26 Қыркүйек 2016, 05:25
«БатысГазСтрой» ЖШС жанынан ашылған бұл зауыт дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың түрлі маркасын шығаруды бұдан бір апта бұрын бастапты. Шағын кәсіпорынның сынақ мерзімінен еш кедергісіз өткенін айтқан «БатысГазСтрой» ЖШС директоры Сапарғали Айтқалиев жиналғандарды электрод даярлайтын цех жұмысымен таныстырды.
– Өздеріңізге белгілі, мен жетекшілік ететін «БатысГазСтрой» ЖШС газ өткізумен, су өткізумен, жол және көпір құрылысымен айналысады. Жұмыс барысында біз үнемі жекелеген материалдардың жетіспеушілігіне тап болып жүреміз. Соның ішінде дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың жетіспеушілігі айқын сезіліп жүрді. Бізге бұл материалдар көрші Ресей елінен келетін. Біреулерге үнемі тәуелді болудан шаршап кеттік. Сосын былтыр басымызға «Осы электродтарды өзіміз дайындап көрсек қайтеді?» деген ой келді. Сөйтіп, желтоқсан айында осы бағытта жұмыстануды бастадық. Ресейдің кәсіби мамандарымен байланысып, электрод даярлайтын зауыт жобасын жасауға кірістік. Бізге осы жұмысымызды жүзеге асыруға Мәскеу қаласының «Роттекс» компаниясы көмектесті, жігіттерге көп рахмет! 6-7 айдың ішінде жоба дайын болды. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, бүгінде зауыт өзінің алғашқы өнімін бере бастады. Іске қосылғанына бір аптадай ғана болған зауыт бір ауысымда 2 тонна, тәулігіне 6 тонна электрод шығарады. Бір айта кететін жәйт, электрод даярлайтын мұндай зауыт облысты былай қойғанда, бұрын-соңды барша елімізде болмаған. Мұндай электрод зауыты – Қазақстанда әзірге тек біреу, ол – осы кәсіпорын, – деген Сапарғали Наурызұлы жиналғандарға арнайы құрылғыларды пайдалану арқылы электродтарды қалай даярлайтынын көрсетті.
Оның сөзінше, электрод өндіретін құрылғылар Ресейден сатып алынған. Аталмыш өнімді дайындауға қажетті сымтемір мен оның сыртын қаптайтын күкіртті жабындар да Ресейден әкелінеді екен.
Электродтарды даярлау үшін цехта тұрған құрылғыға сымтемірдің көп мөлшері кигізіліп, ол тұрбаның өңешіне өтеді. Содан соң құрылғының келесі бөлігі оларды қатты бұрап, түзулейді де, түп-түзу сымдарды бірдей көлемде қиып түсіреді. Кесілген сымдар арнайы құрылғыда күкіртті жабынды киіп шығады. Содан кейін олар тағы бір тексеріліп, сынақ құрылғысынан өткізіледі. Дайын электродтар арнайы кептіргіш жәшіктерге қойылып, кептіріледі. Жұмысшылардың айтуынша, бұл құрылғылар 1 минутта 120 дана электрод сымын дайындап үлгіретін көрінеді.
Осы жерде облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов кәсіпорын ұжымын жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтап, олардың жұмысына жеміс тіледі.
– Бүгін өңірімізде тағы бір жаңа өндіріс орны ашылды, бұған бәріміз де қуанып тұрмыз. Бұл зауыттың бұрынғылардан бір айырмашылығы, кәсіпорын таза кәсіпкердің өз қаражатына құрылды. Кәсіпкер бұл зауытты жасақтау үшін өз қалтасынан 100 млн. теңге қаражатын шығарды. Бұл жағдай қазақстандықтардың ел саясатын түсініп келе жатқанын көрсетеді. Бұрыннан «БатысГазСтрой» ЖШС-н басқаратын Сапарғали Наурызұлы – шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер. Іскер басшының бұл істе де оза шауып, үлкен жетістікке жететініне сенімім мол. Барша кәсіпкер осы ағамыз секілді бизнестерін жолға қойып, жаңа кәсіпорындарды жиі ашып жатса, елімізде, ең бастысы, жұмыссыздық азайып, ел экономикасы көтерілер еді. Экономикамыз өрлесе, барша халық үшін жақсы болары сөзсіз,- деді Игорь Стексов өз сөзінде.
Айша ӨТЕБӘЛІ