Ұстаздық етуді мұрат еткен қобызшы

26 Қыркүйек 2018, 13:45 6057

Өнер мектебінің оқытушысы, прима-қобызшы Гүлжан Қуатбекқызы Медеубаевамен сұхбат

Абайдан бізге жеткен «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген  сөз бар еді. «Ғалым да, шахтер де бас иген» ұстаздардың қызу жұмысы басталып та кетті. Біз мектеп, ұстаздар жайлы сөз қозғаған кезде көбіне орта білім беретін мектептерді жағалап кетеміз. Бұл үрдістен сәл ауытқып, Қарағанды облысы, Саран қаласындағы №1 балалар өнер мектебінің оқытушысы, прима-қобызшы Гүлжан Қуатбекқызы Медеубаевамен әңгімелескен едік.

- Гүлжан, прима-қобызға қалай келдіңіз, ұстазыңыз кім?

- Мен қасиетті Қарқаралы өңірінің тумасымын. Арқа өңірі ән мен жырға бай мекен ғой. Бала кезімнен өнерге құштар болдым. Әке-шешем 1995 жылы мені Қарқаралы қаласындағы өнер мектебіне берген еді. Прима-қобызды үйреткен алғашқы ұстазым Шалғынбай Күзембаев. Кейінірек Тәттімбет атындағы өнер колледжінде Қарлығаш Қуандыққызынан дәріс алдым.

- Музыка саласында жұмыс табу қиын емес пе?

- Өзім үшін қиындық туғызған жоқ. Бұл мәселе әркімнің ұстанымына байланысты секілді. Мен осы жолды таңдағанда жеке шығармашылықты емес, ағартушылықты мақсат тұттым. Сол себепті де жұмысты еш қиындықсыз таптым. Біздің Қарағандыда музыка мектептері көп қой. Ал, «тек қана оркестр артисі боламын» деп жұмыс іздесеңіз қиын болуы мүмкін. Себебі, Қарағандыда бар-жоғы екі  үлкен оркестр бар. Біріншісі Симфония оркестрі болса, екіншісі Тәттімбет атындағы Академиялық оркестрі. Сіз оқу бітірген жылы дәп сол оркестрлерде бір примашының орны босай қалуы және оған тап сенің топ ете қалуың лотореядан джек пот ұтқанмен бірдей дүние дер едім.

- Биыл сыныбыңызға қанша оқушы қабылданды? Музыкант ретінде конкурстарға өзіңіз жиі қатысасыз ба, әлде, оқытушы ретінде оқушыларыңыздың жиі қатысуын қалайсыз ба?

- Қазір балалардың музыкаға қызығушылығы төмендеп кеткен секілді. Қызыққан күннің өзінде эстрада әншісі болғысы келеді.  Бұның барлығы қазіргі эфирлерімізді босатпай жатқан жеңіл-желпі бағдарламалардың әсерінен болар. Биыл менің «прима-қобыз сыныбымда»  10 оқушы бар. Жалпы, біздің өнер мектебімізде 270 оқушы білім алады. Әрине, педогог ретінде оқушыларға көп көңіл бөлемін.  Шәкірттерім облыстық, республикалық конкурстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Атап айтар болсам, республикалық «Шоқ жұлдыз», халықаралық «Рух» байқауларында лауреат атанған шәкірттерім бар.

- Ал, енді оқушылардың музыкалық білім алу барысындағы айлық төлемдеріне келсек. Сондай-ақ, сіздер балаларды прима-қобыздармен қамтамасыз ете аласыздар ма? Әлде, аспабы өзімен болуы шарт па?

- Біздің мектепте дәріс алғаны үшін бір бала айына  1500 теңге төлейді. Бұл қазіргі заманда аса бір ішек тартқызтып, таң қалдыратындай қаражат емес. Егер, бір үйден екі бала оқитын болса біреуі 1500 төлесе, екіншісінде елу пайыздық жеңілдік болады. Бұл ереже үш балалы отбасыларға да осылай қолданылады. Егер, сіздің төрт балаңыз болып, төртеуі де біздің мектепте оқығысы келсе әр қайсысына  750 теңгеден төлейтін боласыз. Жетім балаларға барлығы тегін. Балаларға бірден қобыз ал деген талап қоймаймыз. Баланың талабын байқастаймыз. Бір-екі жыл мектебіміздің қобызымен үйреніп, тіпті, конкурстарға қатысқысы келсе үйлеріне алып кетіп дайындалуларына да жағдай жасаймыз. Прима-қобызға әбден үйренген кезде ғана «Енді қобыз алуыңа болады» дейміз.

- Әлемдік сахналарға шығып өнер көрсетпесе де, шағын байқауларға барып бақ сынауға, өнердегі алғашқы қадамдарында жанына серік болатын аспаптардың орта бағасы қанша?

- Қарағандыдағы бағам бойынша орталық әмбебап дүкеннен 95 000 теңгеге прима-қобыз таба аласыз. Керек-жарағының барлығын есептегеніңізде 100-115 мың көлемінде шығындаласыз. Біздің мектептердегі қобыздар осы жерден алынған қобыздар. Сапасы жақсы деуге әбден болады. Ал, арнайы түрде шеберлерге жасатсаңыз 50-60 мың теңге көлеміндегі соммаға орта деңгейлі прима-қобыз жасатып алуға болады. Бірақ, біздің қаламызда прима-қобыз жасайтын шебер бар дегенді естімеппін.

-Прима-қобыздың қыл қобыздан айырмашылығы неде?

- Жалпы, сыртқы пішінінің өзінен бөлек айырмашылығы көп қой. Екеуінің дыбыс шығаруы екі түрлі.  Кезінде өнертанушы, әйгілі композитор, профессор, академик Ахмет Жұбанов қазақ халқының күйлерін заманға лайықтап, әлемдік деңгейге көтеру үшін көп еңбек еткен жан ғой. Сонда қыл қобыз үшін жазылған кей шығармаларды осы прима-қобызға арнайы лайықтап, түсірген екен. Әрине, ол кездегі прима-қобыздардың құрылымдық жағы қазіргіден мүлдем бөлек-тін. Бұрындары прима-қобыздардың шанағының астыңғы бөлігі терімен қапталған болатын. Бұл өз кезегінде дыбыстың құмығып, жұмсақ шығуына әсер етуші еді. Ал, қазіргі прима-қобыздардың беті толығымен ағашпен қапталады.

- Сүйіп ойнайтын шығармаларыңыз қандай? Бізде прима-қобызға лайықтап түсірілген шығармалар жеткілікті ме?

- Мен қазақтың халық әндерін заманауи өңдеуде орындағанды ұнатамын. Мәселен, «Ақбақай, «Дайдидау», «Назқоңыр» сынды шығармалар. «Шығармалар жоқ» деп ауызды құр шөппен сүртіп отыруға болмайды ғой. Әрине, біраз шығарма бар. Дегенмен, әлі де әуезді, жұртты елітіп кететін шығармалар көбейе берсе екен. Бұл еш артықтық етпейтін дүние ғой. Өзім атақты қобызшы Ғалия Молдакаримованың туындыларымен жұмыс жасаймын.

- Бізге уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет! Шәкірттеріңізбен қоса биік белестерді бағындыра беріңіз!

Бөлісу: