Оралда лифт істемегендіктен 8 қабат жаяу көтерілген зейнеткер көз жұмды

22 Ақпан, 09:21 1060

Оралда лифт істемегеннің кесірінен зейнеткер қайтыс болды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Сырым Датов, 17 мекенжайындағы жатақханада тұрған зейнеткер Мәншүк Құдабаева 8-қабаттағы пәтеріне бір жыл бойы жаяу көтеріліп жүрген. Себебі жеделсаты жұмыс істемеген. Ол күн сайын немересін бақшаға апаратын.

Зейнеткер күндегідей сегізінші қабатқа жаяу көтерілген. Пәтеріне кіруге де үлгермей, есінен танып құлап қалған. Жедел жәрдем келді, бірақ есін жимастан көз жұмды. Олардың айтуынша, сегізінші қабатқа көтерілгеннен кейін қан қысымы күрт көтеріліп кеткен.

Оқиғаға дейін облыстық мәслихат депутаттарының бірі жатақхананы аралап, лифт жөндейтін демеуші іздеу керектігін айтқан.

Бұл жатақхананың жоғары қабаттарында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Лифт істен шыққалы бір жылға жуық уақыт өткен. Жеделсатыны жөндеуге 1 миллион 200 мың теңге қажет дейді осы үйдің тұрғындары. Алайда бұған қаражат жинауға мүмкіндіктері жоқ. Зейнетақысы 100 мыңға әрең жететін тұрғындар қаражатының тең жартысы дәрі-дәрмекке жұмсалатынын айтты. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: