Өндірістен жұмысқа тартылған оқытушылардың жалақысына 30 пайыз үстемақы қосылады

6 Сәуір 2023, 12:03 1044

 Биылдан бастап кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар өндірістен тартылған педагогтерге аттестаттаудан өтпей "педагог – модератор" біліктілік санаты беріледі. Сондай-ақ жалақысының 30 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төленеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі оқу-ағарту министрлігіне сілтеме қойып.

 
Еңбек өтілі 10 жылдан асатын педагогтерге жалақыға 35% үстемеақы төленіп, сарапшы санаты беріледі.
Барлық қажетті кәсіби технологияларды меңгерген білікті маман даярлауда негізгі орын оқу шеберлері мен колледждің арнайы пән педагогтеріне тиесілі. Өйткені олар студенттерге білім беріп қана қоймай, дағды қалыптастыру үшін өзінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, өндірістегі білгенін үйретеді, - дейді техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісов.
Оның айтуынша, сондықтан өндірістен тартылған педагогтер үшін осы шаралар қарастырылған. Колледждерде алғаш рет педагогикалық қызметке кіріскен және кемінде 2 жыл өндірістік өтілі бар мамандар тестілеуден өтпей-ақ "педагог" біліктілік санатын ала алады.
 
Одан бөлек, өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары аттестаттаудан өту кезінде тестілеуден босатылады, тек қызмет нәтижелерінің жалпы кешенді тексеруінен өтеді. Бұл өзгерістер колледж педагогтерін ынталандыратын болады және кадр даярлау сапасын арттырады.
 
Сондай-ақ, зейнеткерлік жасына 4 жыл қалған педагогтер, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде тестілеуден босатылатын болады.
EL.KZ
Бөлісу: