Онкологиямен күрес диагностикадан басталады

19 Қазан 2018, 10:29 10825

20 қазан күні Қазақстанның барлық онкодиспансерлерінде ультрадыбыстық зерттеу және маммография тегін жасалады

Онкологиялық аурулардың ішінен сүт бездерінің қатерлі ісігі бірінші орында, екінші орында өкпе және асқазан, терінің қатерлі ісігі тұр екен. Онкологтарды үрейлендіретіні соңғы уақытта қатерлі ісіктің «жасаруы». Кеуденің қатерлі ісігі 35-45 жастағы адамдарда да жиі байқалуда, - дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.

2017 жылы 35 мыңнан астам адам қатерлі ісік дертіне шалдыққаны анықталды, ал осыған дейін тіркелген онкологиялық аурулар саны – 171 мың адам. Бұл жөнінде үкімет отырысында баяндама жасаған Елжан Біртанов айтқан болатын. 

Соңғы 10 жылда қатерлі ісік дертіне шалдыққандар саны 9,5% көбейді, дегенмен өлім жағдайлары 28,5%-ға төмендеген. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қатерлі ісікті емдеудің басты кедергісі – ауруды бастапқы кезеңдерінде анықтау көрсеткіштерінің төмендігі.  Осы мәселе бойынша отандық көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер көрсеткішінен үш есе төмен болып тұр. Сондай-ақ скрининг бағдарламасына қатысушылар саны да көңіл көншітпейді. ДДСҰ ұсынысына сай халықтың 70%-ы скринингтен өтіп тұруы тиіс. Ал әзірге бізде бұл көрсеткіш 50%-ды ғана құрайды.

Қазақстанда жыл сайын сүт бездерінің қатерлі ісігі дертіне төрт мыңнан астам әйел шалдығады. Олардың үштен бірі дертіне дауа таппай көз жұмады.

Кеуденің қатерлі ісігіне шалдыққандар әдетте соңғы кезеңдерде ғана дәрігерге қаралады. Бұл кезде дәрігерлердің мүмкіндігі шектеулі және емдеудің ең тәуекелді түрлеріне барады. Үрей тудыратын статистиканы азайту үшін елімізде 40 жасқа толған әйелдер арасында сүт бездерінің тегін скринингі бағдарламасы қабылданды.  Сүт бездерінің қатерлі ісігі скрининг бағдарламалары мен маммографиялық зертетулер арқасында емделіп жазылады. Бұл зерттеулер дертті алғашқы кезеңдерінде анықтауға мүмкіндік береді.

 

Қазір Қазақстандағы әйелдердің өздері тіркелген емханаларға барып маммография жасауына, ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, қандай да бір кемшіндерді анықтауына жағдай жасалған. Басты мақсат қатерлі ісікті анықтау ғана емес, кей        де әйелдерде гормоналды фон бұзылады, бұл кистаның немесе фиброздың дамуына әкелуі мүмкін. Осындай жағдайларды алдын ала анықтау екі тарапқа да тиімді. 2008 жылдан бастап елімізде 50-60 жас аралығындағы әйелдердің сүт бездерінің қатерлі ісігін алдын ала анықтау үшін скрининг жүргізіледі. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі 40-70 жас аралығындағы әйелдерге өзі тіркелген кез келген емханада маммографиядан тегін өтуге арналған бағдарлама жасалды.

Ал 20 қазан - Дүниежүзілік сүт бездерінің қатерлі ісігімен күрес күні Қазақстандағы онкодиспансерлерде ультрадыбыстық зерттеу және маммография тегін жасалады, сонымен қатар маммолог кеңесін алуға болады.

Қаласы

Көшесі

Телефоны

Көкшетау

Ақан сері к-сі, 1/6

716-2-26-96-43

Ақтөбе

Жаңақоныс ы/ауд,  8

713-2-53-42-08

Талдықорған

Абай к-сі, 316

728-2-21-21-28

Атырау

Владимирский к-сі, 2

712-2-28-10-31

Өскемен

Серікбаев к-сі, 1

723-2-70-59-7б

Семей

Құтжанов к-сі, 3

722-2-77-48-00

Тараз

Әзербаев к-сі, 156

726-2-52-19-28

Орал

Алматы к-сі, 58

711-2-52-50-32

Қарағанды

Кривогуз к-сі, 189

721-2-43-88-20

Қызылорда

Абай к-сі, 65

724-2-23-54-68

Қостанай

Көбеев к-сі, 2

714-2-73-03-22

Ақтау

26 ы/ауд., 7116

729-2-43-13-45

Павлодар

Бейбітшілік к-сі, 41

718-2-73-0б-55

Петропавл

Әуезов к-сі, 133

715-2-52-55-84

Шымкент

Байтұрсынов к-сі, 85а

725-2-3б-11-13

Астана

Манас к-сі, 17

717-2-5б-00-73

Алматы

Абай даңғ., 91

727-292-90-б3

 

Демченко к-сі, 83

727-3-99-38-81

 

Папанин к-сі, 220

727-243-34-80

 

Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, онколог-маммолог Дана Башибаева 8 жылдан бері омырау безінің қатерлі ісігін алдын алу мәселесімен айналысып келеді. Дана Сәметқызы әлеуметтік желіде танымал, ол өз кеңес-ұсыныстарын Instagram желісінде жариялап тұрады.

«Өкінішке қарай дертке шалдығып, емделуге келетіндердің 40%-ы ауруы асқынып 3 және 4-кезеңге өткендер. Бұл дерттің нақты себебі белгісіз. Алайда екі тәуекел факторы бар, олар: әйел жынысы мен жас мөлшері. Жасы жоғарылаған сайын әйелдерде сүт безінің қатерлі ісігі пайда болуының ықтималдылығы артады. Бұл тұрғыда көңілді көншітетіні – сүт бездерінің қатерлі ісігі емделеді. Егер ертерек анықталса, әрине. Егер аурудың бастапқы кезеңдерінде анықтаса, 98% жайдағда әйелдер сауығып кетеді», деп жазады парақшасында Дана Башибаева.

Қатерлі ісіктің бастапқы кезеңі әдетте еш симптомсыз өтеді. Онкология дерті сіз мүлдем күтпеген тұсыңызға тап беруі мүмкін. Бірақ ісіктің өзін профилактикалық тексеру және кешенді зерттеу кезінде байқауға болады. Кеуде қуысы органдарының флюорографиясы жыл сайын өткізілуі қажет. Рентген түсірілімі адам ағзасындағы өзгерістерді көрсете алады. Әдіс өте қарапайым да қолжетімді. Әйелдер гинекологтың профилактикалық тексеруінен жыл сайын міндетті түрде өтуі тиіс. Сонымен қатар жасы 40 асқан әйелдер жылына 2 рет маммологқа қаралып, омыраудың УДЗ жүргізгені жөн. Егер сіз тұратын елді мекенде маммолог тапшы болса, айнаның алдына тұрып кеудеңізді мұқият қарап, әр тұсын сипалап көріңіз. Егер қандай да бір түйін, пішіннің өзгеруін байқасаңыз, дереу онколог дәрігерге қаралуыңыз қажет. 

Онколог-мамолог маманның айтуынша қатерлі ісікке әкелуі мүмкін факторларға келесілер жатады:

- Әйел жынысы

- 40 жастан кейінгі кезең

- BRCA1 немесе BRCA2 гендерінің мутациясы

- Тұқым қуалау

- Сүт бездерінің тығыздығы

- Сүт бездерінде қатерлі емес түйіндердің пайда болуы

- Түйнекті (лобулярлы) карцинома in situ

- Анамнездегі онкологиялық аурулар

- Алғашқы жүктіліктің кеш болуы

- Етеккірдің тым ерте келуі

-  Менопаузаның кеш келуі

- Алкоголь

- Қан құрамында андрогендердің жоғары деңгейі

- Менопаузадан соң қан құрамындағы эстроген деңгейінің жоғарылауы

- Пролактин деңгейінің жоғарылауы

- Сүйектер тығыздығының жоғарылауы

- Бойдың ұзындығы

- Түнгі уақытта жарықтың тұрақты болуы және түнгі аусымда жұмыс жасау

- Менопауза кезінде үйлестірілген препараттармен (эстроген+прогестин) гормоналды терапия

- Менопаузадан соң артық салмақ қосу

- Рентгеннен соң сәулелену

- Жас кезінде қабылданған сәулелік терапия.

Дана Башибаева Қазақстандағы саусақпен санарлық онколог-маммологтардың бірі. Оның өз ісін сүйетінін жұмыстағы консультациялармен ғана шектеліп қоймай, әлеуметтік желіде де қыз-келіншектерге көмек көрсетуге тырысуынан аңғаруға болады.

«Егер мен жеке клиника ашып, маммопластика жасаумен айналыссам, табысым әлдеқайда жоғары болатын еді. Алайда мен өзімнің миссиямды табыс табу емес, қатерлі ісікпен күресу, аурудың алдын алу деп білемін. Сондықтан да өз күшімді, білімім мен тәжірибемді биігірек мақсаттар үшін пайдаланғым келеді», - деп ағынан жарылды Дана Башибаева. Оның биік мақсаттары мен әлеуметтік бастамалары «Қазақстанның 100 жаңа есімдері» жобасының тағы бір жеңімпазын қанаттандырды. Арман Тосқанбаев пен Дана Башибаева бірлесіп mammalog.kz сайтын ашты. Бұл сайт арқылы интернет желісіне қосылған кез келген адам маммолог кеңесін алып, онлайн диагностикадан өте алады. Сайтта сүт бездері ауруларының симптомдары, диагностика жасаудың алғашқы қадамдары туралы мәліметтер берілген. Келесі симптомдарды байқасаңыз, міндетті түрде маммологқа қаралыңыз дейді Дана Башибаева:

- Сүт бездерінің ауыруы;

- Омырауда түйіндердің пайда болуы;

- Сүт бездерінің ісінуі;

- Емшектен сұйықтықтың бөлінуі;

- Етеккір алдында сүт бездерінің ұлғаюы және ауыруы;

- Бала емізу кезінде дене температурасының жоғарылауы және жайсыздықты сезіну.

- Қолтық астындағы лимфатүйіндердің ісінуі және ауыруы;

- Сүт бездері тұсындағы терінің лимон тәрізді қабыршақтануы.

Қауіпті дерттен сақтанудың ең жақсы амалы – алдын алу. Ол үшін қыз-келіншектер жылына бір рет маммологқа қаралғаны жөн. «Әдетте әйелдер қауымы маммологқа қаралмайды. Бұған қорқыныш пен немқұрайлық себепкер. Бірінші жағдайда жаман хабарды естуден қорықса, екінші жағдайда дәл біздің отбасыда ешкімде қатерлі ісік болмаған, демек менде де болуы мүмкін емес деп ойлайды. Алайда сүт бездерінің қатерлі ісігі емделеді. Бастапқы кезеңдерде. Ал бұрынырақ сирек еститін қатерлі ісік соңғы уақытта етек жайып барады. Сондықтан маммологқа қаралып тұруды әдетке айналдырыңыз», дейді Дана Башибаева. Ал біз 20 қазан – Дүниежүзілік сүт бездерінің қатерлі ісігімен күрес күніне орай Қазақстандағы онкодиспансерлерде ультрадыбыстық зерттеу және маммография тегін жасалатынын тағы да оқырмандарымыздың есіне саламыз.

Бэлла Орынбетова
Бөлісу: