Жаңа оқу жылының басталуына 2 аптадай ғана уақыт қалды. Осы орайда бас қала мектептері жаңа оқу жылына қандай дайындық жүргізіп жатыр? Оқушы орны мен мұғалімге тапшылық бар ма? Мәселе қашан шешіледі? Осындай сұрақтардың жауабын El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі іздеп көрді.
2023-2024 оқу жылында елорда мектептерінде 255 мыңнан астам оқушы білім алуға келеді. Ал мектеп табалдырығын алғаш рет 26 650 бала аттағалы отыр. Бүгінгі күні 1-сыныпқа құжатты онлайн қабылдау аяқталды, десе де құжатын тапсырып үлгермегендер оны қағаз түрінде мектепке апарып тапсыра алады.
Осы жылы 1 қыркүйектен бастап әлеуметтік осал топтан шыққан балабақша тәрбиеленушілері және 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілетінін еске сала кетейік.
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елорда мектептері жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады.
Білім басқарамасы басшысы, елордалық білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша бірқатар мәселе бар екенін айтты. Ол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда қаланың барлық оқу орны автоматты өрт дабылына қосылды.
Сонымен қатар цифрлы бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Барлық камера мен дабыл түймесі Жедел басқару орталығына қосылған.
Бейнебақылаумен және қауіпсіздік мәселелерімен қамтамасыз ету қала бойынша барлық білім беру ұйымында 100 пайыз қамтамасыз етілді. Барлық оқу орнында қауіпсіздікті бірінші санаттағы лицензиясы бар күзет компаниялары күзетеді, - деп атап өтті Қасымхан Сенғазыев.
Сондай-ақ білім беру объектілеріне де турникет толығымен орнатылды.
Күрделі жөндеу де уақытында басталды. Қазіргі таңда 49 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның тоғызында күрделі жөндеу жұмыстары, 40 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Бүгінгі күні мердігермен келісімшарттар жасалып, жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес атқарылып келеді. 25 тамызға дейін барлық нысанда күрделі жұмыс аяқталады деп күтіліп отыр, - деп түсіндірді басшы.
Бір мектепте жөндеу жұмыстары биыл қыркүйек айында аяқталады. Оның айтуынша, бұл оқу процесін ұйымдастыруға әсерін тигізбейді.
Сонымен қатар Астана қаласының Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлбақыт Жүнісова қала мектептеріне жүргізілген мониторингтің қорытындысын жариялады.
Оқу-ағарту министрінің білім алушылардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуді бақылау мақсатында берген тапсырмасын сәйкес, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына кешенді мониторинг жүргіздік. Астана қаласының 100 мектебіне мониторинг жүргізілді. Мониторинг жүргізуге департаменттен басқа, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қызметкерлері де қатысты, - деді ол.
Бүгінгі күні бірінші кезектегі міндет – оқу үдерісіне қатысушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмей, оқу жылын бастау.
Білім беру ұйымдарына қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету мәселесі мұқият назар аударуды қажет етеді. Осыған орай, мониторинг барысында мектептерді материалдық техникалық қамтамасыз ету, яғни жаңа модификация кабинеттерімен, интерактивті тақталармен, панельдермен, спорт залдары, асхана, т.б. мәселелерді қарадық. Мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты мәселелер зерделенді, - деп түсіндірді Гүлбақыт Жүнісова.
Мониторинг жүргізілген мектептердің барлығы лицензияланған күзет қызметімен, дабыл түймелерімен қамтылған. Мектепке кіруді бақылау және басқару жүйелері орнатылған, ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған, бейнебақылау жүйесімен қамтылған.
Қазіргі уақытта қала бойынша 8 мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары ерекше бақылауға алынып отыр. Жұмыс кестесіне сәйкес жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімдері 4 мектепте тамыз айының соңында болса, қалған мектептерді қыркүйек-қараша айларына жоспарланған. Алайда 7 мектеп бойынша жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңына дейін бітіру күтіліп отыр. Оқу процесін ұйымдастыруға кедергі келтірмейтіндіктен бір мектептің аумағында абаттандыру, спорт алаңдарын орнату жұмыстары жалғасады, - деп айтты Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Оны Білім басқармасы мен департамент қадағалап отыр.
Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктерге оқу жылы басталғанға дейін, сондай-ақ жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмайтын білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдады. Осылайша оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін білім алушылардың уақытша орналасу орындарын айқындау ұсынылған.
Осыған орай Білім басқармасымен бірлесіп, күнделікті білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстарын жүргізу барысы қатаң қадағаланып отыр.
2023 жылдың басынан бастап екі мемлекеттік мектеп және 5 жекеменшік мектеп лицензия мен лицензияларға қосымшалар алды. Қазіргі уақытта тағы да жекеменшік мектептердің ашылуы жоспарланып отыр. Қыркүйек айында бұл мәселені тағы да зерделейміз. Егер лицензиясыз немесе лицензияға қосымшасыз қызметін бастаған мектептер анықталса, онда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселе бойынша департамент білім беру ұйымдарының басшыларына тиісті хабарлама жолдап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деп атап өтті Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Департамент мектептердің оқу жылына дайындығына мониторингті жалғастыра береді.
2023 жылы екіауысымда 16 600 орынға арналған 11 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оқу жылының басталуына қарай 4 800 орындық 3 мектептің ғимараты пайдалануға беріледі. Ол 1 200 орынға арналған Ұлы дала және Сауран қиылысы көшесіндегі мектеп, - деп толықтырды басқарма басшысы.
Биылдың соңына дейін 11 800 орындық 8 мектеп пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңға жуық орынға арналған 24 мектеп салынады.
Бүгінгі таңда елордада 33 колледж бар. Кадрларды даярлау 75 мамандық, 122 біліктілік бойынша жүзеге асырылып жатыр. Оқу жылының басталу қарсаңында оқу орындарының дайындығына мониторинг жүргізілді. Барлық колледжде кабинеттер, шеберханалар мен жатақханаларға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді, - дейді Қасымхан Сенғазыев.
Сонымен қатар білім беру бағдарламалары өзектендіріліп, педагогикалық штат жасақталды.
Бүгінгі таңда 2 696 орындық 16 жатақханада сырттан келіп оқитын студенттерге орындар белгіленді.
Биылғы оқу жылына баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру жобасы шеңберінде мемлекеттік білім беру тапсырысы 8 бағыт және 8 500 орынға арналған 59 мамандық бойынша қалыптастырылды. Барлық колледжде 15 тамызда педагогикалық және медициналық, 18 тамызда барлық басқа мамандық бойынша күндізгі оқуға құжат қабылдау аяқталады, - деп түсіндірді білім басқармасы басшысы өз сөзінде.
Бүгінгі таңда 11 933 өтініш қабылданды. Оның 3 332-сі ақылы негізде, 8 600-ден аса мемлекеттік тапсырысқа, оның ішінде 9-сыныптар базасында 7 700-ден астам, 11-сыныптар базасында 800-жуық орын және бакалавриатта 106 орын.
Конкурс қорытындысы Білім басқармасының сайтында 23 тамызда және 11-сыныптар бойынша 25 тамызда орналастырылады.
Биыл алғаш рет пилоттық жоба шеңберінде 10-11 сыныптың оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламалары бойынша қабылданады. Қазіргі таңда 270 адам қабылданды. Олар 1,5 жылдан кейін оқуды ойдағыдан аяқтаса, 2 құжат беріледі. Біріншісі – білім туралы аттестат және жұмысшы біліктілігі берілген дипломы, - деді ол.
Оқу жылының басынан бастап колледждерде нысаналы мемлекеттік тапсырыс бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 600 студент оқуын бастайды. Оқу аяқталғаннан кейін студенттеріміз 44 кәсіпорында жұмысқа орналасады.
Бүгінгі таңда қалада 23 500-ден астам педагог жұмыс істейді. Педагогтер Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына сәйкес қабылданады. Мемлекеттік білім беру ұйымдары мұғалімді бос және уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын мемлекеттік білім беру ұйымдары ұйымдастырады, - деді Қасымхан Сенғазыев.
Сонымен бірге білім беру ұйымдарындағы бос жұмыс орындары enbek.kz сайтында және білім беру ұйымының әлеуметтік желілері мен сайттарында орналастырылды.
2018 жылдан бастап қала әкімдігі педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөліп келеді. Биыл қала мектептеріне педагогикалық ЖОО-дан әкім гранты бойынша білім алған 131 түлек келіп жұмысқа орналасты.
Бүгінгі күні мектептер қорында 3 млн-ға жуық оқулық бар. Биыл 25 тамызға дейін елордалық оқушылар оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен 100 пайыз қамтылады. Жаңа оқу жылына қаланың 100 мектебіне қосымша 833 300 оқулық пен оқу-әдістемелік құрал сатып алынды, - деп айтты басшы.
Қазіргі уақытта 20 баспадан оқулықтар жеткізіліп жатыр. Бүгінгі таңда қалаға оқулықтардың 75%-ы жеткізілді.
Сондай-ақ биыл 95 мектепте жергілікті бюджет қаражаты есебінен 15 мыңға жуық көркемәдебиет сатып алынды. Биылдың аяғына дейін қосымша 30 мыңға жуық көркемәдебиет сатып алынады.