Өмірін құқық қорғау саласына арнаған нәзік жандылар

8 Наурыз 2023, 09:00 2761

Бүгінде заты әйел болса да, жаны нәзік қыз-келіншектердің құқық қорғау саласында қатары артып келеді. Олар мойнына ауыр жүк артылғанына қарамай, тұрмысы мен қызметін ұштастырып, бірге алып жүр. Еліне кірпік қақпай, қалтқысыз жұмыс істеп жүрген нәзік жандардың айтылмаған сырлары да бар. 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінде El.kz ақпараттық агенттігі олармен тілдесіп, сырлы сұхбатқа шақырды.

Әскери қызметте жүргеніне 10 жыл

Біз сөз еткелі отырған кейіпкердің бұл салада жүргеніне 10 жыл болды. Ол – Айдана Еспенбетова. Бүгінде қаршадай қыз ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы әкімшілік бөлімінің аға маманы және жауапты орындаушысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Айдана Бейбітқызы Жетісу облысында дүниеге келді. Үйдің кенже қызы. Әскери адам болу бала кезгі арманы екен.  

«Кішкентай кезімде мамандық туралы сұрақ туындаса, ойыма бірден 3 мамандық оралатын. Бұл полиция, журналист және кеңседе құжатпен жұмыс істеу. Полиция дегенде, түп төркіні форма кию болатын ғой, полиция қайсы, әскер қайсы ол кезде айырмашылығын біле бермейтінмін. Негізгі мамандығым – мұғалім. Мұғалім болудан бірден бас тартып, жұмыс іздеп жүргенде әскери мекемеге іс қағаздарын жүргізетін адам керек дегенді естіп, сол бойынша ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасына  уақытша жұмысқа қабылдандым», – дейді.

Жұмыс Айдананы бірден өзіне баурап алды. Себебі, қаруға деген қызығушылығы бұрыннан бар еді. Жақыннан ұстап, көздеп көрсем, әскери форма кисем деген сынды ойлар маза бермепті.

«Осылайша, Қарулы Күштеріне әскери қызметке шақырылсам деген ниетімді білдірдім. Жұмысқа деген ынта-жігер, білім мен біліктілігімді байқап басшылықта оған қарсы болмады. Барлық комиссиядан өтіп, келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдандым. Биыл осы салада жүргеніме 10 жылдың жүзі болды. Ал әскери қызметші болғаныма 9 жыл болады. Осы уақыт ішінде біраз қиындық пен қызықты бастан өткердім. Қолымнан келмейді деп жылаған кездерім де болды. Бірақ мен айтқанынан қайтпайтын адаммын. Намысымды қайрап, қайтсемде үйренемін, қолымнан келеді деп, әріптестердің бөліскен тәжірибесі мен сапалы жауынгерлік даярлық сабақтарының арқасында бүгінде нағыз жауынгер атандым. Әскердегі әрбір күн қызықты сәттерге толы ғой. Қызмет басында білместікпен, аңғалақтығыңмен талайын қыран-топан күлкіге саласың», – дейді.

Айдана басынан өткен ерекше оқиғасымен бөлісті. Әскери қорғаныс кастюмі деген бар (ОЗК) деп аталады. Оны біз радиациялық, химиялық және биологиялық қарудан қорғану мақсатында киеміз.

«Бір күні сол кастюмді киетін болдым. Алдын ала үйреткен кезде уақытсыз киіп көрсетті, түсінгендей болдым. Сынақ тапсыратын күн. Жанымдағы әріптес апай сырғаңды шешіп қой жоғалтасың, мүмкіндік болса шашыңды өр деді. Мен өзімше сәнқой, ішімнен қойшы, сырға мен шашта тұрған не бар деп құлақ аспадым. Енді дабыл бергені сол еді, әлгі кастюмді тырысып киіп жатырмын. Болды-ау, дегенде қасымдағыларға қараймын да күле беремін. Түрлері дәл анау «телепузик» деген мультфильмге ұқсап кетті. Сөйтсем, өзім олардан кем емес екенмін. Кастюмім өзімнен екі есе үлкен болып шықты. Шеш деген команда берілді. Басымнан газтұмшаны жұлып ала бергенде, шаш кеткен айғайлап, сырға ұшты. Не керек, 2-3 минутта алба-жұлбам шығып «мумиядай» болдым. Бет-ауызым алмадай. Адам шошиды. Содан бері үлкендердің ақылын тыңдайтын болдық. Бар әдіс-тәсілді үйреніп алуға тырысамыз. Сол кездегі түрім маған еш күлкілі емес еді, жыларман болғанмын. Қазір есіме алсам бір күліп аламын. Бүгінгі таңда осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Қайта күннен күнге Отанымның адында борышымды бар жан-тәніммен орындап жүрмін деген мақтаныш сезімі кернейді. Әскер маған көп дүние үйретті. Еркелік, қырсықтық деген жайымен қалды. Есейіп, бой түзедім. Жауапкершілік, төзімділік, сенімділік, жинақылық сынды қасиеттерге ие болдым. Отанды сүю мен ел мен жердің қадір-қасиетін ерекше түсіндім», – деді ол.

Бүгінде батыл қыз әскер салада, оның ішінде кеңсе жұмысы, іс қағаздарын жүргізу, құжат жұмыстарымен айналысады. Оның күнделікті өмірдегі қаруы – құжат. Әрине, әскери қызметтің нәзік жандыларға қиындау тұстары баршылық.

«Ауа-райының ыстық-суығына қарамастан, әр түрлі жауынгерлік, дене және атыс даярлығы сабақтары, далалық жаттығу жұмыстарына қатысу, қатал тәртіп пен жарғыға  бағыну тағы басқа көп. Бірақ әскер сонысымен әскер. Екі ағам бар. Солармен тетелес өскеннен кейін, ер адамдармен жұмыс істегенді ауыр санамаймын. Әскер қатарында жүрген қыздарға барлығын бірқалыпты ұстау керек. Осыған көп күш жұмсауың қажет болады. Жұмыста мінезі қатал, қайтпас қайсар жауынгер болсаң, былай шығып жібектей, талдырмаш ару болу керек деген сияқты. Шыны керек, оңай емес. Отбасымда әскерилер жоқ. Әкем мерзімді әскери қызметін Совет армиясында өтеді. Ағаларым өз себептерімен әскерге бармаған. Маған «сен біз үшін өтеп жүрсің» деп әзілдейді», – дейді.

Айтуынша, Отан қорғау үшін міндетті түрде алпамса жігіт немесе орасан күштің иесі болудың қажеті жоқ. Бастысы жүрек болу керек деп санайды.

«Сол жүректе Отанға деген шексіз сүйіспеншілік болу қажет. Ал қыздардың бар болмысы сүйіспеншілікті қалайды. Кешегі Томиристің ұрпағы бүгінгі қазақ аруларының қанында жауынгерлік, батылдық, ұшқыр ой бар. Осы қасиеттерді неге Отан жолында паш етпеске?!», – дейді ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы әкімшілік бөлімінің аға маманы Айдана Еспенбетова.

Отбасылық тірлікті қатар алып жүр

Ал келесі кейіпкеріміздің әскери қызметте жүргеніне 15 жылдың жүзі болыпты. Ол – Жазира Асанова. Бүгінде нәзік жанды ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыс департаментінің аға офицері болып жұмыс істейді.

«Әскери қызмет, Отан алдындағы борышын өтеу, елді қорғау біздің ер-азаматтардың міндеті. Десе де, ерлермен бірге иық тірестіріп Қарулы күштер қатарында мен сияқты көптеген нәзік жандылар жұмыс істуде. Бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын. Отбасымызбен Жамбыл облысында тұрдық. Гвардиялық әскери қалашығы болғасын және осы жерде мектеп бітіргендіктен, әскери өмірдің қандай болатынын көріп өстім. Олардың қызметінен хабардар болдым. Отбасымда әскери  салада жүрген тек мен ғана емес. Ағам және 25 жылдық жұмыс өтілі бар әпкем де осы қызметте. Сол себепті, бұл салаға келуіме түрткі болған да осы жақындарым деп білемін», – дейді.

Ол еңбек жолын аталған саладан бастамағанын айтты. Мамандығы оқытушы болғандықтан, алғашқы қызметі мұғалімдіктен бастау алған екен. Орта мектепте, колледжіде және ЖОО-да аға оқытушы болып сабақ берген.

«2008 жылы әскери қызмет саласына келдім. Қарағанды қаласының Астана өңірлік қолбасшылығында бухгалтерлік жұмыстан басталды. Әскери қызметші болғасын, белгілі бір тәртіп бар. Қызметіміздің ерекшелігіне байланысты жұмыс режимі тұрақсыз. Кейбір кезде кеш қайтатын да жайттар болады. Орталық аппаратта жұмыс істейтіндіктен, көп сұраныстар келіп түсіп жатады. Ақпараттарды жалпылау, қорытындылау деген сияқты. Дәл қазір әскерден тыс аға офицері болып қызмет етудемін. Оның міндетіне келетін болсақ, мектеп қабырғасындағы АӘД сұрақтарын жетілдіру, әскери оқу орындарына азаматтық жастарды іріктеу, үгіт-насихат жұмыстар және әскери техникалық мектептерге әскерге шақырудың міндеттерін оқыту, білім ордасын бітіргеннен кейін әскерге шақырылуын қадағалау сынды міндеттер жүктелген», – дейді.

Тек қана әскери қызмет саласында ғана емес, басқа да қызметтерді отбасымен қатар алып жүрген батыл қыз-келіншектер бар деген пікірде. Өзі де жаупкершілігі орасан жұмысты қоса атқарып жүр.

«Мен де үлгеруге тырысамын. Жұмыстан келгесін, кешкі ас дайындау, баланың сабағы, туған-туысқанның жағдайын жасау деген сияқты көптеген міндетті атқарып жүрген жайымыз бар. Әрине, бұған да уақыт бөлмей қоюға болмайды. Отбасымда барлығы жұмыс жасайтындықтан, кешкі аста жолығамыз. Сол кезде күнделікті ой-пікірімізбен бөлісіп, арқа-жарқа болып қаламыз. Үй тіршілігіне үлгереміз. Күнделікті басқа әйелдер не жасаса, біз сияқты әскерилер де сол тірлікті істейді. Жолдасым жеке кәсіпкер. Бір ұлым бар. Ол «Шабыт» өнер академиясының 1 акурсында оқиды», – деді.

Сондай-ақ, ол армансыз және мақсатсыз адам болмайтынын айтты. Осыған қолым жетсе екен деген сияқты әрдайым бір нәрсені армандап жүреміз. Еңбек өтілімді әскери бөлімнің төменгі сатысынан бастағасын, белгілі бір кезеңде өңірлік қолбасшылық басқармасына ауыстым.

«Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында қызмет атқарып жатқаныма екі жыл болды. Қызмет сатысына байланысты өзіме қойған мақсаттарға жеткен сияқтымын. Десе де, адам арманы таусылмайды. Әріқарай Ұлттық Қорғаныс университетінде білімімді толықтырып, сол жердің бір тыңдаушысы болып, өзімді дамытсам деген мақсат бар», – деді ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыс департаментінің аға офицері Жазира Асанова.

Қызметте абыройлы

Екінші сатылы старшина аға сержант Жанар Деменова 2007 жылдан бері әскери салада қызметін абыроймен атқарып келеді. 2007 жылы Ақтау қаласында әскери теңіз күштерінінің қатарын толықтырды. Бүгінгі күнге дейін аталған қызметте Ақтау қ. 25425 ә/б маяктарды пайдалану бөлімінің бастығы болып жұмыс жасайды.

«Үш қызым бар. Жолдасым да кезінде әскери қызметші болды. Ол әскери жаяу теңіз күштерінің қатарында қызмет атқарды. Осы да бір себеп болған шығар деп санаймын. Мен де жолдасымның жанында бірге жүрейін деп осы салаға келдім. Өзім Алматы облысының Талдықорған қаласынан боламын. Ақтау қаласы сол кезде бізге арман болып көрінді. Бұл да бір сол арманның бірі шығар», – дейді.

Әрине, әскери қызмет жеңіл жұмыс емес. Ер-жігіттермен бірге иық тірестіре жұмыс істеудің өзі бағалануға лайық.

«Ел үшін атқарып жатқан жұмысыммен мақтанамын. Бізге осындай қызметті атқаруға сенім білдіргендіктен, жұмысымыз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кез келген уақытта бізді жұмысқа шақырып қалуы мүмкін. Әсіресе, оқу-жаттығу, дабыл болған кезде уақытқа қарамаймыз», – дейді екінші сатылы старшина аға сержант Жанар Деменова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: