Оқу бағдарламаларының мазмұнына өзгеріс енгізіліп жатыр

16 Ақпан 2023, 13:53 1487

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру пәндерінің оқу бағдарламалары мазмұнын өзгерту бойынша жұмыс тобымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА-ның вице-президенті Әлия Чокушеваның айтуынша, оқу бағдарламаларының мазмұнына өзгерістер енгізу жұмысы 2022 жылдың маусым айында басталды.

«Бұл кезеңде жұмыс тобы оқу бағдарламаларының құрылымын әзірледі, әр пән бойынша мақсат, міндеттер түзетілді. Сонымен қатар білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған контент интеграциясы іске асырылды. Оқу бағдарламаларының жүйелілігі мен бірізділігі, олардың білім алушылардың жасы мен физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкестігі қамтамасыз етілді», — деді Әлия Чокушева.

Сонымен қатар білім берудің оқу бағдарламаларын әзірлеудің халықаралық тәжірибесі мен стандарттары зерделенді. Салыстырмалы түрде талдау жасалып, пән мұғалімдерінің республикалық съездерінде айтылған ұсыныстары ескерілген.

Кездесу барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқулықтарды әзірлеу кешенді тәсілді қажет ететінін және нақты шешімді сарапшылар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Жұмыс қорытындысы бойынша оқу бағдарламалары сараптамаға жіберілетін болады.

EL.KZ
Бөлісу: