Оңтүстік Кореядағы тойда жас жұбайлар «Қызыл өрік» әніне билеп шықты

11 Сәуір 2023, 14:16 1567

Оңтүстік Кореялық Сан Хеникке тұрмысқа шыққан қазақ қызы Айжан Сұлтанованың тойын қазақстандықтар қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Екі жастың шаңырақ көтеру тойы Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында наурыз айының соңында өткен. Жастардың қуанышты сәтін бөлісуге туыстары, жақындары мен достары жиналған. Ерекше атап өтерлігі, қалыңдықтың туыстары тойға қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерімен келген. Және той басталған сәтте ортаға қос құдағи шығады. Онда күйеу жігіттің анасы кәрістің ұлттық киімі – ханбок, ал қалыңдықтың анасы қазақтың камзолын киіп алғанын байқауға болады.

Қызық жас жұбайлардың той төріне шыққан сәтінде болған. Олар қазақ әншісі Ақылбек Жеменейдің орындауындағы «Қызыл өрік» әніне билеп, қонақтардың көңілін көтерді.

«Бақытты болыңдар! Тойлары қандай керемет», «Күйеу жігіт мәз ғой», «Осы «Қызыл өрік» шетелде әлі хит-ау», «Мықты, қазақ әні Кореяда», «Қызыл өрік» хит», «Кореядағы ең керемет той болған шығар. Олар мұндай музыка қоймайды, біздің ән жарды ғой», «Кәрістер мен қазақтардың рухани мәдениеті, менталитеті, тәрбиесі ұқсас келеді. Сол себепті тез тіл табысып, отау құрып жатады» деп жазды желідегілер.

Екі жастың әлеуметтік желі парақшаларындағы ақпаратқа сенсек, олар 2019 жылы некелерін қидырған көрінеді. Соған қарағанда тойларын араға бірнеше салып өткізуге шешім қабылдаған сияқты.

EL.KZ
Бөлісу: