Қонысбай Әбіл: "Терминологтар тұрақты жұмыс істейтін құрамға айналады!"

9 Сәуір 2015, 09:12

Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілмен әңгімелескен еді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің тікелей бастамасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің қолдауымен 2015 жылдың 10 сәуірінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық кеңес болады. Кеңес жұмысы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б. Сапарбаевтың басшылығымен өтеді деп күтілуде. Түсіністік пен татулықтың басты құралы- тілге қатысты мәселелер сөз болатын алқалы жиында республикамыздағы мемлекеттік тіл оқыту орталықтарының проблемалары да тілге тиек болмақшы.   Осыған орай, біздің тілшіміз Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілмен әңгімелескен еді.

Баспасөзде жарияланғандай 10 сәуір күні Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық кеңес өтетіндігі мәлім. Енді осы жиында көтерілетін  мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітсеңіз.

«Тіл – татулық тірегі» атты республикалық кеңестің жұмысында көтерілетін басты тақырыптардың бірі– тілдердің үштұғырлығы мәселесі болмақ. Баршаға аян «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны Мемлекет басшысы 2006 жылғы қазан айында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал, 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Қазақстан халқының рухани дамуымен қатар, осы идея ішкі саясатымыздың жеке бағыты болып белгіленді. Негізінен бұл бастама қоғамда қызу қолдау тауып, барлық оқу орындарында мемлекеттік тіл-қазақ тілі, ұлтаралық тіл-орыс тілі және халықаралық тіл-ағылшын тілі қатар оқытыла бастады. Сол сияқты осы кеңесте Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы» талқыланады. Ал, «Мемлекеттік тіл оқыту орталықтары: жетістіктер мен проблемалар» туралы жарыссөздерде республика бойынша оқу орталықтарының жай-күйі қарастырылатын болады. Республика бойынша өңірлердегі 16 орталыққа  әдістемелік жағынан үлгі көрсететін жалғыз орталық болғандықтан бұл мәселе біздің Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына тікелей қатысты болып табылады.

Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында қолға алынған «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық кеңес Премьер-министрдің орынбасары және Мәдениет министрінің қатысуымен өткелі отыр, бұл бас қосуға Мәжіліс және Сенат депутаттары, сондай-ақ өңірлерде мемлекеттік тілдің дамуына жауап беретін басқарма басшылары шақырылды.

– Елбасы: « Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет»,- деген талап қойған болатын. Осы мәселені шешу мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Республика бойынша орталықтардың жұмысын үйлестіріп, бір жолға қою мәселесі Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басты жұмысы болып табылады. Бүгінгі таңда министрліктің және оның құрамындағы Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен орталықтың ғылыми-әдістемелік әлеуеті көтеріліп келеді. Бізде Комитеттің тапсырысымен шығатын оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтарды сараптап отыратын ғылыми кеңес жұмыс істейді. Ол кеңеске біз осы әдістеме саласынан ғылыми еңбек жазып қорғаған және өздері оқу-әдістемелік құралдар жазған практик мамандарды тартып отырмыз.

– Оқу-әдістемелік құралдар демекші қазір әр облыс, тіпті әр ауданда өздерінің қажеттіліктеріне қажетті құралдар жасауға талпыныстары бар. Бірақ кейбірінің сапасы, деңгейі көңіл көншітпейді.

– Дұрыс айтасыз, біз бұл ретте өңірлердегі орталықтар дайындаған оқу құралдарын әуелі біздің республикалық орталықтағы ғылыми-әдістемелік кеңестің сараптамасынан өткіземіз, солардың оң қорытындысын алғаннан кейін ғана Комитеттің қарауына ұсынатын боламыз деп шешіп отырмыз. Жалпы -өңірлердегі тіл оқыту орталықтарының басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге үйрету, соларға арнап оқу-әдістемелік құралдар шығару болғандықтан, барлығы білгендерін ортаға салып, республикалық орталықтан бекітіліп ұсынылған бағдарлама бойынша жұмыс жасағаны әлдеқайда тиімді болар еді. Биыл біз осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түспекшіміз. Бұл жұмыстар өз кезегінде мемлекеттік тілді оқытудың сапасын арттыруға көмегін тигізеді деген ойдамыз.

– Бұл сонда мемлекеттік тілді оқытуды бір жүйеге келтіреміз деген сөз ғой...

– Иә, осы уақытқа дейін Мемлекеттік тілді дамыту жолында әр өңір өз бетінше жұмыс жасап келді. Ортақ бағдарлама, ортақ стратегиялық жоспар болған жоқ. Мәселен, белгілі бір облыстың тіл орталығы дайындаған оқу құралдарын келесі аймақ өз тарапынан өзгерістер енгізіп, қайта жасап жүрді.

Біздің пікірімізше, өңірлердегі кеденшілерді немесе заңгерлерді  оқыту үшін бірдей бағдарлама, бірдей оқу құралдары керек. Яғни, мемлекеттік қызметшіге екінші деңгейден бастап кәсіби қазақ тілі қажет. Жалғастырушы деңгейде заңгер мен құрылысшыны бір оқу құралымен оқыту мүмкін емес, өйткені, әр саланың өз тілі (лексикологиясы) бар, соған сәйкес әр саланың өзіндік оқу құралдары болғаны жөн. Бұдан былай осы бағыттағы жұмыстарды бір ізге салып, бойларына қан жүгіртіп, жандандыра түспекпіз.

– Соңғы жылдары тіл оқыту орталықтарының тығырыққа тіреле бастағанынан хабардармыз, осы мәселені шешуде қандай ілгерілеушіліктер бар?

– Бұл сұрағыңыз өте орынды. Нарықтың қыспағы, дағдарыстың салдары біздің тіл оқыту орталықтарын да айналып өткен жоқ. Жергілікті бюджеттен қаржыландыру тоқтатылған соң орталықтар нарықтық кеңістікте өз бетінше күн көруге қалыптасып кете алмай жатыр. Конкурстар, тендерлер өткізу шараларының да анықтап алар тұстары бар. Мысалы, тендерге қатысқан орталықтардың ішінде өнім шығарудың ең төменгі бағасын белгілегені жеңімпаз атанады. Ал ол «жеңімпаздың» орталығы небәрі екі-ақ адамнан тұрады. Амал жоқ, тапсырысты орындар кезде олар жан-дәрмен мамандарды келісім-шарт арқылы уақытша қабылдай салады.

Наурыз айында бір кезде оқыту орталықтарының көш басында тұрған «Руханият» орталығы сатылып кетті. Оны сатып алған жеке кәсіпкерлер орталықтың қарызы туралы естігенде абыржып қалғанға ұқсайды. Егер реті келіп жатса, қайтарып беруге қарсы бола қоймас. Бұл «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» дегеннің кебі емес пе?

Осы уақытқа дейін 4 оқыту орталығы сатылып кеткен болса, енді қалғандарын сақтап қалудың жолын қарастырған абзал.

– Ендеше игі ниетті жүзеге асыру үшін қандай ұсыныстар енгізгелі жатырсыздар?

– Біз негізгі тетіктерді Ш.Шаяхметов атындағы орталыққа беруді ойластырудамыз. Ол үшін оқытуды біріздендіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Өңірлердегі тіл оқыту орталықтарының жұмыс жоспарларын, оларды жүзеге асыруға байланысты іс-шараларды Ш.Шаяхметов атындағы орталықта бекіту мәселелелерін де көтермек ойымыз бар.

– Сөзіңіз аузыңызда, қазір көптеген орталықтар тіл үйретуге жеңіл-желпі қарайтындай көрінеді. Мәселен, дардай болып, сертификат алып шыққан адам қазақша екі сөздің басын құрай алмай жатады.

– Тұп-тура анығын айтып отырсыз. Қазақша екі ауыз сөз құрай алмайтындарға да сертификат табыс ету кішкентай баланың көзін ғана жасырып, «көкек» ойнағанындай көзбояу. Өкінішке орай, осы үрдістің бары рас. Сондықтан да Мемлекеттік сертифаттарды осы Ш.Шаяхметов атындағы орталықта беру мәселесін көтеретін кез келген секілді. Бұның бәрі оқыту орталықтарының беделін өсіру, сабақ беру сапасының деңгейін арттыру бағытындағы жобалар болып табылады.

Осыған орай, барлық орталықтардың әдістемелерін саралап, ең таңдаулыларын ғана ортақ қолданысқа енгізу қолға алынады. Сабақ берушілердің еңбекақысын көтеру мақсатында олардың санаттарын  белгілеуді де қарастырған орынды.

– Осының бәрін іске асыруға жалғыз орталықтың мүмкіндігі жете ме?

– Әрине, бұл бір орталық үшін ауыр жүк. Алайда министрлік тарапынан қолдау болған соң тәуекелге бел буып отырмыз.  ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының атына біраз сындар айтылып жүргені белгілі. Қазіргідей ақпараттар тасқыны заманында мемлекеттік тілді дамытуға қатысты құрылымдар, терминком, ономастика комиссиясы, сараптамалық кеңес өз жұмыстарын жаңа технологияларды пайдалану арқылы тиімді етіп ұйымдастыруы керек. Осыны ескеріп, министрліктің Тілдерді дамыту және қоғамдық - саяси жұмыс комитеті бастама көтеріп, жігерлілік танытуының арқасында Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ішінен Терминком жұмысын жүйелендіріп отыратын  терминдерді саралау және сараптау бөлімі тұрақты түрде жұмыс істей бастайтын болады. Олар: екі секторға бөлінеді. Бірі - гуманитарлық ғылымдарға қатысты терминдерді жүйелеумен айналысса, бірі - нақты ғылымдар терминдерін сараптаумен  айналысатын болады.

Республикалық терминологиялық комиссия мүшелерінің қоғамдық негізде жұмыс істеуі осы маңызды жұмыстағы басты олқылықтың бірі ретінде аталып келді. Енді орталық ішіндегі бөлімде терминология саласының мамандары тәжірибелі терминолог ғалымдар ақы төленетін, тұрақты жұмыс істейтін құрамға айналатын болады.

– Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы тек оқыту ісімен ғана айналыса ма?

– Оқу-әдістемелік жұмыстан басқа тағы бір маңызды бағытымыз - ұрпақ тәрбиесі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев                  2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында жастарға білім беру кезінде оның тәрбиелік жағына, атап айтқанда, патриоттық пен адамгершілік, ұлтаралық татулық және толеранттылық, физикалық және рухани даму жағына баса назар аудару керектігін атап көрсетті. Қазақ халқы бойына ұлттық құндылықтарды молынан жинақтап, ауыз әдебиеті мұраларын бүгінге дейін ауыздан ауызға таратып, жадында сақтап келді. Қазір олардың барлығы баспа бетіне түскен. Жобаның мақсаты бүгінгі заманауи технологияларды пайдалана отырып, сол мұраны жас ұрпақтың санасына көптеп сіңіру болып табылады.

Бұл мақсатты орындау үшін инновациялық технологияларды пайдаланумен кең ауқымды, ұзақ мерзімді жұмыстар жүргізіп, түрлі-түсті суреттермен иллюстрацияланған кітаптар, монитордан бейнесін көру мүмкіндігі бар аудиокітаптар, мультфильмдер жасап шығару және онлайн арқылы оқыту, шетелдің тәжірибесін зерделей отырып оқу әдістемелерін, компьютерлік құралдарды әзірлеу, сондай-ақ терминология саласына қатысты басқа да жобаларды іске асыру  үлкен бір межелі мақсаттардың бірі. Осындай ауқымды жоспарларымыз бар.

10 сәуірде өтетін республикалық кеңес барысында тіл дамытудың болашағы туралы көптеген бағалы ұсыныстар айтылады деген ойдамыз. Осының бәрі қосыла келгенде оқыту орталықтарын өркендету бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Сондықтан да тілі төрдегі елдің туы өрде болатындығын естен шығармаған абзал.

– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу: