Оқушылардың жазғы каникулы: қазақстандық және шетелдік тәжірибе

30 Мамыр 2023, 12:45 1891

Биыл елімізде оқу жылы алғаш рет 31 мамырда аяқталады. Оқу-ағарту министрлігі былтыр балалардың білім сапасын арттырып, оқу жүктемесін төмендету мақсатында оқу жылын созған болатын. Енді ертең балалар мен олардың ата-аналарының сабақтан «қолдары босап», алаңсыз күндері басталады. Жазғы каникулда балалар тынығып, жаңа оқу жылына күш-қуат жинап, демалысты қызықты өткізе алады, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Өздеріңізге мәлім, елімізде биыл оқу жылы алғаш рет 31 мамырда аяқталмақ. Десе де басқа елдерде бұл сұрақ қалай реттелген? Оқу жылы қай уақытта аяқталып, балалар жазғы каникулға қашан шығады?

Қазақстан

Елімізде дәстүр бойынша жыл сайын 25 мамыр күні білім ордаларында соңғы қоңырау соғылатын. Енді биылдан бастап оқу жылы 31 мамырда аяқталып, соңғы қоңырау үні 1 маусым күні сыңғырлайды.

2022-2023 оқу жылында балалардың жазғы каникулы қысқарып, оқу ұзақтығы 5 күнге созылды. Алайда Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен 5 күндік оқу аптасы енгізілді. Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай өзгеріс балалардың оқу жүктемесін азайтып, мұғалімдердің сенбі-жексенбі күні отбасына көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Қазақстан оқушылары жазғы каникулға 1 маусымда шығып, мектеп қабырғасына 1 қыркүйекте қайта оралады. Яғни жазғы демалыс күндерінің ұзақтығы – 92 күн, маусым, шілде және тамыз айлары.

Өзбекстан

Көршімізде жазғы демалыстар қорытынды бақылау тестілеу күнінен бастап 1 қыркүйекке дейін созылады. Егер демалыстың соңғы күні мереке күніне сәйкес келсе, онда сабақтар келесі жұмыс күнінен басталады.

Сонымен қатар ақпан айында 1-сынып оқушылары үшін апта сайынғы қосымша демалыстар белгіленеді.

Жапония

Жапонияда оқу жылы біздегідей қыркүйекте емес, сәуірде басталады. Себебі, дәл осы кезеңде сакура гүлдей бастайды. Жапондықтардың кейбірі оқу жылының басталуын қыркүйекке ауыстыруды қолдайды, өйткені бұл - әлемдік тәжірибеде бар дүние. Алайда бұл сұрақты көтерушілер қатары көп болмағандықтан, оқу жылы 6 сәуірде басталып келеді.

Жапонияда оқу жылы 4 тоқсанға емес, 3 тоқсанға бөлінеді. Бірінші тоқсан сәуір-шілде айларында өтеді. 20 шілдеде бірінші тоқсан аяқталғаннан кейін балалар жазғы демалысқа шығады.

1 қыркүйекте екінші тоқсан басталады, ол 26 желтоқсанда тоқсанды аяқтап, оқушылар қысқы демалысқа шығады.

Соңғы үшінші тоқсан қысқы демалыстан кейін 7 қаңтарда басталады. Балалар 25 наурызға дейін оқиды. Сосын мектеп оқушылары үшін көктемгі демалыс басталады. Осы үшінші тоқсан аяқталған соң, балалар келесі сыныптарға көшеді.

Десе де жапондық әр мектептің оқу мен демалысты бастауға арналған өз кестесі бар. Бірақ каникул кезінде де балалар сабақ оқуды тоқтатпайды. Олар түрлі курстарға барып, үй тапсырмаларын орындауды жалғастыра береді.

Мектеп оқушылары аптасына 6 күн оқиды, бірақ әрбір екінші сенбі демалыс күні болып есептеледі.

Сонымен Жапония мектептері 20 шілде мен 1 қыркүйек аралығында каникулда болады.

Ұлыбритания

Біріккен Корольдіктегі мектептердегі оқу жылы шілде айының ортасында аяқталады. Сөйтіп сабақ аяқталған сәттен бастап жазғы демалыс кезеңі басталады, ол тамыз айының соңына дейін созылады.

Ұлыбританияда мектептегі демалыс күндері тұратын аймаққа байланысты өзгеруі мүмкін. Кейбір британдық мектептерде жазғы демалыс 8 аптаға созылады, кейбірінде 10 аптаға. Сондықтан нақты ұзақтығын айту қиын, оқушылар орташа есеппен 6-дан 10 аптаға дейін каникулда болады.

Ресей

Ресейде де біздің еліміздегідей оқушылардың жазғы демалыс күндері 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Яғни каникул ұзақтығы – шамамен 92 күн.

Португалия

Португалияда оқушылар жазда 13 апта бойы демалыста болады.

Бірақ Португалияда демалыс күндері белгіленбеген. Мектептегі демалыс күндерін бекіту біздегі сияқты Білім министрлігіне жүктелген. Оқу жылының басында тиісті бөлім шешім қабылдап, одан кейін халыққа жариялайды. Әдетте, жазғы демалыс 3 маусымда басталып, 14 қыркүйекте аяқталады. Алайда каникул балалардың жас ерекшелігіне байланысты өзгеруі мүмкін.

Қытай

Қытай мектептерінде ұзақ демалыстар жылына екі рет беріледі. Олар: қыста және жазда, мысалы, қаңтардың ортасынан ақпанның ортасына дейін және шілдеден тамызға дейін бір ай. Жалпы алғанда, тұрақты демалыстар Ресей немесе Америкаға қарағанда әлдеқайда қысқа, бірақ бұл оқуды мүмкіндігінше тиімді ету үшін жасалады. Демалыс кезінде балаларға үй тапсырмасы да беріледі, бұл оқу барысында алған дағдыларын жоғалтпауға мүмкіндік береді.

Испания

Испанияда оқу жылы шамамен 12 қыркүйекте басталып, 22 маусымда аяқталады. Оқу жылының басталуы мен аяқталуының нақты күні жоқ, өйткені ол өзгеріп отырады.

Әдетте білім ордалары ата-аналардың демалысын реттеп, оны балаларымен бірге өткізуі үшін оқу жылының басталуы туралы ақпаратты сайтта жариялайды. Жазда жоғары сынып оқушыларына қосымша екі апталық демалыс қосылады, осылайша бүкіл сынып сырттай экскурсияға немесе саяхатқа жинала алады. Мереке күндері балалар үшін лагерьлер ұйымдастырылады.

Оңтүстік Корея

Оңтүстік Корея мектептерінде оқу жылы 1 қыркүйекте емес, наурыз айының басында басталады. Оқу жылы әдеттегі оқу күнінен басталады. Біздегідей ұстаздарға сыйлық беріп, линейка өткізу немесе алғашқы қоңырау сияқты бізге үйреншікті дәстүр жоқ.

Көктемгі демалыс шамамен бір аптаға созылады, жазғы уақытта мектеп оқушылары 21 шілдеден 15 тамызға дейін, қыста - 9 қаңтардан 6 наурызға дейін демалады.

Германия

Германияда мектеп оқушылары біз сияқты үш айлық жазғы демалыста болмайды. Немістер үшін мектептегі демалыстар тұрғылықты жеріне де байланысты, яғни Германияның 16 федералды штатында оқу жылы мен демалыс кезеңіне қатысты өз ережелері бар. Егер балалар, мысалы, Берлинде немесе Гамбургте тұрып, оқитын болса, онда олар тек 25 маусымда ғана демалысқа шығып, тамыз айының басына дейін каникулда болады.

Ал Бавариялық балалар азырақ демалады, өйткені олардың демалысы шілдеде ғана басталады.

Дания

Данияда каникулдың ұзақтығы балалардың жасына байланысты, яғни егер бала жоғары сынып оқушысы болса, онда оның оқуы ертерек басталады, ал бастауыш сынып оқушылары, керісінше, білім алуға кешірек кіріседі. Орташа алғанда, мерекелер маусымның аяғында басталып, тамыз айының ортасына дейін созылады. Сонымен Данияда каникулдың жалпы ұзақтығы 6 аптаға дейін созылады.

АҚШ

АҚШ-та балалардың жазғы каникулы екі-үш айға созыладыү. Жазғы демалыс ауданға және балалар оқитын мекеменің түріне байланысты болады.

Пәкістан

Пәкістанда каникул мамырдың аяғында басталып, тамыз айының ортасына дейін созылады. Сондай-ақ оқушының қайда, яғни жекеменшік немесе мемлекеттік мектепте оқитыны ескеріледі. Демалыс ұзақтығы осы факторға байланысты болады.

Мексика

Мексикалық мұғалімдер маусымның басында балаларды жазғы демалысқа жібереді. Балалар тамыз айының ортасына дейін демала алады, содан кейін олар қайтадан оқуға кіріседі. Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің демалыс күндері басқаша – олар мамырдың аяғынан тамыз айының басына дейін созылады.

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: