OpenAI — ChatGPT моделін әзірлеген және жасанды интеллект индустриясының көшбасшыларының бірі — енді жаңа бағытқа бет бұрды. Компания X (бұрынғы Twitter) тәрізді өз әлеуметтік желісін жасауда.
Бұл жоба әлі бастапқы сатыда болғанымен, белгілі болғандай, визуалды контент жасау, мәтіндерді автоматты түрде редакциялау және ЖИ көмегімен посттарды жақсарту сынды функциялары бар прототип дайын.
OpenAI бас директоры Сэм Альтман жобаның алғашқы демо-нұсқасына қатысты түрлі сарапшылар мен серіктестерден кері байланыс сұрауда. Бұл жаңа әлеуметтік желі жеке қосымша түрінде жарық көре ме, әлде ChatGPT-дің ішіне біріктіріле ме — әзірге белгісіз.
OpenAI бұл жобаны ресми жариялаған жоқ, бірақ ішкі қауымдастықтарда және стартап әлемінде бұл жаңалық үлкен қызығушылық туғызуда.
Маскпен және Meta-мен бәсеке
OpenAI-дің әлеуметтік желі нарығына енуі, компанияны Илон Маскпен тікелей бәсекелестікке алып келуі мүмкін. Естеріңізде болса, Маск OpenAI-ге 97,4 миллиард долларлық сатып алу ұсынысын жасаған. Альтман бұған: "Қажет емес, бірақ егер қаласаңыз — біз Twitter-ді 9,74 миллиард долларға сатып алайық", — деп жауап қайтарған болатын. Бұл жауап желіде кеңінен таралды.
Сол сияқты Meta компаниясы да өз жасанды интеллект жүйесін жасап жатыр. OpenAI әлеуметтік желі арқылы пайдаланушылардың өз контенті негізінде GPT моделін дамытуды көздесе, Meta өзінің Llama моделін әлеуметтік желідегі деректер арқылы үйретуде.
ЖИ көмегімен жаңа буын желі
OpenAI-дің болашақ әлеуметтік желісі дәстүрлі желілерден ерекшеленеді. Мұнда жасанды интеллект қолданушыға:
- қызықты тақырып ұсынуға,
- жазбаларды редакциялауға,
- жазу стилін бейімдеуге,
- визуалды контент ұсынуға көмектеседі.
Яғни, ЖИ әр қолданушының сапалы, мағыналы әрі әсерлі контент жасауына жәрдемдеседі. Бұл — интернет қолдану мәдениетіне жаңа серпін беруі мүмкін.
OpenAI-дің әлеуметтік желіге келуі — тек жаңа бизнес бағыт қана емес, сонымен қатар контент өндірісі мен ақпарат алмасу саласына да жасанды интеллекттің терең енуінің белгісі. Егер бұл жоба сәтті іске асса, біз мүлдем жаңа форматтағы, интеллектуалды әлеуметтік желінің куәсі болуымыз мүмкін.
Аршат Ораз