Оқушы мектепке «лаңкестер шабуылдағанын» айтып полицияға қоңырау шалған

13 Қараша 2023, 12:01 938

Таразда 11 жастағы мектеп оқушысы әпкесінің телефонынан полицияға қоңырау шалып, лаңкестердің білім ордасына шабуыл жасағанын хабарлаған, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

Қоңырау түскен бойда барлық шұғыл қызметтер көрсетілген мекенжайға тез арада жетіп, оқу орнынан 750 адам эвакуацияланды. Полиция қызметкерлері бүкіл ғимаратты және оған іргелес аумақты толық тексерді. Тексеру нәтижесінде қандай да бір зат пен бөгде адамдар анықталған жоқ - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында тәртіп сақшылары бұрын осы мектепте оқыған кәмелетке толмаған баланы ұстады. Кәмелетке толмаған бала әпкесінің ұялы телефонынан қоңырау шалып, қалжыңдамақ болғанын жеткізген.

Осы факті бойынша ҚК-нің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл ретте терроризм актісі туралы жалған хабарламалар таратқаны үшін жаза өте қатаң екенін ескертеміз. Ол бес мың АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасын көздейді, - деді Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.

Айта кету керек, егер қылмысты кәмелетке толмаған бала жасаса, жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: