорыту жолдарына жүктеме түсіріп, ауыр қорытылатын, майлы тағамдарды шектеп, ағзаны дайындауға болады. Бірақ ертеңіне шамадан тыс тойып, өткен күннің есесін қайтаратындай артық тамақ ішуге жол жоқ,-деп түсіндірді маман.

Аштық - ағзаны тазалаудағы ең тиімді әдіс. Сондықтан, кейбір созылмалы аурудың асқынуы немесе асқазан аурулары болмаса, қазіргі қимыл-қозғалысы аз жұмыспен айналысатын барлық кәсіп түрінде ашығуды ораза алдында ғана емес, жыл бойына аптасына 1-2 рет ұйымдастырып, организмнің төзімділігі мен адамның ерік-жігерін қалыптастырған абзал.

Жалпы дәрігердің кеңесін алып, ағзада микронутриенттік жетіспеушіліктердің бар-жоғын бағалау үшін, қанның биохимиялық талдауын чек-ап ретінде тексертіп, егер де дәрумен мен минералдық заттектердің деңгейінде ауытқулар болса, ашығу мерзімін сиретіп, ағзадағы тапшылықтың орнын толтыратын қосымша қажетті дәрумен мен минералдарды қабылдап, ораза кезіндегі ауыз бекіту ойдағыдай өтуі үшін сақтық шараларын жасаған жөн. Қазіргі дұрыс тамақтанбай, сирек тамақтанатындар қатарында осындай жетіспеушіліктер болған жағдайда, ораза кезінде түрлі қиындықтар тосып тұруы мүмкін,-деп нақтылады ол.

Асқазан сыйымдылығы - 1500 мл. Десе де көп тамақ сияды не күні бойы аш жүремін деп толтыра беруге болмайды. Адам неғұрлым көп тамақ жесе, күндіз сол желінген тамақты қорытуға көп энергия жұмсайды. Сол себепті тез шаршауы мүмкін. Егер аз жесе, аз тамаққа аз энергия шығындалады. Сондықтан, күнделікті сәресіне бір-екі тілім асылған ет, суға пісірілген жұмыртқа, езіліп піскен жарма ботқасы, айран не йогуртқа сұйықтау етіп қарылған талқан, жент, 1-2 тілім нанмен майлы қазы, қойдың құйрықмайы, сары май, ірімшіктер жеген қолайлы. Осы тізімдегінің екі-үш түрінен орташа тарелка толмайтындай салып жеген дұрыс. Ал жейтін тағам түрі молынан деп, бәрінен араластырып жесе ашу мен божу үдістері туындайды. Қуырылған, майлы тағамдар болса да бойыңыздағы энергиядан осы майлы тағамды қорытуға күш көп жұмсалып, қарныңыз тез ашуы мүмкін. 

Ауызашарды сағына күтіп, бірден күні бойы аш құрсақ болған асқазанға көп көлемде тамақ толтыруға болмайды. Әдетте ауызашарға дастарқан молынан жайылып, бар дәмдіні көргеннен әрқайсысын шамадан көп жеп қойғанын байқамайды. Алдымен күні бойына аштық пен шөліркеген ағзаны құрамы дәруменге мол сусын, миға тез қуат беретін жемісқақтан компот, сұйық көже мен сорпа ішкен өте пайдалы. Сондықтан, су не шәй, компот сияқты сусындарды ішкеннен кейін асылған, буға піскен, бұқтырып піскен ыстық тамақтардан аздап жеуге болады. Түрлі ысталған, тұздалған не түрлі қышқыл-ащы тұздықтарымен салаттар секілді  шөлдеуді күшейтетін тағамдардан аулақ болған дұрыс. Тәбетіңізге ерік беріп, артық жеп қойған жағдайда, күні бойы тыныққан асқазан ферменттері тамақ қалдықтарын ыдыратып, қорытуға шамасы келмей асқазанда ауырлық сезіммен мазалап, ұйқыңыз бұзылуы мүмкін. Кейбір адамдар осылайша ораза кезінде ауруларын асқындырып, кейде артық салмақ қосып алады,-деді.

Ораза ұстаудың қағидаларына және  медициналық қарсы көрсеткіштерге сәйкес ауру-сырқаулығы бар адамдар, оның ішінде асқазанның өршімелі қабыну, жара ауруларында ораза ұстаудан босатылады.

Қандағы қант деңгейі сырттан түсетін тағам және ұйқы безінің жұмысымен бақыланады. Қант деңгейін көтеру қажет деп, тәттілігі жоғары десерттік тағам, печенье, шоколад, газды сусындар сияқты өнімдерді сақтықпен аздап тұтынған абзал. Себебі күніне ағзаға бар болғаны 15-17 гр. артық қант түспеуі керек. Осы қағидалар бұзыла берсе, ұйқы безінің тәтті өнімдегі қантты сіңіруі, ыдыратуына жүктеме түседі, шөлдеу артып, артық сұйықтық ішуге итермелейді. Ол зәрдің көптеп шығуына, ал оның салдары ағзадағы қажетті минералдық заттектердің шайылып кетуіне жалғасады. Сондықтан, табиғи қант көздері жемісқақ: кептірілген өрік, құрма, мейіз, жемістер арқылы қант деңгейін ұстауға болады.  

Ораза кезінде шаршау мен әлсіздікті сезінбеу үшін қандай тағамдар жеу қажет? Ағзадағы ашығу, тазару үрдістері барысындағы уытты заттардың ағзадан бөлінуінен, дәрумендің жетіспеушілігі салдарынан да адам әлсіз, шаршағыштыққа бейім болады. Ол жағдай қазіргі таңда жиі тараған В тобы мен Д дәрумен тапшылығына да тән. Сол себепті жоғарыда айтылған сәресі мен ауызашар кезінде қосымша ББҚ түріндегі дәрумендер қабылданса, жеңілірек өтеді,-деп толықтырды сарапшы.

Қауымдастырылған профессор «жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға ораза ұстауға бола ма?» деген сұраққа жауап беріп, бұл санаттағы аналар оразасыз да сәбиіне күтім жасау, емізу, үйдегі басқа балаларына қамқорлық жасау сияқты тіршілігімен айналысуда ұйқы, демалыс жеткіліксіздігі және ағзаларындағы жиі теміртапшылықты анемия т.б. жетіспеушіліктер 4-5 рет тамақтанудың өзінде жиі байқалатынын алға тартты. Сондықтан мұндай аналарға ораза ұстауды кейінірекке шегерген дұрыс деп топшылады.

Ал отбасылық дәрігер Гүлмаржан Құрманова «сәресіге ұзақ қорытылатын, тоқтық сезімін беретін тағамдар жеген дұрыс» деп отыр.

Оның айтуынша, ас мәзірінде күріш, қарақұмық, сұлы ботқасы, жұмыртқа, сүзбе, көкөністер, айран сияқты өнімдер болса жақсы. Ал кешкісін ауызды жеңіл тағамдармен ашу керек.

Су, құрма, көкөністер, ет пен балықтан жасалған сорпалар, көмірсулар, тұтас дәнді-дақылдан жасалған нан, макарон өнімдерімен ауыз ашқан жөн. Ауыз ашу уақыты кешқұрым. Ал кеш уақытта зат алмасу процессі баяу жүретіні мәлім. Сол себепті өте ауыр тағамдарды жемеген дұрыс. Максималды түрде кешкі астың жеңіл болғанын қадағалау керек. Сәресіне тойып жесеңіз, келесі күні сергек жүріп, күш-қуатыңыз тасып тұрады. Сол себепті жеңіл тағамдармен ауыз ашып, ауыз бекіткенде құнарлы, ұзақ уақыт қарын аштырмайтын тамақ жеу қажет,-деді нутрициолог.

Отбасылық дәрігер кеңесіне сүйенсек, ауыз ашқан соң ұйықтап қалмай, бір-екі сағат жүріп, асты қорытқан дұрыс. Бір ескере кететіні, таңертең тойып жесе, сәресіне тәбеті болмай қалуы ықтимал. Ал келесі күні кешке дейін энергия жетпей, шаршап, әлсіреп қалуы мүмкін. Осындай қарапайым қағидаларды ескерген жөн.

Ұзақ аштықтан кейін асқазанға ауырлық түсірмеу үшін қуырылған, майлы, ащы тағамдарды жемеңіз. Кофе мен газдалған сусындар асқазанның сөлін көбейтіп, қыжыл тудырады. Бұл сусындар қандағы қанттың деңгейін көтеріп жібереді. Тым суық және тым ыстық тағамдарды да қолданбаңыз. Мұның барлығы асқазанның шырышты қабатын тітіркендіреді,-деді сарапшы.

Күніне 1,5-2 литр су ішу керек. Бірақ бұл - бәріне бірдей әмбебап норма емес. Су мөлшері дене салмағына 30 мл-дан есептеледі. Яғни, әр адам өз салмағына сай су мөлшерін ішуі қажет. Сонда да өзін мәжбүрлеп, су мөлшерін орындау дұрыс емес. Әр екі-үш сағат сайын 1 стақан су ішіп тұрсаңыз жеткілікті. Ораза кезінде су балансын сақтау үшін ауызашар уақытында 1-2 стақан, сәресіне 2-3 стақан су ішу қажет. Лимонад сияқты газдалған әрі тәтті сусындарды, энергетиктерді мүлдем ұмытқан жөн. Оларды үйден жасалған компотпен алмастыруға болады. Әйткенмен, таза суға ешнәрсе жетпейді.

Ауызашардан кейін ісіну болмас үшін тұзды әрі ащы тағамдарды азайту керек. Себебі суды ағзада ұстап қалатын - тұзды тағамдар. Кофе мен қара шайды да шектеу қажет. Ол ағзадағы пайдалы элементтерді біртіндеп шайып кетеді. Міндетті түрде тамақтанып болған соң жата қалмай, кем дегенде 5-7 мың қадам жасау дұрыс.

Күні бойы шаршап, әлсіреп қалмау үшін көмірсулар, ақуыздар, дұрыс майлар, көкөністер мен жемістерді жеу қажет. Қарақұмық пен күріштен бөлек, бұршақ, қоңыр және басмати күрішін қолдануға болады. Өсімдік ақуызы, бұршақ тұқымдастар, жасымық немесе саңырауқұлақтан жасалған крем-сорпалар да пайдалы. «Дұрыс» майлар ретінде зәйтүн майы, авокадо майы, грек жаңғағын пайдалануға болады. Сонымен қатар, С дәрумені және антиоксиданттарға бай көкөністер мен жемістер, В тобындағы дәруменмен  байытылған шөп-шалаңды жеу керек. Ал ақуыздарға бауыр сияқты субөнімдер жатады. Оның құрамында пайдалы микроэлементтер мен темір бар. Осы тағамдарды сәресіне пайдалансаңыз, күні бойы тоқ жүресіз,-деп нақтылады ол.  

Маманның айтуынша, ауызашардан кейін 1,5-2 сағаттан соң спортпен айналысуға рұқсат. Бұл уақытта ағза жеңіл жаттығуларды орындауға дайын. Спортпен шұғылдану арқылы денеге қан жүгіртесіз. Ал ауыз бекітулі кезде ауыр жаттығуларды жасаудан аулақ болған жөн. Әйтпесе денедегі қанттың деңгейі күрт төмендеп, жайсыздық сезімін тудырады. Шөл қысуы тағы бар.

Тамақтану режимін қалай түзеуге болады? Қуырылған, ащы, майлы тағамдарды азайту керек. Тамақты асықпай шайнап, бөлшектеп жеу қажет. Тамақтану режимін дұрыстау мақсатында айран, шұбат және сүт өнімдерін рационға қосуға болады. Осының өзі жетіп артылады.

Ораза кезінде іш қатуы сезілсе, жасұныққа бай тағамдарды ас мәзіріне қосу қажет. Сәресіне ысқылтым су ішіп, ішекті тазарып, асқазанды асқа дайындауға болады. Ауызашар уақытында да сондай принципті ұстанған жөн.

Ораза — тек ішіп-жеуден бас тарту емес, ол — Алланың әміріне мойынсұнып, жан мен тәннің тазалануы. Бұл уақыттың әрбір сәті мұсылмандар үшін құлшылыққа толы, өз-өзіне сынақ және әлемдегі адамдарға көмек көрсету мүмкіндігі болып табылады. Ораза арқылы адам өзінің рухани әлемін жаңартып, әлеуметтік жауапкершілікті терең түсінеді.

Айта кету керек, биыл Рамазан айы 29 күнге созылады. 1 наурыз оразаның алғашқы күні болса, 29 наурыз – соңғы күні. 30 наурызда ораза айты мерекесі басталады. Наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні – Қадір түні.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы Қазақстан бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: