Өнер – әрқашан өзіңмен жұмыс істеуді талап етеді

28 Шілде 2023, 18:20 1850

ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық би кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Шапағат» медалінің игері, үнді классикалық би өнерінің магистрі, биші, хореограф Ақмарал Елеусінқызы Қайназаровамен сұхбат.

El.kz: Ақмарал Елеусінқызы, El.kz ақпараттық-танымдық порталына сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін көп рахмет. Алғашқы өзіңізге қояйын деген сауалым, би өнеріне қалай келдіңіз?

Ақмарал Елеусінқызы: Мен кішкене кезімде балабақшаға бармадым. Әжемнің қолында тәрбиелендім, Карима Садыққызының. Әжем ерекше адам болды. Әрқашан әжем екеуіміз Рабиндранат Тагорды оқып жүрдік. Рабиндранат Тагор 1913 жылы Нобель сыйлығын алған ең алғашқы азият. Әжем Рабиндранатты өте жақсы көргені сонша, үйде оның барлық шығармаларының топтамаларын жинап жүрді.  Маған Тагордың шығармаларын, әңгімелерін әрқашан айтып отыратын. Менің ең алғашқы кітаптарым да Үндістан туралы ертегілер болды.

El.kz: Биге деген қызығушылығыңызға әжеңіз әсер еткен сияқты ғой?

Ақмарал Елеусінқызы: Қалай десем екен?! Біздің балалық кезіміз жақсы өтті ғой, пионер болып, жазда лагерьге Артекке бардық. Бәрі керемет болды. Содан кеңестік Қайта құру басталып кетті де, бәрі құрдымға кете берді. Біздің комсомолдық идеалымыз да жоғалып, көңілімізде қандай да бір бос кеңістік пайда болғандай болды. Шынымды айтсам, ол кезде денсаулығым да онша жақсы болмады. Сол шақтарда мен өзімнің бақытқа жеткізер жолымды іздей бастадым. Оны басқа емес өзім іздеу керектігін сезіндім. Мені сырттан келіп ешкім әдемі, мықты, бақытты қыла алмайтынын білдім. Сол кезде маған қозғалыс керек екендігін түсіндім. Ол үшін би керек болды. Бірақ «қандай би керек?» деген сұрақ туды.

Кішкене кезімде анам Сәжида Ахметова екеуіміз «Пушкинкаға» (қазіргі Ұлттық кітапханаға) жиі баратынбыз. Ол кезде интернет те, ютуб та, ештеңе де жоқ еді ғой. Сол кезде менің көзіме «Үндістан» деген журнал түсті, Мәскеуден басылып шығады екен. Менің анам ЖенПИ-дің профессоры, ұстаздық етті, ол кісі елге танымал әнші ғой, концерттік қызметімен айналысып жатты. Сондай күндердің бірінде әкем: «киноға барайық» деді. Анам: «қандай кино?» деп сұрады. Әкем «үнді фильмі» десе, анам: «ой, оның қажеті не, ақылға сыймайтын көріністер, «томат қандар», бұл өнер емес, еш қызығы жоқ, мен бармаймын деді».  Әкем маған «жүр, бір рет үнді фильміне барып қайтайық» деді. Содан бардық. Сондағы көргеніміз Амитабх Баччан, Болливудтың жұлдызы. Ол қазір жасы сексеннен асса да әлі жұлдыз. Мен сол кинода олардың барлығы бірдей бақытты қозғалатынын көрдім. Онда үнді классикалық биінің керемет элементері бар деп айта алмаймын.

Содан аталған кітапханаға барып, үнді билері бойынша материалдарды іздей бастадым. Көзім жеткені, үнді биі дегеннің не екенін білмейді екенмін. Үнді классикалық биі деген де болады екен. Олар не үшін керек дегендей сұрақтарға жауап ала бастадым.

Ол кезде естеріңізде болса «үнді шайы» деген шай болатын, сыртында биші қыздың суреті бар. Қораптың әр бетінде әр түрлі позадағы бишілер бейнеленген болатын. Сіңіліме, «Әйгерім, мына қорапшаны ақырын қозғалтып отыршы» деп өтінетінмін. Мен сол кезде әлгі бишінің биін қайталайтынмын. Ол кезде интернет жоқ, қарайтын еш нәрсе жоқ қой. Сөйтіп жүріп елімізде, тіпті Орта Азияда үндінің классикалық биін алғашқы болып үйрендім ғой!

El.kz: Қазақстанда үнді мәдениеті мен өнерін насихаттаушы жанның бірі осылай қалыптасты дейсіз ғой. Ал журналистикаға қалай келдіңіз?

Ақмарал Елеусінқызы: Мектепте 5-6 сыныпта жүргенде «Пионерская зорька» деген Мәскеуден таралатын радиогазет болған. Мен соған тұрақты түрде жазбаларымды жолдап тұратынмын. Маған өте ұнайтын. Жазу маған жалпы әкемнен берілген қасиет деп білемін. Әкем Елеусін Қайназаров соғыс ардагері болды. Соған қарамастан жазуды тоқтатпады. Ол кісі органда істесе де, өмір бойы жазу жазып келді. Ол қайта құру кезіндегі Қазақстан тарихы жайлы алғаш рет кітап жазды.

Әкем бір күні маған «Дружные ребята» бар ғой, соған жазсаңшы деді. Мен содан «Дружные ребята» газетінің редакциясына бардым. Жап-жас Ирина Баженова деген басшысы бар екен. Сол кісіге «Мен сіздерге жазып тұрайын» деп айттым да жазып жіберіп тұрдым, солай жазуға төселдім десем де болады. Содан мектепті бітірдім. Әкем айтты: «Үндістанға не үшін, қалай бармақсың? Онда кинодағыдай қарнын көрсетіп билейтін ақымақ бишілер, қайтесің оны» деді. Мен: «Әке, бұл басқа би, классикалық би» деймін. Әкем полковник, өте қатал адам болды. Ол кезде Кеңес одағы, шетелге ешкім оқуға бармайтын еді ғой. «Сенің мақалаларың жетеді, мектепте алған алтын медалің бар. Болды, ертең журфакқа барасың да бірінші емтиханды тапсырасың. Журфак деген, жазу деген керемет қой!» деді.

El.kz: Бұл қайсы журфак, ҚазҰУ-дың журналистика факультеті ме?

Ақмарал Елеусінқызы: Иә, өзіміздің ҚазҰУ! Мен солай әкемнің тілін алып журфакта оқыдым. Өзім барлығын жазып, ҚазҰУ-дағы журфак-қа тапсырып жүрмін де, оған қоса өзім Ташкенттегі Үндістан елшілігіне хат жазып жүрмін. Хатымда: «Мені үнді классикалық биін үйрену үшін Үндістанға жіберулеріңізді өтінемін» деп жаздым. Содан кейін Мәскеудегі Үнді елшілігіне де жаздым. «Мен Қазақстаннанмын, мені үнді классикалық биін үйрену үшін Үндістанға жіберуеріңізді сұраймын» дедім. Барлығы маған күлді. «Сенің есің дұрыс емес. Сені кім жібергелі жатыр, сен онда кімге керексің?» деді.

Содан мен журфакқа түсіп, оқып жаттым. Ол кезде шет елдермен достық және мәдени байланыстар атқаратын достық қоғамы жақсы жұмыс істейтін еді. Соның ішінде қазақ-үнді бөлімі болды. Басшысы Левинцов Анатолий Митрофанович, өте жақсы адам еді.

1991 жылы еліміз өз Тәуелсіздігін алды. Мен журфакта оқып жүрмін. «Достық» қоғамы «Шанти» би ұжымын құрды. Үнді биіне қызыққан студенттер өте көп болды. Кейін біз ҚазҰУ-дың би залында дайындықтарымызды өткізіп жүрдік. Күндіз журфакта оқимын да кешке «Шантиға» келіп би өнерімен шұғылданып, би қойып, үйрете бастадым.

Телевидениедегі менің алғашқы бағдарламам «Сіз Үндістанды білесіз бе?» деп аталды, режиссері Людмила Кишенина, журналисі Гүлнар Омарбекова болды. Ол кезде тек қана Қазақ телевизиясы ғана болды ғой. Одан кейін «Үнді киносының жанкүйерлеріне» атты авторлық бағдарламаларым жарық көрді. «Огни Алатау» газетінде тәжірибеден өтіп, мәдениет пен өнер жайында мақалалар жариялап тұрдым. Былайша айтқанда екі бағыт - журналистика мен би өнерін қатар алып жүріп отырдым десем болады.

El.kz: Үндістанға оқуға қай жылы бардыңыз?

Ақмарал Елеусінқызы: 1992 жылы Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі ашылып, Алматы қаласындағы тұңғыш консулы болып Дипак Маллик мырза келді. Содан кейін Үндістан Елшілігі маған оқуға жолдама берді. Осылайша мен 1993 жылы Үндістанға тәуелсіз Қазақстаннан оқуға барған ең алғашқы студент атандым. Үндістан үкіметінің стипендиясы арқылы үнді классикалық биін оқыған ең алғашқы мен болдым.

Бір сөзбен айтқанда журфакті бітіріп, тұрмысқа шығып, содан кейін Үндістанға оқуға барып бес жыл оқып қайттым. Содан кейін қызым Арьянамен бірге араға уақыт салып тек 2009 жылы магистратура оқуға бардым. Ал ұлымыз Әлішер әкесімен осында қалды. Әлішер қазір техноблогер, оның миллион жазылушысы бар. Оған журналистиканың жаңа түрі ұнайды. Ол жылы шырайлы, меніңше журналистиканы менен алған сияқты. Себебі журналистика әрқашан менің жүрегімде.

El.kz: Үндістаннан оқуды бітіріп келген соң, сізді мұнда қалай қабылдады?

Ақмарал Елеусінқызы: Ол жақтан келе салысымен бірден Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі жанындағы Мәдениет орталығында жұмыс істедім. Неге десеңіз жеке меншік мектеп ашу ол кезде мүмкін болмады. Мен ол орталықта оқытушы, биші болып өнер көрсетіп жүрдім. Ол кезде Елшілік Алматыда болатын, содан кейіннен Үнді елшілігі Астанаға ауысатын болды. «Ақмарал көшесің бе? деп сұрады. Мен жолдасымнан «көшеміз бе?» деп сұрадым. Ол: «Пәтер бере ме?» деді. Мен: «Жоқ, тек қана еңбекақы мен жұмыс орны ғана». Жолдасым: «Олай болса біз қалай ол жаққа барамыз? Мұнда менің кеңсем бар, бәрі осында». Содан біз Алматыда қалдық. 2006 жылы «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық биі және йога орталығы» коммерциялық емес жекеменшік мекемесін аштық. Біздің жалғыз минусымыз - жеке ғимаратымыз жоқ, біз ғимаратты жалға алып келеміз. Біз нағыз көшпендіміз десек болады (күледі).

El.kz: Сіздің орталыққа келіп оқығысы келетіндерге қандай талаптар бар?

Ақмарал Елеусінқызы: Орталыққа келетіндер аптасына үш сабақ оқиды. Үнді классикалық биінің екі стилі үйретіледі: Бхаратанатьям, Катхак және йога, үш класс. Бізге келіп тіркеледі де біздің орталықтың мүшесі атанады. Біздің орталық Орта Азиядағы бірегей мекеме. Студенттеріміздің жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, 6-8 жастан бастап 75 жасқа дейінгі әйелдер мен ерлер де бар. Үлкен кісілер өз еріктерімен ақылға салып барып келеді. Себебі олар үнді классикалық биінің пайдасы мен терапевтикалық әсерін сезінеді. Ал йога ол ғылым, денсаулық туралы ғылым. Үнді классикалық биі ол өнер, сахналық өнер.

El.kz: Орталықтарыңыздың қандай жетістіктері бар?

Ақмарал Елеусінқызы: Біздің жетістігіміз өте көп. Еуропада біз төрт аталым бойынша Гран При алдық. Қазақстан мен Үндістанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына байланысты шараларды 15 жыл бойы өткізіп келеміз. Еліміздің Тәуелсіздігінің 25, 30 жылдықтарына орай мерейтойлық шаралар өткіздік. Үнді елшілігімен, ЮНЕСКО-мен әріптестікте қызмет етеміз. Ресейдегі «Мама» қайырымдылық қорының атынан Алтын медальға ие болдық. Мұны біз жасаған қайырымдылық қызметіміз үшін берілген баға деп білеміз. Барлық жобаларымызды қайырымдылық жоба ретінде өткізуге тырысамыз. Біз себебі рухани өнерді би арқылы насихаттаймыз. Адамдарға жол көрсетіп, жолдарын ашып, физикалық және рухани бай болуға үндейміз.

Біздің басты қағидамыз біріншіден денсаулық, екіншіден достық. Қазақ елі мен Үндістан сонау ежелгі Жібек жолы кезінен байланысы тереңде ғой. Ұлы Жібек жолы біздерді әрқашан байланыстырып отырған. Ол байланыстар Кеңес одағы тұсында өкінішке қарай тоқтап қалды. Қазір тәуелсіздік алған соң қайтадан қарым-қатынасымыз арта бастады.

Кашмир өлкесінің басшысы, атақты философ, ақын Мұхаммед Хайдар Дулати, қазақтың дулат руынан. Артына «Тарихи Рашиди» атты баға жетпес еңбек қалдырды.

El.kz: El.kz оқырмандары біле жүрсін, екі елді тағы не байланыстырады?  

Ақмарал Елеусінқызы: Қазақ халқы мен үнді халықтарының арасындағы байланыстарды айтқан кезде мынаған да назар аударғанымыз жөн. Үндістанның солтүстік штаттары мен Қазақстанның көптеген ортақ дүниесі бар. Қара қазаннан бастап салт-дәстүрімізге дейін ортақ десем болады. Отбасылық дәстүр, көп балалы болу қарапайым қазақтың салты болса, дәл сондай салт үнділерде де бар. Ал кішкентай Индира Гандидің әкесі Джавахарлал Нерумен бірге алпысыншы жылдары Алматыға келуінің нәтижесінде үндінің Индира есімі қазақ қыздары арасында танымал есімге айналды.

Шын мәнінде бізді байланыстыратын ортақ құндылықтар жетерлік. Тілді алайық. Қазақ тілі мен хинди тілінің арасында да көп ұқсастықтар бар. Мысалы, махаббат, пияз, намаз, нан, айта берсек көп. Зерделей келгенде бұл бір жалпы тілдік топ екендігін көпшілік біле бермейді.

Кезінде атақты Мұхтар Әуезов бастаған жазушыларымыз Үндістанды «ашқан» кезде қазақ әдебиеті дүр сілкінген болатын. Себебі Мұхтар Омарханұлынан кейін Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов, Аманжол Шамкеновтер бірнеше рет қазақ-үнді қатынастарына қалам тербеді.

Жақында ғана Үндістанның Мәдениет министрлігі маған Қазақстан мен Үндістанның арасындағы қарым-қатынастар туралы мақала жазуға өтініш жасады. Қазақ жазушылары кезінде қазақ әдебиетінде «Үндістанды қалай ашты»? Қазіргі кезде соны мақаламда талдап жазып жатырмын.

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов те «Времен связущая нить» деген еңбегінде екі елдің арасын жалғаған тұлғалардың арасында менің де есімімді атап өтіпті. Ол өзінің еңбегінде қазақ жазушыларының бір шоғыры Үндістан жайлы жақсы жазған болатын, содан біраз уақыт тыныштық орнады да, аяқ астынан Ақмарал атты биші қызымыз өз өнерімен жарқ ете қалды дегендей мағынада жазыпты.

Қазақстандағы Үнді елінің мәселесімен айналысып жүргендер, біздің қаншалықты қандай үлес қосып жүргенімізді жақсы біледі. Біз үнді классикалық биі жайлы үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бейнематериал әзірледік. Оны біздің сайтымызға кіріп қарап көруге болады. Яғни біздің мақсатымыз, екі елдің арасындағы көнеден келе жатқан тарихи байланыстарды қайта жаңғырту.

El.kz: Әлеуметтік желілерде қазіргі кезде көп көтерілетін тақырыптың бірі рух пен дін. Осылар туралы да айта кетсек артық болмас.

Ақмарал Елеусінқызы: Рухани дүние және дін бұл екеуі мүлде екі бөлек түсінік. Яғни адамдарда рухани сана және діни сенім бар. Біздің айтып жүргеніміз, менің айналысып жүргенім ол рухани сана-сезім, сахна өнері жайында. Бұның дінге қатысы жоқ. Біз дін туралы мүлде сөз қозғамаймыз, біз адамға рухани пайда әкелетін сахна өнері жайында сөз етеміз.

Шыны керек, менің жұмыс кестем өте тығыз. Біріншіден, менің күн сайынғы өзімнің дайындығым бар, егер өзім дайындала алмасам, мен өзгені шабыттандыра алмаймын. Бұл дегеніңіз, күн сайын өзіңмен жұмыс істеу. Себебі бұл өнер. Ал өнер дегеніңіз әрқашан өзіңмен жұмыс істеуді талап етеді. Бұл Болливудтың «пляскасы» емес, кеше бардым, бүгін бармаймын деген жүрмейді, түсінген адамға бұл өнер туралы ғылым. Бұл өте көне ғылым. Сонымен қатар санскрит тіліндегі барлық теория өте терең ғылым, ол интеллектуалды және ашық адамдарға арналған.

Біздің Қазақстан Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Венеция. Оған қоса біз қашанда ашық болғанбыз. Ұмай ана, құдайды Тәңірі дейміз. Біз ерекше жаралған халықпыз. Біз тәжік не түркімен немесе орыс не украин сияқты емеспіз. Біз мүлдем бөлек жаратылған жандармыз. Біздің көңіліміз қашанда ашық, бауырмалмыз. Осы мәселелер жайында жазған кітабымда көбірек қамтылған. Сол кітапты ашып оқысаңыздар, көп нәрсеге көздеріңіз жететін болады.

El.kz: Жақсы, онда сол кітабыңыз жайлы айта кетсеңіз. Қашан жарық көрді, қай тілде дегендей?

Ақмарал Елеусінқызы: Біз осы уақытқа дейін қаншама іс-шаралар мен концерттер өткіздік. Бірақ жеме-жемге келгенде ең соңында елдің есінде жазылған еңбек қалады екен, соған көзім жетті. Түсінесіз бе? Яғни белгілі бір жинақтаған біліміңізді архивтеу, жинақтау керек екен. Сондықтан да осы кітапты жазып шықтым.

Сіз айтқан әлеуметтік желілер бүгін бар, ертең жоқ болуы мүмкін. Олар келеді-кетеді. Ал кітаптар қалады.

Менің кітабымда Қазақстандағы үнді классикалық биінің дамуы және қос мәдениеттегі би дәстүрінің ортақ тұстары алғаш рет сөз болады. Мұндағы мақсат – оқырмандарды үнді классикалық хореографиясының негіздерімен таныстыру, бізге жақын елдің көне өнеріне қызығушылық ояту, осы бекзат өнердің зияткерлік тереңдігін сезіну арқылы рухани құндылықтардың қалыптасуына және екі елдің тарихи тұрғыдан бауырлас екендігін түсінуге септесу. «Үнді биі» деген ұғымды сан қырынан аша отырып, үндінің халықтық және классикалық хореографиясы туралы әңгімеленеді.

Реті келгенде айта кетейін, осы кітаптың ана тілімізде жарық көруіне шын жүрегімен атсалысқан адам «Жібек жолы» баспа үйінің редакторы Балжан Хабдина, ол кісіге ерекше алғысымды білдіре кеткім келеді.

Бұл кітап алғашында орыс тілінде «Индийский классический танец. Казахстан и Индия» деген атаумен 2019 жылы Қазақстандағы Үндістан Елшілігі жанындағы Свами Вивекананды атындағы Үнді орталығының қаржылай қолдауымен жарық көрген болатын. Бірақ арнайы таныстыру, тарату шаралары жүргізілмеді. Күттім, қазақша нұсқасын күттім. Содан араға төрт жылдай уақыт салып үнді және қазақ достарымның қаржылай қолдауларының арқасында биыл «Үнді классикалық биі. Қазақстан және Үндістан» деген атаумен жарық көрді. Таралымы 500 дана. Жақында Ұлттық кітапханада арнайы таныстырылымын жасадық.

Қазақ тіліндегі кітап шыққанша тұсаукесер жасамадым. Әйтпесе ТМД көлемінде үнді классикалық биі жайында орыс тілінде де алғаш рет жарық көріп отыр. Бірақ мен үшін қазақ тіліндегісі маңызды болды. Себебі қазақ тілінде ақпарат өте аз. Сол олқылықтың орнын толтыруға қолдан келгенше атсалысу парызым деп санадым. Бұл еңбегім көпшілік оқырман қауымға арналған.

El.kz: Сіз үшін өмірде маңыздысы не, байлық па, рухани құндылық па?

Ақмарал Елеусінқызы: Мен үшін ең маңыздысы идея. Егер идея парасатты болса оған қажетті қаражат та өз уақытында өз ыңғайымен табылады. Ой, ақша жоқ деп ешқашан қол қусырып отырмаймын. Мен идеяға сенемін. Жаратқанның жәрдеміне сенемін. Яғни мен жақсы іс атқарып отырмын, қара басымның қамы үшін емес, бұл коммерциялық жоба да емес. Қазақ тілді қоғамның көкірек көздері ашылсыншы деп отырмын, соларға көбірек жетсе екен деп тілеймін. Сол үшін де қосымша Кітап палатасына тиражын көбейту жөнінде ұсыныс тастадық.

El.kz: Студенттеріңіздің арасында сіздің жолыңызды шын жүрегімен қуғысы келетіндер бар ма?

Ақмарал Елеусінқызы: Қазіргі жастардағы бірінші мәселе, барлығы гаджеттерде отырады да қимыл-қозғалысы нашар. Олардың биологиялық ритмдары «соғылған», физикалық жағынан әлсіз, әлжуаз. Екіншіден, Пандемиядан соң «милары ашып» кеткен, ойлары басқа жақта. Үлкендердің көзі жоқ, жастардың бәрі кәрістің рэпімен немесе жапонның анимесімен «ауырады».

Бір тапсырма берсең істеуге құлқы жоқ. Би маманы білуге тиісті жесттерді үйреніп ал десең қиналады. Би теориясының барлығын жатқа білу керек. Көпшілігі келіп биді үстірт қана үйреніп, ойнап-күліп кете бергісі келеді. Біз үшін ауыр. Бұл шынайы сахналық өнер екендігін көпшілік білгісі де, түсінгісі де келмейтіндей сыңай танытады. Бұл көпшілік бұқараға арналған емес, элиталық өнер.

Биді үйренгісі келетін адамдардың рухани ой-санасы орнында, салмақты да саналы түрде келіп үйренсе дейсің. Бұл көне өнер екендігін түсінсе дейсің. Бітірген мықты түлектер қайда деп сұрауыңыз мүмкін. Олар Америка мен Британияда. Түсінесіз бе, үнді классикалық биінің мектептері Жапонияда, Америкада, Британияда, Франция мен Германияда гүлденіп жатыр. Неге десеңіз ол жақтағы адамдардың түсінігі жоғары деңгейде. Олар бұл өнерді қадірлейді, бағалайды, түсінеді. Ал біздің адамдар өкінішке қарай әлі толық түсінбей келеді.

Адамдар бұл өнердің денсаулыққа, миға, бағыт-бағдарды бағамдауға қаншалықты пайдалы екендігін біле бермейді. Бидің әліппесін үйрене бастағаннан-ақ адамдар бойындағы түрлі негатив эмоцияларды шығарып, жасара түседі.

Қорыта айтар болсам, бұл бидің қадірін өз деңгейінде біз әлі түсіне алған жоқпыз. Мысал үшін айтар болсақ, біздің орталықты бітірген үш студент қазір Америкада. Неге десеңіз ол жақта мұндай өнерді меңгергендерді жоғары бағалайды, көп қаражат ұсынады. Біздің елдің адамдары да алдағы уақытта өнерді дұрыс түсініп, тиісті дәрежеде бағалайды деп сенемін.

El.kz: Ақмарал Елеусінқызы, шынайы сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз!

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: