Оңғар Құралов: Қазақ радиосындағы 25 жыл

31 Мамыр 2018, 10:56 11332

Журналист кәсіби тұрғыдан әрдайым өз өзін жетілдіре білуі қажет...

Маусым айы журналистер үшін ең қарбалас шақтардың бірі. Баспа, радио және интернет журналистика саласындағы тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығы өтінімдері қабылданып, жүлдегерлер анықталуда. Биылғы жылғы "Үркер" ұлттық сыйлығы қазақ баспасөзінің қайнар көзі "Қазақ" газетінің 105 жылдық мерейтойына орайластырып отыр. 28 маусым - Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні байқау қорытындысы шығып, ақпарат саласының майталмандары марапатталмақ. Ал әзірге қазіргі қазақ журналистикасының бүгінгі қаһармандары туралы материалдар легін ұсынуды жөн көрдік. Оңғар Құралов радиода тәжірибесіне кәсіби шеберлігі сай азаматтардың бірегейі. Сәті түсіп еліміздің танымал радио журналисімен сұхбаттасқан едік. 

  

- Радиоға ең бірінші қашан келіп едіңіз? Қалай келіп едіңіз?

- Бала кездегі арманымыз журналист болу еді. Мен негізі Өзбекстанда Ташкент облысы, Бостандық ауданында дүниеге келдім, ол 1956 жылы Хрущев мырзаның кезінде Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ ауданы. Сол қазақ ауданында туып өстік, мектепте оқыдық. Ауданда бір 35-тей мектеп болса, соның 30-ы қазақ мектебі болды. Қазіргі кезде өзбек мектептерінің үлес салмағы артып, қазақша білім беретін мекемелердің саны азайып кеткен болуы мүмкін, ол өзбек мемлекетінің саяси мүддесі тұрғысынан алғанда дұрыс шешім деп есептелсе керек. Мысалы, біздің №34 орта мектебіміз Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп болатын. Қазір ол мектеп тек нөмірмен аталады - №34 мектеп деп. Ал көрші ауылдағы мектептердің Амангелді Иманов, Жамбыл Жабаев, Абай атындағы атаулары алынып, тек нөмірлері ғана қалдырылған.

Сонымен, 1988 жылы мектеп бітірген шағымыз. Ол кезде Қазақстанға келу еркіндеу болғаныменен қазіргідей заман емес еді, байланыс та, алыс-беріс, барыс-келіс те басқаша дегендей. Біз Өзбекстанда отырып, ҚазақССР Оқу министрлігі бекіткен қазақстандық оқулықтарды оқыдық. Алматыдан шығатын баспасөзге еркін жазылдық. «Шалқар» радиосы естілгенімен, қазақ телевидениесінің толқындары дұрыс жетпеді. Десе де Өзбекстанда тұрғанымызбен, Қазақстанның ауасымен дем алғандай болдық. Арманым Алматыға келіп, ҚазМУ (ол кезде Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университеті) түсу еді. Бірақ ата-анам «Ол жақта кімің бар? Қалай барасың? Қайда тоқтайсың? Кімге арқа сүйейсің?» деп жібере қойғысы келмеді. Ташкентте Низами атындағы педагогикалық институт бар, сонда қазақша оқытатын филология, математика факультеттері бар. Маған барлығы сол жаққа барғаның дұрыс деген ұсыныс жасады. Бір жағынан Алматыға барғым келеді. Алайда қарайласатын, табан тірер ешкімім болмады ол жақта. Сонымен үлкендердің айтқанына көніп, Ташкентке баратын болып шештім. Біз Ташкенттен 40 км жерде тұрамыз. Сөйтіп Низами атындағы педагогикалық институтқа бардым, құжаттарымды тапсырайын деп жатсам, екі түрлі тапсырыс ережелерін іліп қойыпты. Біріншісі – ТашПИ-ге тапсыру, екіншісі – іріктеу (набор дейді) арқылы Қазақстанның облыс орталықтарына қабылдау жүріп жатыр екен. Есімде, филология бойынша Алматыға – 7 адам, Қызылордаға - 4 адам, Шымкентке – 4 адам қабылдайды екен. Осылайша, қол бұлғап тұрған арманым алдымнан шыққандай болды. Құжат тапсыруға бірге барған Алтынбек көкеммен барғам, екеуміз ойласа келе Алматыны белгілеп, құжат тапсырып, үйге қайттық.

Үйдегілер:

- Тапсырдыңдар ма? – деп сұрады.

- Иә, Алматыға тапсырдық, – дедім. 

 - Оу, Алматыға қалай бармақсың? – деп шу ет қалды.

- Емтиханды Ташкентте тапсырады екенбіз, егер өтсең, түссең ғана ол жаққа барады екенсің. Олар өздері алып кетіп, сонда өздері орналастырады екен»,–деп тыныштандырдым, әке-шешем де келісті. Сонымен, конкурс өте жоғары деңгейде болды, 1 орынға 14 адам таластық. Қабылдау шарттарына жарап тұрмын, алда үлкен сын - емтихан. Емтиханның өзі үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – шығарма жазу, одан «5» алдым. Ол кезде емтиханнан «5» алу деген оңай болмайтын, көбіне «құлатады» немесе «3» не «4» қояды. Менің шығарма жазу қабілетімді байқаған болу керек, «5» қойыпты. Екіншісі – қазақ әдебиетінен ауызша емтихан болды. Ол емтиханнан «4» алдым. Үшінші пән – тарих екен, одан «өтті» немесе «өтпеді» деп қана жазады екен. Мен тарихтан аса білгіш болмадым, билет сұрақтарын дұрыс түсінбедім бе, мұғалімдер менің жауабыма қанағаттанбады да, маған «шыға тұр» деді. Әр емтиханнан кейін емтихан парағына бағаны қойып, қағазыңды қайтарып беретін, бұл жолы қолға бермеді. Мен емтиханнан өтпеген шығармын деп ойладым. Бір уақытта талапкерлердің барлығы емтихан тапсырып болып, ағай кабинетін жауып шығып бара жатты. Сол кезде жанына барып: «Мен ше?» деп сұрадым. Ол кісі таңғалып: «Саған «шыға тұр» дегенім – «кете бер» деп айтқаным дейді. Салым суға кетіп, басым салбырап үйге қайттым. Үйдегілерге барлығын түсіндіріп, ертеңінде құжаттарымды алуға қайта бардым. Барсам ол жерде ығы-жығы адам, ТашПИ-ге түсетіндердің іріктеу емтихандары жүріп жатыр екен. Түспесем құжаттарымды алайын деп кабинетке бара жатсам, алдымнан сол 1988 жылғы емтихан комиссиясының төрағасы Зинаида Борисовна Ким деген кәріс әйел кездесті.

- Емтихан тапсырдыңыз ба? – деп сұрады.

- Иә, тапсырдым.

- Қандай баға алдыңыз?

- Шығармадан – «5», ауызшадан – «4» алдым.

- Ал тарих ше?

- Тарихты білмедім, өткен-өтпегенім белгісіз, емтихан парағын алып қалды, - дедім.

- Негізгі мамандыққа байланысты пәндерден жақсы баға алыпсың, фамилия қалай еді, қазір мен көрейін деп кабинетіне қарай аяңдады.

- Фамилиям - Құралов деймін...

Бір кезде бір жігіт келіп:

Таң қалып емтихан комиссиясының төрағасына барып, шала орысшаммен:

 - Мені шақырдыңыз ба? - дедім. 

 - Иә, Құралов, сенің оқитының тарих факультеті емес, филфак қой, мен қазір ол кісілермен сөйлесіп көрейін», – дейді.

Дәлізде күтіп отырсам, бір жігіт келіп сізді шақырып жатыр, жергілікті ТашПИ-ге емтихан тапсыратындарға қосылып тағы бір рет тапсырсын дейді. Ал мен кешегі емтиханнан «құлап қалдым» деп білмеген сұрақтарымның дұрыс жауабын іздеп, кітап бетін де ашпағам. «1861 жылғы крепостнойлық правоның жойылуы» деген сұрақ. Қас қылғанда емтихан қабылдаған тарихшы ұстаз «кешегі билетіңе жауап бере сал!» дееп қарап отыр. Кешегі жазғанымды айнытпай жазып, білгенімді қайталап айтып бердім. «Еш дайындалмапсың, сендер біздің, жалпы Өзбекстанның абыройын түсіресіңдер ғой, оқымайтын балаларды сыртқа жіберуге ұят» деп әбден ұрсып алған соң, «Жарайды, сенің негізгі пәндерің әдебиет пен қазақ тілі екен, одан жақсы бағалар алыпсың. Тарихтан да «Өтті» деп жазып берейін, тек кейін тарихты дұрыстап оқып ал» деп тапсырды...

Алдағы бір аптадан соң конкурс нәтижесі шығады. Сол кезде түскен-түспегенім белгілі болмақ. Бірнеше күннен соң түс көрдім. Біз Шыршық деген өзеннің жанында тұрамыз. Түсімде сол Шыршыққа шомылып жүрмін. Судың арғы бетіне өтейін десем, ағыны қатты. Мені ағызып әкетіп барады, бір кезде жағада өсіп тұрған тал қолыма ілінді де, содан ұстап қалып арғы жағаға шықтым. Ертеңінде ТашПИ-ге барғанымда оқуға түскенімді естідім. Содан арман болған Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-дің Қазақ филологиясы факультетіне 1988 жылы оқуға түсіп, 1993 жылы ойдағыдай тәмамдадым.  

Алданазар Көлбаев деген досым, курстасым 4-курс оқып жүрген кезінде Қазақ радиосына жұмысқа тұрған болатын. Келер жылы ол мені радиоға шақырды. Арманым - журналист болу еді ғой, 1993 жылы оқуды тәмамдаған соң бірден педагогика емес, Қазақ радиосына жұмысқа кірдім. Содан бері міне 25 жыл өте шығыпты. Осы қарашаңырақ Қазақ радиосында қызмет еткеніме ширек ғасыр болғанын байқамай да қалыппын.

 

 - Алғашқы эфиріңіз есіңізде ме?

- Ол кезде Қазақ радиосының 3 арнасы болатын: бірінші арна - қазіргі Қазақ радиосы, екінші арна - қазіргі «Шалқар», үшіншісі - шетелдегі қазақтарға арналған «Тұран» бағдарламасы. Ол кезде «Қазақстан» телерадио компаниясының басшысы жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз болды. Мен күніне орта толқындарда 2 сағат эфирге шығатын шетелдегі қазақтарға арналған «Тұран» бағдарламасында жұмыс істедім. 1 жылдай сол бағдарламада істеп, кейін 1994 жылы «Әдебиет» редакциясына ауыстым. Радиоға жұмысқа қабылданған кезімде бірге оқыған курстасым Ақылгүл Әбдіқайымова дейтін айтыскер ақын қыз да келген болатын. Ол бірден «Әдебиет» редакциясына, ал мен «Тұранға» бардым. Курстасымның «магниті тартты» ма, артынан мен де Әдебиет редакциясына қарай ойыстым. Екі жылдан соң сол курстасымызбен отау құрдық... Бұл жылдары радиодағы тамаша мамыражай кезең еді. Шерхан ағаның кезінде радио қызметкерлері қалжыңдап: «Біз айына 4 рет жалақы аламыз» деп айтатын. Әр айдың 6-сы күні жалақы, 10-ы күні қаламақы, ал 15-і күні – аванс, 25-сінде тағы да қаламақы берілетін. Сол кездерде радиода шашамен барлығы 450-дей адам жұмыс істейтін, радионың өз алдына 2 концерттік оркестрі болды. Әсет Бейсеуов, Нұрғали Нүсіпжанов, Мұрат Серкебаев т.б. ағаларымыз сол оркестрде жұмыс істеді.

1994 жылы Шерхан Мұртазаның орнына Ләйлә Бекетова ханым келді, сол кезде «Қазақстан» телерадио корпорациясы» жабық акционерлік қоғамы болып өзгерді, атауымен бірге құрылымы, жұмыс тәртібі, бәрі өзгерді. Қаламақымыз да көзден бұлбұл ұшты дегендей... Одан кейін талай басшылар ауысты. Ал 1996 жылы қараша айында үлкен қысқарту болды. Сол кезде 450 адамның 250-і қысқарған болса керек, қысқарту кезінде сол екі  оркестріміз толығымен таратылды. Журналист, техник, оператор, режиссерлармен бірге 19 облыстағы 38 тілшіміздің де сол кезде қысқартылғаны есімде. Сол тұста радиоқұрылымында 5 отбасылық жұп жұмыс істейді екенбіз. Ең соңында қысқартатын адам таппай, «отбасыларын ер азаматтары асырар» деген уәжбен олардың әйелдерін де қысқартып жіберді. Жұбайым да сол кезде жұмыстан қысқарып, басқа жұмысқа ауысып кетті. Қазір қалжыңдап «саған тұрмысқа шықпасам, радиода қызмет етіп жүрер едім» деп қояды.

Ол кездерде барлық дерлік бағдарламалар алдын ала таспаға жазылып эфирге берілетін. Тікелей эфирге журналистерді шығармайтын, тек дикторлар ғана шығатын. 15 шақты дикторымыз болды. Біз соларға мәтін дайындаймыз. Хабарларға диктордың ыңғайына қарай мәтін жазамыз. 1997 жылы Ақпарат редакциясына ауысқанда, тікелей эфирге шығу енді қалыптасып келе жатыр екен. «Қайырлы таң» бағдарламасында жаңалықтарды диктор мен журналист бірге оқиды. Сол кезде белгілі журналист Үмітжан Балтаева деген апайымыз Ақпарат редакциясының бас редакторы болды. Журналист Қайрат Мұсақұлов оның орынбасары болатын. Солар маған тікелей эфирге шығуың керек деді. Эфирге жаңалықтарды оқыған кезде барлығына ұнаған болуы керек, эфирден шыға сала құттықтап, мақтай жөнелді. Содан бастап эфирде біршама жыл жаңалықтар оқыдым. Кейіннен бірте-бірте тікелей эфир уақыты кеңейтілді.     

   

 - Жаңалықтарды диктордың оқығаны дұрыс па, әлде журналистің бе?

- Ол жүйе өз заманында дұрыс болды. Бірақ қазіргі кезде ондай үрдісті халық қабылдай алмайды деп ойлаймын. Өйткені дикторлар көмейге салып оқып отырғанда тыңдаушылар басқа арнаға қарай ауысып кетуі әбден мүмкін. Кез келген радиоға қарасаңыз жаңалықтарды, бағдарламаларды журналистердің өзі жүргізеді, оқиды. Олардың дауыстары еркін, интонациялары шынайы, динамикасы бар. Тек кейде оқу мәнері жетіспей жатады. Шетелдік радиоларды тыңдасаңыз, мәселен BBC радиосы жүргізушілерінің өз мәнері бар. Оларды оқытатын өздерінің білім жетілдіру академиялары бар. Шетелдерде іссапармен болғанда да байқағанмын, Қытайда, Түркияда арнайы білім беретін академиялары бар екен. Дауысты қоятын, сөз саптауды үйрететін мектептері қалыптасқан. Немістің «Дойче велле» телерадиокомпаниясы академиясының өкілдері бізге келіп семинар өткенде де соны байқағанбыз. Демек, қай уақытта да білімді толықтырып, жетілдіріп отырған абзал.

Радионы бүкіл халық тыңдайды, бір сөзді дұрыс айтпасаң халықты да шатастырасың, қазақ сөзінің дыбысталуы, айтылымы да өзгереді. Радио - ұлттың ұстазы. «Радио айтса дұрыс айтады» дейтін де түсінік бар. Сондықтан біздің қателесуге хақымыз жоқ. Өзіміз де жетіспеген тұстарымызды жетілдіріп, талпынып, ізденіп, үйреніп келеміз дегендей. Жақсы радиожурналист болу үшін жазу-сызу өз алдына, дауыс қою жағынан да өз өзін жазып алып тыңдап, кем-кетігін біртіндеп түзеп отырғаны дұрыс. Яғни кәсіби тұрғыдан әркім өзін тәрбиелеп, нәтижеге жетуге ұмтылуы қажет.

 

- Қазақ радиосы репертуарының талғамы жоғары. Сіздерде әлі Көркемдік кеңес жұмыс істей ма?

- Әрине, Көркемдік кеңес үнемі болды. Қазір де бар. Құрамына танымал ақын-жазушылар, композитор, орындаушылар кіреді.  Соңғы 5-6 жылда Төлеген Мұхаметжанов, Жоламан Тұрсынбаев,  Әшірбек Сығай, Балнұр Қыдырбек, Секен Тұрысбеков, Марат Ілиясов, Елена Әбдіхалықова, т.б. Көркемдік кеңестің мүшелері болды. Әр кезде құрамы ауысып тұрды. Бірақ атқаратын функциялары бір. Мәселен, 10-12 жылдай бұрын Қазақ радиосының директоры Жүрсін Ерманның кезінде Исраиль Сапарбаев, Ибрагим Исаев, Кеңес Дүйсекеев, Алтынбек Қоразбаев, т.б. сынды  бірнеше ақын-композиторлар болды, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сияқты әншілер болды. Барлығы жиналып Көркемдік кеңеске түскен әндерді тыңдайды, мәтіндерін тексереді. Кеңеске шамамен 100 ән келсе, соның 20-30-ы ғана жарамды болады. Қалғаны өтпей қалады жарамсыз боп.

 

- Басқа радиолар іріктемей шығара береді ғой?   

- Қазір әншілер әнін жазып кез келген коммерциялық эфирге апарады да, сонда эфирге шығара береді. Қазақ радиосы классикалық радио, халықтық арна, елдің ең бірінші радиосы, басты арнасы, салт-дәстүрді жалғастырушы, біз оның мәртебесін сақтауымыз керек. Бір композитор ағамыз хат жазған болатын «Қазіргі радио көше әндеріне толып кетті» деп. Дегенмен қазір Қазақ радиосы жастарға қарай бет бұрды. Жастар ұнатқан «көше әндерін» талдап, дұрыс дегендерін шығарып жатырмыз деуге болады. Әуесқой композиторлардың әндері көп, соларды таңдап, талғап барып сөзі сауатты, мағынасы дұрыс деген әндерді эфирге береміз. Қазақ радиосы мен «Шалқар» қашан да жоғары талғамды қалыптастыруға атсалысып келеді. Болашақта да сол бағытынан адаспайды деп есептейміз.

 

- Кейбір радиолар рейтингке көп мән береді, мысалы олар тыңдаушы не тыңдағысы келетінін біледі де соған көшеді, қоғам жетегінде кетеді: Ал сіздер халықты тәрбиелеуге мән бересіздер. Сіздер бұған өкінбейсіздер ме?

- Бұл ең ауыр сұрақ. Рейтинг не үшін керек? Жарнама тарту, ақша табу үшін керек. Біз рейтинг қуып кетсек, негізгі мақсатымыздан айырылып қалатын едік. Белгілі дәрежеде біз шегініс жасап отырамыз. Қазіргі замандағы адамдарға не қызықты, соған байланысты хабарлар, бағдарламалар ұйымдастырылады. Бірақ бұл Қазақ радиосы екенін ұмытпауымыз керек. Елдің барлығына ұнай беру мүмкін емес. Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы ұлттық идеологияны насихаттайды, ұлттың құндылықтарын дәріптейді. Рейтингтің бір қиын жері, оны кім анықтайды? Біраз жыл бұрын Қазақ радиосы рейтингке қатыспау туралы да ойланып  көрген болатын. Бірақ жарнама берушілер сол рейтингтік көрсеткіштер бойынша жарнама береді екен. Рейтинг сол үшін керек. Ал рейтингті «ТНС Гэллап Медиа» деген шетелдік компания анықтайды. Оның қалай зерттеу жүргізетінін нақты айту қиын. Бірақ басқа медиазерттеу жүргізетін компания жоқ елімізде. Яғни, амалсыз біз осы компанияның зерттеулеріне, рейтингісіне жүгінуге мәжбүрміз.

 

- Қазақ радиосының мобильді қосымшалары бар ма?

- Иә, жақында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мырзаның басшылығымен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасы ақпарат айдынына шықты. Онда 3 телеарна («Қазақстан», «Қазспорт», «Балапан») және 4 радио (Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосы «Classic» радиосы) бар. Сол жерден әлемнің кез келген түкпірінде отырып «Қазақстанға» қарасты телеарналарды және «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС қарамағындағы радиоларды онлайн көріп, тыңдауға болады.

- Қазақ радиосын тыңдауға 3 себепті айта аласыз ба?

- Бұл сұраққа былай деп жауап берер едім. Әр жерге қонақ болып барып қаламыз ғой, сол кезде таң қалғаным «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосын таңертеңнен кешке дейін қойып қоятын үйлер бар екен. Әсіресе үлкен кісілер «Шалқарды» көп тыңдайды. Мен «Неге басқа радиоларды тыңдамайсыз?» деп сұраймын ғой. Сонда олар маған «басқа радиоларды тыңдасақ арасында орысша қосып жібереді, сосын тыңдағымыз келмейді» дейді. Содан түсінгенім жаны да, қаны да қазақ адамдар тек қана қазақша әуен, қазақша жаңалық тыңдағысы келеді екен.

Екінші себеп – біз коммерциялық арналар сияқты көр-жерді сөз етіп, «ана біреудің киімі жақсы, мына біреудің күлкісі жақсы, ана әнші ажырасып кетіпті, мына әнші біреуге көзін қысып қойыпты...»  деген сияқты желсөз, бос әңгімелерге орын бермейміз. Біздің радиоларымызда мемлекеттік, елдік мәселелер, қоғамдағы ауқымды дүниелер сөз болады. Салмақты ән-күйлер, адамның ой-өрісін өсіретін дүниелер беріледі. Сондықтан тыңдармандар жеңіл-желпі нәрсе емес, осындай құнды дүниелерді тыңдағысы келгендіктен Қазақ радиосын тыңдайды. «Шалқар» радиосын қосып қояды.

Ал «Астана» радиосы жастар мәселесін, Астана жастарының тыныс-тіршілігін сөз етеді, жастардың талғамына сай әуендер қосады. Ал классикалық сазға құрылған «Classic» радиосын Астана, Алматы, Ақтау қалаларынан тыңдауға мүмкіндік бар.  

Үшінші себеп – жалпы радионы адамдар ең бірінші ақпарат және музыка үшін тыңдайды. Мысалы, бірде лауазымды бір кісі: «Телеарналарды қарауды мүлдем қойдым, қазір әр сағат сайын Қазақ радиосы арқылы барлығын естіп алғаннан кейін, телеарнадан оны қайталап көріп уақыт жібергім келмейді» деп айтқан болатын. Бұл - шындық. Ресми ақпараттың бәрі да біздің радиода айтылады. Барлық тұрғындар смартфонмен жүр деп айта алмаймыз, әлі интернеті жоқ ауылдар бар. Сол тұрғыдан алғанда радио – бұл өте жылдам да шапшаң мағлұмат алатын ақпарат көзі. Ал телеарна жылдам ақпарат беруде радиоға жете қоймас қазір. Көбіне жиып-теріп кешке беріп жатады. Мен мысалы Түркияда болғанда бір семинарға қатысқам. Сондағы дәріс оқып жатқандардың айтқаны: радио әлі біраз жыл өмір сүреді. «Ертең аясы тарылмай ма» деген сұрақ туындап жатыр ғой газет-журналдардың аясы тарылғаны секілді. Қазір газеттер өздерін сақтап қалу үшін сайттарын дамытуға күш салып жатыр. Үлкен мегаполистердегі басты мәселе – кептеліс. Кептелісте тұрған адамдар телеарна көре алмайды, бірақ көліктерінде радионы тыңдай алады. Сол үшін радио біраз жылға дейін ақпарат алу көзі болып қала бермек...

 

- Дикцияның да өз трендтері болады ғой, мысалы 80-жылдары дауысты әріптерді жұмсартып айтса, қазір акцентпен айтқан дикторларды жиі естиміз. Бұл жеке диктор кемшілігі ме, тренд пе? Қазір қандай дауыстар сұранысқа ие?

 - Қазір акцентпен сөйлейтіндерді қазақ тілінің уызына жарымаған, кітап оқымайтын ұрпақтың бүгінгі шынайы көрінісі деуге болады. «Кітап – ең сабырлы ұстаз» дегендей, кітап-ұстаздан жарытып білім алмаған толқынның эфирдегі кескін-келбеті ол. Кезінде зор дауысты диктор Әнуарбек Байжанбаев ағаларымыз болды. Ресейдегі диктор Левитаннан келе жатқан дәстүр бар болатын. Олар қаншалықты сөздерді дұрыс айтып, дұрыс оқыса да, қазіргі тыңдаушы ондай дауыспен, мәнермен оқылатын радиохабарларды қабылдай қоюы екіталай. Өйткені заман басқа, заң басқа дегендей. Қазіргі студиядағы еркіндік, хабар оқу, жүргізу үрдісі сол замандарда эфирде көрініс табатын болса, онда оны «эфир қарауылдары» анық айқын күстаналайтын еді кәсібилік тұрғыдан. Ал бүгінгі тренд басқа. Жай тонмен, қоңыр дауыспен айтылған ақпарат жақсы қабылданады. Сондықтан, бұрынғыша дикторлық дауыстарды қазіргі жастар тыңдамай қоюы жаһандану талабының және талғамның өзгеруінен деп айтуға болады. Бір мысал келтірейін, Ләззат Танысбай «Хабар» арнасында біраз жылдар жаңалық оқыды. Оған біраз жастар еліктеп, бәрі Ләззат сияқты еркелей сөйлеуді әдетке айналдырды. Ол кезінде Л.Танысбайға жарасымды болғанымен, әркімнің өз бет-бейнесі болуы керек деп ойлаймын.  Қазір Ләззат эфирге шықпаса да, оның ізбасар «шәкірттері» көп-ақ... Бір кездері Сауық Жақанова, Рабиға Аманжолова апаларымыздың жұлдызы жарқырап тұрды, оларға ұқсағысы келетіндер көп болды. Одан кейін Ләззат Танысбай, Қымбат Досжан, Гүлназ Әлімгерейлер шықты. Бұлардың да әрқайсысы өзінше бір-бір мектеп қалыптастырып үлгерді деп айтуға болады...   

 Қазақ радиосының Алматы қаласындағы қосынында мықты журналистер қалды.  2012 жылы Астанаға көшкенде біраз адам жұмыстан кетті, 10-15 мықты журналист Алматыда қалды. Ғалым Есенсариев, Жанар Оразымбетқызы, Бақыт Жағыпарұлы, Гүлбану Алпамысқызы, Гүлбағыш Бостан, т.б. деген сияқты. Олар айтары бар, өздерінің бет-бейнелерін қалыптастырған радиожурналистер болды. Алматыда тікелей эфир болмаған соң ба, олар онша көзге түсе қоймады. Осы жерде сөздің ретіне қарай алғаш рет бір құпияны айта кетсем деп отырмын. 2015-16 жылдары жоғары жақтан Алматы студиясындағы адамдарды қысқартып, 4 адам қалса жетеді деген әңгімелер айтыла бастады. Сонда бірде Алматыға барғанымда Алматы студиясының жетекшісі Мұрат Мұқашқа бір кеңес айттым: «Егер қысқартудан аман қалайық десеңдер тікелей эфирге шығамыз деген бастама көтеріңдер» дедім. Ол кезде мен Қазақ радиосында Бағдарламалар директоры болатынмын. «Астанаға барған соң мен техникалық мүмкіндіктерін қарастырайын, сендер бағдарламаларыңды жоспарлап, басшылыққа ұсына беріңдер» дедім. «Қазмедиа орталығы» Радио кешенінің бастығы Қадыр Алшынбаймен ақылдаса отырып, арзан бюджеттік жобамен тікелей эфирге шығу жолдарын іздестірдік, таптық та. Шағын құрылғыны қосу арқылы Интернеттің көмегімен тікелей эфирге шығуға болады екен. Сөйтіп алматылық құрам тікелей эфирге шығуға рұқсат алды да, екі радиоға оңтүстік астанамыз Алматыдан тікелей эфирде хабарлар беріп, қызметкерлерін сақтап қала алды. Білім, ғылым, мәдениет ордасынан сүбелі хабарлар беріп отырған жорналшыларға да корпорация басшылығы қатты шүйліге қоймады. Мұны алматылық әріптестерімді қысқартудың бір толқынынан аман алып қалуға тигізген аз-кем көмегім болды деп айта аламын. Қазір тікелей эфир хабарлары жанданып, интерактивті байланысқа баса мән беріліп келеді. Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының ең құнарлы хабарларының салмақты бір тұсы да осы алматылық әріптестеріміздің еншісінде.

- Радиода жұмыс істеу үшін не қажет, дауыс па, әлде жазу ма?

- Он жылдай радионың Ақпарат редакциясында жұмыс істедім, редактор, жүргізуші, бөлім меңгерушісі, шеф-редактор, Бас редактор болдым. Ақпарат редакциясы форматы бөлек, оперативті, жаңалықтарды жылдам алып эфирге беру керек. Ақпараттарды тілшілеріміз оқиға орнына барып жазып алып келетін, ал қазір жаңалықтарды ақпарат агенттіктерден алып эфирге береміз. Бұрын баспасөз мәслихатына барып, өтіп жатқан шара байынша мәтін жазатын. Ал қазіргі журналистер жазу жағынан шорқақтау-ау деп ойлаймын. Көпке топырақ шашпайын. Арасында жақсы жаза алатындары да бар. Бірақ радиоға жазу стилі өзгерек. Қарапайым да, нақты әрі дәл айта білуің керек тыңдаушылар естігенде анық түсінетіндей. Ал тікелей эфирдің жөні бөлек. Оған зор шеберлік керек. Газет журналисі де, тележурналист те радиода жұмыс істеймін десе, біраз бейімделуі керек болады. Теледидарда бет-бейне, киім, мимика маңызды. Ал баспасөзде ойды қорытып, сауатты мәтін жаза білуіңе қарайды. Радиода болса айтпақ ойыңды әдемі дауыспен ұғынықты етіп жеткізе білуің керек. Әрі соған сай музыкамен әрлеп, көркемдеп, радиотыңдаушыларға тартымды хабар ұйымдастыра алуың қажет. Дұрыс жаза білетін, сауатты сөйлей алатын журналист радионың ең мықты қызметкері бола алады.

 

- Өзіңіздің радиодағы қызықты оқиғаларыңызбен бөліссеңіз?

- Ақпарат редакциясында біраз аға-апаларымызбен жұмыс істедік. Руслана, Үмітжан апайлардан соң редакцияны 2000 жылдары Жолымбет Кейкелов дейтін ағамыз басқарды. Жолымбет аға маған қатты сенетін. Ал мен бөлім меңгерушісі болдым. Сонда жаңалықтарды әзірлеп, мәтінін кезекші дикторларға қалдырамыз. Олар кешкі 21:00-де оқылатын жаңалықтарды Хабар тарату бөлімінен алып тікелей эфирде оқиды. Сол кездерде Қасымжомарт Тоқаев еліміздің Сыртқы істер министрі болып істейтін. Премьер-министрдің лауазымы біраз уақыт бос тұрды да, сол міндетті де уақытша атқарып жүрді. «Премьер-министр міндетін атқарушы - Сыртқы істер министрі» деген лауазым болды. Асығып жүріп жаңалықта «Премьер-министр Қасымжомарт Тоқаев» деп жазып жіберіппін. Мәтінді Жолымбет ағаға «тексеріп беріңізші» дедім. Мен өз жұмысымды тексерткенді жақсы көретінмін, әлі күнге дейін жазғандарымды тексергенін дұрыс деп санаймын, мүмкін мен білмейтін, қателескен тұстарым болса, содан сабақ алғым келеді. Жолымбет аға маған сенді ме, жаңалықтар топтамасына қараған жоқ, тексермеді де. Бастапқы бетіне қол қойды да, эфирге рұқсат деді. Ертеңінде Жеңіс Ақпанбет дейтін тілші ағамыз бір жиынға барса, сонда Тоқаев мырза сұхбат беріп жатыр екен: «Кейбір БАҚ құралдары мені Премьер-министр деп жариялап жатыр екен, мен премьер-министр емеспін, тек міндетін уақытша атқарушымын, ол лауазымға Премьер-министрді Елбасы әлі ешкімді тағайындаған жоқ» депті. Бірақ Қазақ радиосы солай айтыпты демепті. Егер Қазақ радиосы солай хабарлапты десе менің басым кеткендей еді...

Сол оқиғадан екі ай өткен соң Қасымжомарт Тоқаев ағамыз Премьер-министр болып тағайындалды. Осылайша Тоқаевты қалай премьер-министр еткенімді біразға дейін айтып қалжыңдап жүрдім. Бұл оқиға туралы Қазақ радиосы шығарған «Ұлттың үнжариясы» жинағына енген «Тоқаевты Премьер еттім» деген естелігімде толығырақ жазғанмын. Осындай қызықты оқиғалар көп болды.

Бірде студияда тікелей эфирде жаңалықтар оқып отырғам.  Микрофон алдында үстел лампасы жанып тұрады, студия іші тастай қараңғы. Жаңалықтарды оқып отырған кезімде лампочка шарт етіп атылып кетті де, студия қап-қараңғы боп мәтінім көрінбей қалды. Еш саспауға тырысып, жаңалықтар арасындағы перебивканы пайдаланып, екінші жарығы бар микрофон жаққа ығыса қойдым да, лампаны жақтым. Эфирден шыққан соң сұрасам ешқандай кідіріс байқалмады дейді. Сол мезетте бір шартты рефлекспен амал таба қойған сияқтымын. Егер екінші жарық болмаса онда қалай болар еді деп ойлап қоям. Тікелей эфирдің жауапкершілігі де зор ғой сезінген адамға. 25 жыл деген аз уақыт емес қой, талай-талай қызықты оқиғалар өтті ғой басымыздан.

- Қызық екен, қазіргі студияда не жаңалықтар бар?

- Қазір тамаша жаңалықтарымыз көп. Солардың бірі - «ҚАЗАҚ РАДИОАЛАРЫ» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбек мырзаның басшылығымен Қазақ радиосының студиясы веб-камералармен (робот камералармен) жабдықтандырылуда. Біздің тыңдармандарымыз енді радиобағдарламаларды тыңдап қана қоймай, тамаша сапада онлайн көре алады. Әлеуметтік желілерде (YouTube, Фейсбук, Инстаграм), Qazradio.fm сайтымызда біздің жүргізушілерімізді ғана емес, студия қонақтарының да бет-бейнесін көре отырып, радио тыңдауға мүмкіндік туып отыр. Жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы Қазақ радиосының жаңа тынысы ашылып, жаңа бет бейнесі қалыптасуда. Былайша айтқанда, Қазақ радиосының жаңа дәуірі басталуда.

Радиомыз күннен күнге өз тыңдармандарының сұраныстарын алдын ала болжап, бүгінгі таңдағы заманауи радио талаптарына сәйкес келтіруде. «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» арналары ұсынатын хабарлар тізіміне көз салсаңыз, түрлі форматтағы бағдарламалармен толыға түскендігін байқайсыз. Оның ішінде кішкентай балаларға да, жастарға да, орта буын мен жасы үлкен аға-апаларға да арналған түрлі-түрлі бағдарламалар бар.  

- Сөз соңында, тілегіңіз...

- Тілек демекші, алда журналистер қауымының төл мерекесі келе жатыр. Мен барлық әріптестерімді, радио, телевидение, ақпараттық технология саласында халыққа қызмет етіп жүрген, елдің «көзі, құлағы һәм тілі» атанған абзал азаматтарымызды осы кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Әрдайым елі үшін еткен еңбектері мәнді де мазмұнды болғай! Айтарымыз азаймасын, жазарымыз таусылмасын, әріптестер! – дегім келеді.

 

- Сұхбатыңызға рахмет, «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» әрбір шаңырақта сөйлеп тұрсын!

Бөлісу: