Онлайн-платформа: Қазақстанда салық төлемейтін миллионерлер көп

14 Шілде 2023, 18:15 1338

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған соң, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері заңы» күшіне енді. Бұдан былай осы жаңа заң бойынша, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама жұмысы реттеліп, блогерлер мен инфлюенсердің жарнамадан табатын «көлеңкелі табысы» заңдастырылмақ.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн-платформаларға мониторинг жүргізіп, заңға томпақ келетін дүние болса, бес күннің ішінде заң бұзушылықты жоюды талап ете алады. Сонымен қатар, Қазақстанда 100 мыңнан аса қолданушысы бар желілер, атап айтқанда,  Instagram, Facebook, YouTube, Twitter, Telegram, TikTok, VK елімізде ресми өкілін тағайындауы міндетті.

Халықаралық тәжірибе де бар

Айтуларынша, осы заңның басы-қасында болған депутаттар халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бастама көтеріпті. Бұл заңда балалар порнографиясына, зорлық-зомбылықты насихаттауға, есірткіні дәріптеуге, қаржы пирамидаларын жарнамалауға қарсы баптар егжей-тегжейлі қарастырылған.

Қазақстанның таза, адал өмір сүретін азаматтарын осындай келеңсіздіктен сақтауды көздейді. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда саяси сепаратизм қаупі бар. Бұл заң – осы күрделі мәселеге де профилактика, – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.

Халық қалаулысының айтуынша, бұл заңды Мәжіліс фракциясының барлық депутаттары бір ауыздан қолдаған. Алғаш сараптама жасаған кезде халықаралық тәжірибенің бәрі жан-жақты зерттеліп, жіті зерделенген. Өркениетті елдерде, атап айтқанда, Германия, Франция, Испания және Ұлыбритания елдерінің бәрінде әлеуметтік желідегі қатынастарды реттейтін осы тақілеттес заңдар бар. Ол жерде тек қана әлеуметтік желіні қолданушыға, әлеуметтік платформалардың иелеріне де қатысты қатаң нормалар енген. Сонымен бірге, Америка Құрама Штаттарында да әлеуметтік платформаларға қатысты заңдар аз емес.

Бұл жерде екі түсінік бар. Біріншісі – қолданушы, екіншісі – инфлюэнсер. Инфлюэнсер дегеніміз әлеуметтік желіде экономикалық қатынастарға айналысатын, яғни белгілі бір тауар немесе қызметті насихаттайтын немесе курстарын өткізетін азаматтар болса, олар пайда тауып отырғандықтан міндетті түрде салық төлеуі керек. Сондықтан инфлюэнсерлерге салық салу жүйесі қарастырылған, – дейді Ерлан Сайыров.

«Еуропа заңдары қаталырақ»

Заңдағы ауыз толтырып айтатын жайттың бірі – Қазақстандағы ірі платформаларға қазақ тілін қолдану қарастырылған. Егер Қазақстан нарығына кіргісі келсе, платформасының ішінде мемлекеттік тілді дамыту тетіктері жасалуы керек. Заңмен тас бекітпесе, мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарайтын шетелдік компаниялардың аз емес екені аян.

Бұдан бөлек, қазақстандық заң батыс елдерінің заңдарына қарағанда әлдеқайда жұқсақ болып шыққан.  

Заң халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Еуроодақта әлеуметтік желіні реттеудегі элементтері осы заңға кірді. Осы заң мен Еуроодақтың заңын алып салыстырсақ, біздің заң біршама жұмсақ. Еуроодақта өте қатаң. Өйткені, Германияда мемлекетке, азаматтарға қарсы жалған ақпарат таратса, 300 мың еуро айыппұл төлейді. Қазақстанда небәрі 68 мың теңге ғана төлейді. Қайталанса, сомасы екі есе өседі, – дейді депутат Сайыров.

Салықсыз миллиардтар

Сөз жоқ, мемлекет әлеуметтік желіні реттеуге баса назар аударуы тегін емес. Осы уақытқа дейін талай келеңсіз оқиға болды. Әлеуметтік желіде танымал вайнерлер мен әншілер қаржы пирамидасын жарнамалап, талай адамның тақырға отырғаны бар. Жарнамалағандардың кейбірі беделін салып, құтылса, екіншілері темір торға тоғытылды.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желіден күреп табыс тауып отырғандар да аз емес. Мәселен, саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, қаржы көлемі 30 миллиард теңгеден 60 миллиард теңгеге жуықтайды. Бірақ бұдан бір тиын салық төленбей келген.

Бұл заң, кейбіреулер айтып жүргендей, блогерлерді бақылау үшін жасалған жоқ. Бұрын да бақылау жасай алатын. Басқа да бақылау тетіктері аз емес. Гәп басқада. Бұрын жарнама бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарайтын. Мәселен, радио, теледидар, басылымдарда жарияланатын. Енді жарнама әлеуметтік желіге ауысып жатыр. Блогерлер жарнама жасай бастады. Бұл мәмілелер келісім-шарттармен рәсімделсе, бір жөн. Мақалалар PR акция деген бір белгімен шығып жатса, мейлі. Бірақ қазір блогерлер материал жасайды, оның не екені мүлде түсініксіз. Бұл – осы саланы ретке келтіру керек екені сөзсіз. Мәселе осында жатыр, – дейді Марат Шибұтов.

Саясаттанушының бұл сөзі Мәжіліс депутаттарымен үндес келіп отыр. Табыс тапса, бюджетке салық төлеу – әркімнің міндеті.

Мамасита деген блогер болды. Бала-шағасын ойнатып, шомылдырған бейнежазбаларымен танымал. Миллиондаған, тіпті, миллиардқа жақын ақша жинапты. Бұл да кәсіптің түріне айналуы қажет. Кәсіп болған соң, салық төленуі тиіс, – дейді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.  

Немқұрайлы платформалар

Айдос Сарымның айтуынша, бұл заңды әзірлеу барысында Мемлекеттік атқарушы, өкілетті органдар да, парламентаризм институты да ұзақ еңбектенген.

Бұл – кеше ғана жасақталған заң емес, кезінде «кибербуллинг» деген әңгімеден туындаған, жүйелі түрде жасалып жатқан саясат. Шынын айту керек, еліміз заңдық тұрғыдан кибер, интернет саласын реттеуде әлемнен көш кейін қалып қойдық. Бұл – үлкен мәселе, – дейді Айдос Сарым.

Қазақ билігі ірі интернет платформалардың да осал тұсы аз емес екенін айтады. Батыс елдерінде заңды қатал ұстанса, бізде өздерін тым еркін ұстайтын көрінеді.          

Испания, Франция секілді елдерде инфлюэнс маркетинг деген ұғым пайда болды. Интернет платформалар Еуропа елдеріне келгенде басқа саясат ұстанады. Миллиардтаған айыппұл салады. Ал басқа елдердегі заңнамаларға немқұрайлы қарайды. Осыны да ескеріп отырмыз. Яғни, біз қабылдаған норма қабылдаған қағаз емес, нақты жүзеге асырылатын құжат болсын деп шештік. Сол бағытта еңбектеніп жатырмыз, – дейді Айдос Сарым.  

Басты қағида

Заң жобасы талқыланған кезде, жұмыс тобында блогерлер болған. Маман ретінде біраз ұсыныс айтылып, пікірлері ескерілген. Халық қалаулыларының пікірінше, бұл заңда оғаш ештеңе жоқ. Күнделікті тіршіліктегі заң интернет саласында да жұмыс істеуі қажет.

Біздің басты ұстанған қағидамыз – өмірде заңға қатысты қандай қатынастар болса, ол интернетте де болуы тиіс. Бұған ешкім қарсы шыққан жоқ. Шықпайтын да болар. Қазақстанда терроризмге, порнографияға, есірткі жарнамасына, буллингке тыйым салынған. Сөз жоқ, интернет саласында да солай болуы тиіс, – дейді депутат Айдос Сарым.

Сәкен Арыс
Бөлісу: