Оқу-ағарту министрі мен Маңғыстау облысының әкімі маңызды келісім жасады

Бүгiн, 10:23 234

Оқу-ағарту министрі мен Маңғыстау облысының әкімі өңірде білім сапасын арттыру жөніндегі құжатқа қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Маңғыстау облысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен білім сапасын арттыру жөніндегі кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға өңірдің білім беру ұйымдарының басшылары, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің білім сапасын сынға алып, бұл саладағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Оның аясында бүгін Оқу-ағарту министрі мен өңір басшысы мектепке дейінгі тәрбиеден бастап техникалық және кәсіптік білімге дейінгі барлық деңгейді қамтитын 2025–2029 жылдарға арналған білім сапасын арттыру жөніндегі кешенді жоспарға қол қойды. Жоспар бес негізгі бағытты қамтиды: инфрақұрылымды жақсарту, білім мазмұнын жаңарту, педагог кадрлардың әлеуетін арттыру, басқарушылық менеджментті жетілдіру және ұлттық бағалау жүйесін дамыту. 

Жиын барысында Ғани Бейсембаев өскелең ұрпақтың денсаулығы, әл-ауқаты және сапалы білім алуы – Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы екенін атап өтті. 

«Білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, педагогтердің мәртебесін көтеру және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту – барлығы балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуына бағытталуы тиіс. Осы мақсаттарға жету үшін мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім беру жүйесін тиімді басқару және ата-аналармен тығыз ынтымақтастық орнату  үштағаны жүзеге асырылуы керек», – деді министр. 

Қорытындылай келе, министр облыстық білім басқармасына білім беру ұйымдарындағы менеджмент сапасын күшейтуді, кадрлық әлеуетті арттыруды, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануды тапсырды.

Өз кезегінде өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жоспар аясында білім сапасын арттыру мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілетінін атап өтті. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша салынатынын хабарлады.

Кешенді жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін Маңғыстау облысында 21 мектепті жаңғырту, жыл соңына дейін 9 жаңа жайлы мектеп салу, балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізу және 78 мектепке бейнебақылау жүйесін орнату көзделуде.

Перизат Саденова
Бөлісу: