Өнеркәсіп кәсіпорындарында 6,9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды

24 Шілде, 10:26 506

Жыл басынан бері Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарында 6,9 мың жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бері еліміз бойынша 570 млрд теңгеге 40 жаңа жоба пайдалануға берілді, 6,9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2024 жылдың соңына дейін 17,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын аша отырып, шамамен 1,4 трлн теңгеге 180-ге жуық жобаны іске қосу жоспарлануда, оның ішінде келесі жобалар бойынша:

Павлодар облысында 800 жұмыс орнына арналған ферроқорытпа зауыты, инвестиция көлемі 92,4 млрд теңгені, жобалық қуаты жылына 240 мың тонна ферросилицийді құрайды;

Қостанай облысында 360 жұмыс орны бар, шойын құю арқылы жүк автомобильдерінің компоненттерін шығаратын зауыт, инвестиция көлемі 78,2 млрд теңге, жобалық қуаттылығы жылына 45 мың тонна;  

Алматы облысындағы «Бұғыты» вольфрам кен орындарын өнеркәсіптік игеру, инвестиция көлемі 135 млрд теңге, 350 жұмыс орны, жылына 3,3 млн тонна кен өндіру және өңдеу, жылына 10 мың тонна концентрат алу, WO3 концентраты ­– 65%;  

Алматы облысында 220 жұмыс орнына арналған жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт, инвестиция көлемі 43,9 млрд теңге, өнімділігі – жылына 1,4 млн текше метр тас мақта және жылына 400 мың текше метр полимерлі оқшаулау;  

Жылжымалы темір жол құрамы үшін серіппелер шығаратын зауыт, инвестиция көлемі 1,1 млрд теңге, 51 жұмыс орны, жобалық қуаты заттай түрде – жылына 298,5 мың дана.  

Барлық жобалар толық қуатына шыққан кезде олардың өндіріс көлемі шамамен 1,8 трлн теңгені, оның ішінде экспортқа – 0,4 трлн теңгені, импортты алмастыруға – 1,4 трлн теңгені құрайды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: