Оралда автобус салонында төбелес болып, екі адам жарақат алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Төбелес бейнекамераға түсіп қалған. Оқиға 16 мамырда кешкі уақытта болған.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, №2 жолаушылар автобусының салонында екі ер адам бұзақылық ниетпен 26 және 23 жастағы екі ер адамды ұрған.
Дәрігерлік тексеру барысында олардың денесі көгергені анықталды.
Полиция қызметкерлері 32 және 53 жастағы екі ер адамды ұстады. Тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Төбелесті бастағандардың бірі бұрыш спрейін қолданғаны туралы ақпарат тарады. Алайда полиция бұл дерекке қатысты пікір білдірген жоқ.