Олжас Бектенов: Мектептердің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз ету қажет

6 Тамыз, 12:00 563

Үкімет отырысында оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1 қыркүйек күні елімізде 4,5 млн білім алушы оқуға баратыны атап өтілді.

Білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз ету қажет. 1-ші қыркүйекке қарай жаңадан 61 мектеп ашу жоспарланып отыр. Мектептерді тапсыру бір бөлек, оларды оқушыларды қабылдауға дайындау үшін де үлкен жұмыс атқару керек. Ғимараттарға, оқу кабинеттеріне, асханаларға қойылатын барлық қауіпсіздік шарттарын, санитариялық-эпидемиологиялық және өртке қарсы талаптарды орындау қажет. Жылдамдығы жоғары Интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханаларды, спорт залдарын жабдықтау керек, — деп атап өтті Үкімет басшысы. Мұның бәрі тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына ғана емес, барлық білім беру нысандарына да қатысты қойылып отырған талап екенін баса айтты.

Сонымен бірге бірқатар өңірлердегі жекелеген оқу орындарының дайындығы алаңдаушылық туғызып отырғанына баса назар аударылды. жаңа оқу жылына дейін үлгермей қалу қаупі жоғары 7 құрылыс нысаны Ақтөбе облысында орналасқан. Премьер-Министр барлық күш-жігерді біріктіріп, салынып жатқан нысандарды іске қосып, күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ оқу жылы басталғанша, физика, химия, биология, робототехника бойынша мыңға жуық пәндік кабинет сатып алынуы керек.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: