ОРАЛДА ЕВРЕЙ ҰЛТЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ АТАЛЫП ӨТТІ

19 Қараша 2018, 12:23 2199

Орал қаласының Достық үйінде еврей ұлтының «Рош-а-шана» мерекесі тойланды.

Ескі күнтізбеде бұл «Жаңа жыл» деген атауды білдіреді. Сәні мен салтанаты келіскен шарада бауырлас халықтың салт-дәстүрі таныстырылып, тарихи-мәдени жауһарлары паш етілді. Достық үйінде өткен шара еврей ұлтының төл мәдениеті мен құндылықтары дәріателген көрмеден бастау алды. Өңірдегі мәдени бірлестік мүшелері бауырлас халықтың тарихы, өнерімен салт-дәстүрімен таныстырып, елдегі татулықты қадірлеу білуге үндеді.

«Бізде ортақ мақсаттар көп, өйткені біздің отанымыз ортақ. Қазақстанның гүлдену жолында, оны мекен етіп жатқан еврей ұлты қашанда аянбай еңбек етуге әзір», – деді «Ламед» еврей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Ольга Дергачева.

Мәдени шарада еврей халқының әндері шырқалып, әсем билері орындалды. Достықтың мекеніне айналған қазақ елінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің рухани байлығы ұқсас. Ұйымдастырушылар оны театрландырылған қойылым арқылы жеткізді.

«Ең ұлық мереке – достық мерекесі. Елбасының өзі халықтар арасындағы татулықты нығайтып, ауызбіршілігін  арттыруға ерекше мән беріп отыр. Өйткені ынтымағы жарасқан ел ғана мәңгілік бола алады», – деді «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов.

Бөлісу: