Қолжазбалар жайында

30 Маусым 2014, 12:56

Әкем кiтапқұмар адам.

Әкем кiтапқұмар адам. Содан болар, бiздiң үйдiң кiтапханасын ауылдық жердегi бiр отбасы үшiн үп-үлкен, қоры мол кiтапхана деп айтуға әбден болатын секiлдi. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда. Әйтпесе төрт бөлмесiнiң қабырғасы түгел кiтаппен өрiлген шаңырақтар да баршылық қой.

Әкемнiң жинағаны, негiзiнен қазақша, өзбекше кiтаптар. Өзбекше дегенде, «Мешiттен шыққан шаян», «Әмiрдiң қылышы», «Шырын мен Шекер», «Кек», «Қалқан мен қылыш» болып кете барады. Омар Хайям рубаиларының үш тiлдегi жинағы да осы кiтапхананың сөресiнен орын тепкен. Тiптi, ара-тұра кiм әкелгенi белгiсiз урду, хинди тiлдерiндегi кiтаптар да кездесiп қалатыны бар. Кейде, қарапайым диханға осының бәрi неге керек болды екен деген де ойға қаласың. Асылы, бiзден, балаларынан үмiт күткен болса керек. Әйтпесе, «Орыс-араб сөздiгiнiң» қос томдығы әкеме қажет болмағандығы анық. Ал, «Аттағұл фатиз лұғати ат-түрiк» деген кiтаптың мұнда қалай келгендiгiне таңмын. Соңына таман орта ғасырлардағы қыпшақ сөздiгi берiлген осы кiтапты қазақ жазды десе де сенердейсiң. Өйткенi сөздiк қазақша сайрап тұр.

Бiрақ осы кiтапханада кiтаптардан бөлек тағы бiр дүние бар. Кiтап емес, әрине. Әкемнiң мектеп жасында қолмен көшiрген қолжазбасы. «Әмiр-Әмзе» атты қисса-дастан. Кәдiмгi Мұхаммед пайғамбарымызды таспен шөкелеуден арашалап алып қалған нағашысы батыр Хамза-Әмзе туралы. Авторы кiм екендiгiн әкем де бiлмейдi.

Парағы сарғыш тартқан қалың дәптерге көшiрiлген осы бiр қисса мен үшiн тым ыстық. Ол маған әкемнiң көңiл-күйi, жан дүниесi, өмiр сүрген ортасы туралы хабар беретiндей. Атам дiндарлау кiсi едi, сол кiсiнiң де әсерi байқалатындай. Содан болар, ауылға барып, кiтапхананы ашқан сайын осы қолжазбаны бiр сәт болса да қолыммен ұстап көремiн. Осы қолжазба бейнебiр өткенiм мен бүгiнiмдi, бүгiнiм мен ертеңiмдi жалғастырып жатқандай көрiнедi.

Адамзат тәжiрибесi қолжазбалар өртенбейдi дейдi. Рас болса рас-ақ шығар. Болмаса сонау көнекөз шумер-аккад, мысыр, бабыл, хэт жазбаларын оқи алмас едiк қой. Адамзаттың өзi болған-болмағанын ұмытып кеткен осы халықтар араға 3-4 мың жыл уақыт салып барып, сына тастар мен қыш кiрпiштерде қалған жазбалар арқылы қайта сөйлеген жоқ па! Пендеуи тiрлiкпен жүрiп өзiнен басқаны ұмытып кете беретiн адамзат жадын жаңғыртқан сол қолжазбаларға рахмет!

Қолжазбалар жайлы әңгiме көп. Солардың бiрi татар ақыны Мұса Жәлелдiң «Моабит дәптерi» жайлы. Түрмеде жатып, өлiм алдында жазылған өлеңдерi көшiрiлген дәптерлердi камералас досы Отанына әкетiп тапсырмағанда бiз тарпаң мiнездi ақын Мұса туралы бiр нәрсе бiлер ме едiк. Қайдам? Кiм бiледi, бәлкiм оны Отанын сатқан азғын, фашистермен қоян-қолтық жұмыс iстескен жауыз ретiнде тануымыз да мүмкiн едi-ау. Ақынға арашаға түскен, асқақ арманынан хабардар еткен жыр қолжазбаларына алғыс!

Орыстар Есениннiң қанмен жазылған соңғы қоштасу өлеңiне дейiн экспертизалық лабораториядан өткiзiп, тұжырым пiкiр орнықтырып алды. Өлең расында да қанмен жазылған болып шықты. Жүйкесi әбден тозып, ауруға шалдыққан ақынның аяулы соңғы сәттерiнен хабар беретiн өлең қолжазбасына жанашырлық, асылы, осындай-ақ болса керек.

Ал, бiзде ше?

«Рауа бану», «Лұқпан хакiм» секiлдi жыр жәдiгерлерiн жазған Тұрмағамбет Iзтiлеуов «Шахнаменi» де түгелдей дерлiк аударғаны бүгiн белгiлi болып отыр. Өзiмiзге таныс 24 мың жолдық қап-қалың көк тысты «Рүстем дастаны» толағай аударманың жартысынан астамы ғана екен. Әлi 14 мың жолы жарық көрмептi. Бүгiн белгiлi болып отыр деймiз-ау, бұл туралы кезiнде-ақ бiраз адамдар хабардар болған көрiнедi. Марқұм Мардан Байдiлдаев ағамыз көзiнiң қарашығындай сақтаған жәдiгерлердiң жалғасы қазiр қызылордалық жыршы Алмас Алматовтың қолында болуы керек деген сөздi де естiп жатырмыз. Егер осы қолжазба қолдауын тауып, жарық көрiп жатса, қазақ аударма өнерiнiң жұлдызы жоғары екендiгiне көзiмiз тағы да жете түскендей болар едi-ау! Тек аударма емес, асыл мұраларымызға да жанашырлықпен, ел болып, халық болып байсалды, басалқалы қарай алатындығымыздың айғағы болмас па едi! Жоқ, бiз шашылған несiбемiздi, төгiлген ырысымызды жинауға келгенде әлi де мимырттап жүрген секiлдiмiз. Әйтпесе, бүгiнгi сирек қолжазбалар қорында Шәдi төре, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, басқалардан қалған көзқимас дүниелер жоқ дегенге кiм иланар?

Дегенмен, қолжазбалар өртенбейдi деген сөзге сенгiң келедi. Жоғалса, қолжазба қадiрiн бiлетiн бiреулердiң қолында жүруi әбден мүмкiн. Олай болса, «Шахнаме» жалғасын бiр кезде ауылға алып кеткен Алмас Алматов аға да үн қатып қалар. Осындай үн қолжазбалар қорынан да естiлiп жатса құба-құп болар едi.

Ең бастысы, ақын-жазушы қолжазбалары халық мұрасы екендiгiн ұмытпайық.

Бөлісу: