Грек-рим күресінен 82 кг дейінгі салмақта күш сынасқан Омар Сатаев Иордания астанасы Аммандағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жерлесіміз финалда ирандық құрдасы Мұхаммед Әзиз Нагхаусиден жеңіліп қалды. Есеп: 1-3.
Ұлттық құрама спортшысы бүгін күндізгі сессияны ширек финалдан бастап, Оңтүстік Корея және Жапония өкілінің жауырынын жерге тигізген.
Еске салсақ, Мұхаммед Әзиз былтыр қазанда 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған (82 кг). Сондай-ақ жасөспірімдер арасында құрлықтың үздігі. Ал Омар Сатаев осыдан 3 жыл бұрын Бахрейндегі жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан қоржынында 2 күміс, 2 қола медаль бар.