Қазақстандағы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары бірқатар маңызды мәселелерге тап болып отыр. Бұл проблемалар газет-журналдардың таралымына, журналистердің әлеуметтік жағдайына және жалпы медиа саласының дамуына кері әсерін тигізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында депутат Бибігүл Жексенбай өңірлік БАҚ-тардың өзекті мәселелері мен шешу жолдары туралы сөз қозғады.
Қағаз бен баспа қызметінің қымбаттауы
Соңғы жылдары қағаз бағасының қымбаттауы мен баспа шығындарының артуы өңірлік газеттердің қаржылық жағдайын қиындатты. Бұл жағдай мерзімді басылымдардың өзін-өзі ақтауына үлкен кедергі келтіріп жатыр.
Журналистердің баспана мәселесі
Бұрынғы жылдары журналистерге мемлекет тарапынан баспана беру дәстүрі болған. Алайда, қазіргі таңда өңірлік журналистер бұл қолдаудан тыс қалуда. Соңғы екі жылда Астанада жүзден астам журналист пәтер алды. Осы тәжірибе республикалық деңгейде кеңейтіліп, аймақтардағы БАҚ өкілдеріне де баспана берілсе, әділетті болар еді.
Журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру
Министрлік тарапынан жыл сайын БАҚ өкілдеріне арналған оқыту-жетілдіру курстарын ұйымдастыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл журналистердің заманауи медиатрендтерге ілесіп, кәсіби дағдыларын дамытуына мүмкіндік береді.
Пошта қызметінің кемшіліктері
Қазіргі таңда өңірлік газеттер оқырмандарға уақтылы жеткізілмей отыр. Газеттерді аптасына бір рет топтап жеткізу үрдісі қалыптасты. Бұл оқырмандардың мерзімді басылымдарға деген қызығушылығын төмендетті.
Газет-журнал сататын дүңгіршектердің аздығы
Бұрынғыдай газет-журнал сататын орындардың жетіспеуі халықтың басылымдарға қолжетімділігін шектеп отыр. Дүңгіршектер санын арттыру – ақпарат құралдарының таралымын көбейтудің бірден-бір жолы.
Таралымның азаюы
Бұрын мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер мерзімді басылымдарға міндетті түрде жазылатын. Қазір «мәжбүрлеу» жоқ деген себеппен бұл үрдіс тоқтатылды. Осы ретте жазылудың өркениетті жолдарын қарастыру маңызды.
Қосымша құн салығы (ҚҚС) мәселесі
Қосымша құн салығын (ҚҚС) мерзімді басылымдардан мүлдем алып тастау немесе оларды креативті индустрияға жатқызып, салықтық жеңілдіктер қарастыру қажет. Бұл шара өңірлік БАҚ-тың экономикалық жағдайын жақсартуға септігін тигізер еді.
Журналистердің блогерлікке кетуі
Салаға тиісті назар аударылмауының салдарынан көптеген кәсіби журналистер блогерлікке ауысу белең алған. Себебі блогингтен түсетін табыс пен еркіндік деңгейі жоғарырақ. Бұл үрдіс БАҚ саласындағы білікті кадрлардың азаюына ықпал ететіні сөзсіз.
Өңірлік БАҚ-тың дамуы – елдегі ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Сондықтан бұл мәселелер мемлекеттік деңгейде қарастырылып, нақты шешімдер қабылдануы қажет. Ең алдымен мемлекеттік қолдауды күшейту керек. Өңірлік БАҚ-қа арналған салықтық жеңілдіктер енгізу маңызды. Пошта қызметін ретке келтіріп, газеттер оқырмандарға уақтылы жеткізілуі тиіс. Журналистердің әлеуметтік мәселелерін шешу, соның ішінде аймақтық БАҚ өкілдеріне баспана беру мәселесін қарастыру. Дүңгіршектер санын көбейту арқылы газет-журнал сататын орындардың санын арттыру арқылы таралымды ұлғайту. БАҚ өкілдерінің кәсіби деңгейін арттыруға арналған курстарды жыл сайын өткізу, - деді Бибігүл Жексенбай.