Өңірлерден келген балалар Астананың көрікті жерлерін аралады

12 Тамыз, 20:12 493

Астанада кәсіби гидтердің қатысуымен "Астана - менің Отанымның елордасы" атты әлеуметтік тур ұйымдастырылды. Экскурсия аясында мың бала елорданың көрікті жерлерін көруге мүмкіндік алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қала әкімдігі үш күн ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 10-14 жас аралығындағы балалар, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін мәдени және ойын-сауық бағдарламасы өткізілетінін атап өтті. 

Бүгін 12 тамызда Шымкент мектептерінен келген 50 бала Астананың көрікті жерлерімен танысты. Олар "Астана-Бәйтерек" монументіне барып, Есіл өзенінде теплоходпен қызықты серуен жасады. Содан кейін олар "Джунгли" аквариумы мен ойын-сауық орталығына бет алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба мақсаты - балалардың ел астанасы туралы хабарлығын арттыру, отансүйгіштікке және Отанға деген құрметке тәрбиелеуге ықпал ету, Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін тереңдету, сондай-ақ балаларға жақсы оқу және мақсаттарға ұмтылу арқылы қол жеткізуге болатын мүмкіндіктерді көрсету.

Жоба сонымен қатар мектеп оқушыларына қиын өмірлік жағдайларда көмектесуге, қарым-қатынас орнатуға және ойын-сауық мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған. Балаларға елорданың "Астана-Бәйтерек" монументі, "Нұр-Әлем" Болашақ мұражайы, ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы, ҚР Ұлттық мұражайы, "Хан-Шатыр" СОО сияқты ең маңызды көрікті жерлерін көрсету жоспарлануда, - деп атап өтті "Астана даму орталығы" ЖШС бас менеджері Сабира Сәдуақасова.

Шымкент қалалық білім басқармасының әдіскері Ақтоты Битемирова ұйымдастырушыларға елордаға келуге мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.

Біз Шымкенттен келген оқушылармен бірге "Астана - менің Отанымның елордасы" әлеуметтік жобасы аясында келдік, сапарымыз керемет өтуде. Балалар өте риза. Астана еліміздің бас қаласы деген атқа шын мәнінде лайықты, сұлулығына көз тоймайды. Балалардың арманы орындалды деп айтуға болады. Біз үшін олар тіпті су серуенін ұйымдастырды, өте жылы шыраймен қарсы алды. Астана өзінің ерекше келбетімен және шынайы қонақжайлылығымен таң қалдырды. Бұл мүмкіндік үшін зор алғысымызды білдіреміз, - деді ол.

Жобаны Астана әкімдігінің "Астананы дамыту орталығы" ЖШС ұйымдастырды.

Зарина Арман
Бөлісу: