Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз, - деді Тоқаев.
Президент өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын тәсілдерді қолдануды тапсырды.
Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек, - деді ол.
Сондай-ақ қазақстандық тауар үлесін арттыру мәселесі де қозғалды. Осы орайда отандық өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісімшарттар үлесі арттырылмақ.
Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісімшарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз, - деді Тоқаев.