Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерге берілетін марапаттар туралы хабарлады

24 Қаңтар, 16:01 17642

Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерге табысталатын медальдар мен дипломдар туралы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Педагогтерді марапаттауға қатысты жаңсақ деректерді болдырмау мақсатында Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапаттау "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы" Үкімет Қаулысына, "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Көтермелеудің салалық жүйесін бекіту туралы" Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылатынын хабарлаймыз, - делінген ақпаратта.

Білім беру саласының педагогтері мен қызметкерлерін көтермелеу жүйесіне кіреді:
- "Оқу-ағарту министрінің Алғысы";
- "Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы";
- "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқудың үздігі" құрметті дипломы;
- "Орта білім беру ісінің үздігі" құрметті дипломы;
- "Қосымша білім берудің үздігі" құрметті дипломы;
- "Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі" құрметті дипломы;
- "Оқу-ағарту министрлігінің еңбек сіңірген қызметі"құрметті дипломы;
- "Ы. Алтынсарин" төс белгісі;
- "Білім беру ісінің құрметті қызметкері"төс белгісі;
- "Мейірім - әлемге махаббат" медалі;
- "Еңбек ардагері" медалі.
 
Ведомстволық наградалармен көтермелеуге ұсынымды өңірлік білім басқармалары жанындағы «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін көтермелеулермен марапаттауға материалдар енгізу жөніндегі комиссия» енгізеді.

Көтермелеуге кандидаттардың құжаттары салалық көтермелеу жүйесінің 6-қосымшасына сәйкес жұмыс көрсеткіштеріне сәйкес қаралады: жұмыс тәжірибесі, біліктілігі, педагог пен оның оқушыларының жетістіктері және т.б. марапаттау балдарды есептеу негізінде жүзеге асырылады. Материалдарды қарау нәтижелері бойынша министрлік комиссиясы ашық дауыс беру арқылы шешім қабылдайды. Әрбір көтермелеудің сәйкестендіру нөмірі болады, ҚР Оқу-ағарту министрінің мөрімен және қолымен бекітіледі.Осылайша, көтермелеудің өзге түрлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларына жатпайды.

Көтермелеуге ұсыныстар «Республика күні» ұлттық мереке, «Мұғалім күні» кәсіби мереке, «Халықаралық балаларды қорғау күні» халықаралық мереке, «Білім күні» мереке күні, мерейтойлық күндер мен білім беру саласындағы өзге де еңбегі үшін мерекелерге қарай қаралады.

Әр түрлі бейресми марапаттар мен атақтардың жиілеп кетуіне байланысты мұқият болуды сұраймыз. Мемлекеттік наградалар туралы барлық ақпарат ҚР Оқу-ағарту министрлігінің сайтында орналастырылған.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: