21 Шілде 2015, 09:12
Естеріңізге салай кетейік, жыл басында Қорғаныс министрлігі әскери қыз-келіншектер арасында байқау ұйымдастырған. Үміткерлер алдымен фотосуреттерін қорғаныс ведомоствосының сайтына жіберіп, ең көрікті деген аруларды көрермендер ашық түрде дауыс беру арқылы іріктеген. Көптеген үміткерлердің арасында алға суырылған үздік он екі әскери қызметші әскери тапсырмалар орындап, түрлі жауынгерлік сайыстар бойынша жарысқа түскен болатын.
«Батыр арулар» байқауы ер-азаматтармен тең дәрежеде иық тіресіп Отанға қызмет етуге арнаған әскери қызметші қыз-келіншектерді табуға және олардың қызметі туралы айтып беруге мүмкіндік берді. Олардың қызметі үлгі аларлықтай, ал жұмыс күндері әскери қызметпен біте қайнасқан. Әлемдік тарихта «жауынгер қыз» айрықша ұғым болып саналатын. Алайда, ХХІ ғасырда әскери қызметші қыз-келіншек немесе сарбаз қыз деген кәсіптің болуы ешкімді таң қалдырмайды. Бұның бір жарқын көрінісі ретінде «Батыр арулар» байқауын айтуға болады», – деді Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
Қатысуға өтініш білдірген сәттен бастап салтанатты рәсімге дейін нәзік жанды аруларға ауыр болып саналатын сынақтардан қыз-келіншектер мүдірмей өтті. Олар қарудан оқ атты, гранаталар лақтырды, барлық кедергілерді еңсерді, өзеннен жүзіп өтті, қуатты жауынгерлік машиналарды жүргізді.
«Бір кездері өз өмірін армиямен байланыстыруға бел буған арулар үшін бұл жұмыс қана емес, өмір сүру салты және үлгісі. Бұл байқау кәсіпке деген қабілетіміз бен сүйіспеншілігімізді көрсетуге керемет мүмкіндік болды. Сіздің қолыңыздан марапат алу – біз үшін үлкен құрмет және жауапкершілік», – деп ағынан жарылды байқау жеңімпаздарының бірі аға лейтенант Әлия Хайруллина.
«Батыр арулар» ҚР ҚК әскери қызметші қыз-келіншектері арасындағы бірінші республикалық байқау. Аталған сайысқа қазақстандық армияның барлық өкілдері қатысуға мүмкіндік алды. Қырық күн бойы жүргізілген онлайн-дауыс беру нәтижесінде қатысушыларға 255 725 дауыс берілген. Байқау қазақстандықтардың ғана емес, өзге де елдердің тұрғындары арасында қызығушылық туғызды. Дауыс беруге Ресей, АҚШ, Германия, Индонезия және Үндістан елдерінің интернет пайдаланушылары белсене қатысты. Нәтижесінде бірнеше сынақтардан сүрінбей өтіп, өздерінің жауынгерлік әзірлігін, шыдамдылығы мен мықтылығын дәлелдеген 12 әскери қызметші жеңімпаз аталды. Олар Қазақстан Қарулы Күштерінің лайықты өкілдері болып табылатынын дәлелдеді. Байқау соңында аруларды кәсіби стилистердің қолынан әрлендіру және «Батыр арулар» байқауының әрбір жеңімпазы әр парақты көркейте түсетін мамандандырылған күнтізбеге арналған фотосессияға қатысты.
Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ