Олжас Бектенов: Қазіргі сатып алу жүйесі бәрін тежеп отыр

12 Ақпан, 17:42 3308

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыра отырып, оларды түбегейлі жеңілдетуді және жеделдетуді тапсырды.

Үкімет басшысы қолданыстағы рәсімдер көбінесе мемлекеттік сатып алулар үдерісінің әдейі кешіктірілуіне әкеліп соқтыратынын, оның салдарынан жаңа жобаларды іске асыру және тұтастай алғанда экономиканың дамуы баяулайтынын атап өтті.

Мұндай жағдайда пәрменді түрде алға жылжу керек, өйткені қазіргі сатып алу жүйесі бәрін тежеп отыр. Конкурстарға шағымдану рәсімінің төңірегінде тұтас астыртын бизнестер пайда болды. Кейіннен бұл мәселеге қайта айналып соқпас үшін біз жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек, — деді Олжас Бектенов Үкіметтегі кеңесте.

Бұл ретте ол тиісті ынталандыру тетіктері арқылы сатып алулардағы отандық тауарлардың үлесін едәуір арттыру қажеттігіне тоқталды. Бұл – республикада әлі жолға қойылмаған жаңа өндірістерді қолдауға да қатысты мәселе.

Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде сарапшылармен және бизнес-қоғамдастықпен бірге қажетті шараларды пысықтауды, оларды Парламент қарауындағы заңнамалық түзетулерге енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ жиында QazTech мемлекеттік басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу және тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері қаралды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: